ҚАЗАҚСТАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ҚАБЫЛДАУ ИНДЕКСІНДЕ ПОЗИЦИЯСЫН ТӨМЕНДЕТТІ, АЛАЙДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЕҢ ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШКЕ ИЕ

2026 жылғы 10 ақпанда Transparency International ұйымы 2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (Corruption Perceptions Index, CPI) жариялады. Зерттеу 182 ел мен аумақты қамтиды. Индекс 0-ден 100 балға дейінгі шкала бойынша есептеледі (0 – сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары, 100 – төмен). CPI нақты құқықбұзушылықтардың санын емес, сарапшылар мен бизнес өкілдерінің мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін өлшейді, сондықтан ол мемлекеттік басқару сапасының жанама индикаторы ретінде қарастырылады¹.
2025 жылғы қорытынды бойынша Қазақстан 39 балл жинап, 96-орынға орналасты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда елдің позициясы төмендеп, рейтингте кері динамика байқалды. Бұл сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейінің айтарлықтай жақсармағанын және жүргізіліп жатқан реформалардың халықаралық бағалауда жеткілікті деңгейде көрініс таппай отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар позицияның төмендеуі басқа елдердегі реформалардың қарқынды жүргізілуімен және рейтингтегі бәсекелестіктің күшеюімен де байланысты.
Соған қарамастан, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғары орынды сақтап отыр:

  • Қазақстан – 39 балл (96-орын)
  • Өзбекстан – 33 балл (121-орын)
  • Қырғызстан – 28 балл (146-орын)
  • Тәжікстан – 20 балл (162-орын)
  • Түрікменстан – 18 балл (170-орын)¹

Бұл Қазақстанның өңірлік деңгейде салыстырмалы түрде тұрақты позициясын көрсетеді. Мұндай нәтижелер мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру бағытындағы шаралардың әсерімен байланысты². Жаһандық контексте Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден (шамамен 43 балл) төмен, бұл институционалдық реформалардың сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді.
Халықаралық бағалауларға әсер ететін негізгі факторлар ретінде сот жүйесінің тәуелсіздігі, жоғары лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі, квазимемлекеттік сектордағы ашықтық және қоғамдық бақылау деңгейі қарастырылады. Цифрландыру мемлекеттік қызмет көрсетудегі тікелей байланыстарды азайту арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тиімді құралы болып саналады². Сарапшылардың пікірінше, Орта Азия мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлыққа көріністері «Collective Action» теориясына сәйкестендірілуде. Теория сыбайлас жемқорлықтың жүйелік сипатын түсіндіреді. Демек, қоғамда жемқорлық кең таралған және «қалыпты құбылыс» ретінде қабылданып, жеке антикоррупциялық шаралардың тиімділігі шектелуде. Бұл жағдайда институционалдық өзгерістермен қатар қоғамдық сенімді арттыру маңызды⁵.

 Қорытындылай келе, 2025 жылғы CPI нәтижелері Қазақстанның рейтингтегі позициясы төмендегенін көрсеткенімен, ел Орталық Азия өңірінде жетекші орнын сақтап қалды. Ұзақ мерзімді перспективада көрсеткішті жақсарту институционалдық реформаларды тереңдетуге, сот тәуелсіздігін күшейтуге, басқару ашықтығын арттыруға және қоғамдық сенімді нығайтуға байланысты.
Алдағы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігі нақты нәтижелермен қатар, қоғам мен халықаралық сарапшылардың оң қабылдауын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Менің ойымша, цифрландыруды кеңейту, мемлекеттік шешім қабылдау процестерінің ашықтығын арттыру және есептілік мәдениетін күшейту маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, қоғамның, әсіресе жастардың, адалдық пен ашықтық құндылықтарын қолдауы ұзақ мерзімді институционалдық өзгерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жүйелі әрі қоғамды сілкіндіретін реформалар жүргізілген жағдайда Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясын жақсартуға нақты мүмкіндігі бар.

Пайдаланылған әдебиеттер

Transparency International. Corruption Perceptions Index 2025. – Berlin: Transparency International, 2026. – URL: https://www.transparency.org

OECD. Anti-Corruption Reforms in Eastern Europe and Central Asia. – Paris: OECD Publishing, 2022.

North D.C. Institutions, Institutional Change and Economic Performance. – Cambridge: Cambridge University Press, 1990.

Klitgaard R. Controlling Corruption. – Berkeley: University of California Press, 1988.

Persson A., Rothstein B., Teorell J. Why Anticorruption Reforms Fail: Systemic Corruption as a Collective Action Problem // Governance. – 2013. – Vol. 26(3). – P. 449–471.


Нұрсұлтан Болатұлы