«БОЛАТ ЖІБЕК ЖОЛЫ» АРХИТЕКТУРАСЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ
«Бір белдеу, бір жол» бастамасының 2025–2026 жылдары тереңдеуі Орталық Азияның Еуразиялық байланыстылық архитектурасындағы рөлінің сапалық тұрғыдан өзгергенін көрсетеді. Егер бастапқы кезеңдерде аймақ негізінен Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік кеңістік ретінде қабылданса, қазіргі уақытта ол құрлықтық логистикалық жүйенің құрылымдық тораптарының біріне айналып келеді. Қытай–Еуропа бағытындағы теміржол тасымалдарының қарқындылығы 2025 жылы шамамен 34 000 рейсті және 3,17 млн TEU (жиырма футтық эквивалент) көлемін құрап, маршруттардың символикалық іске қосылу кезеңінен халықаралық жеткізу тізбектерінің тұрақты институттандырылған элементіне айналғанын аңғартады. Тасымал құрылымы да айтарлықтай өзгерді: күнделікті тұтыну тауарларынан жоғары технологиялы және капиталсыйымды өнімдерге, соның ішінде автокомпоненттер мен машина жасау өнімдеріне ауысу теміржол дәліздерінің жаһандық өндірістік желілерге кіріктірілгенін көрсетеді.
Орталық Азия үшін шешуші фактор – маршруттардың көпарналы конфигурациясының қалыптасуы. Транскаспий халықаралық көлік бағыты рөлінің күшеюі Қазақстан мен Каспий бағытының Еуразиядағы баламалы жол ретіндегі маңызын нығайтып, логистикалық тәуекелдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысының белсенді кезеңге өтуі оңтүстік маршрутқа стратегиялық бетбұрысты білдіреді. 2025 жылы негізгі тоннельдердің құрылысының басталуы жобаны саяси декларациялар деңгейінен нақты инфрақұрылымдық іске асыру кезеңіне көшірді. Бұл магистраль алғаш рет Қытайдан Орталық және Батыс Азияға тікелей құрлықтық дәліз қалыптастырып, Синьцзянды шеткері аймақтан тарату хабына айналдырады, ал Қырғызстан мен Өзбекстанды транзиттік аумақтан ықтимал логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарға трансформациялайды.
Дамудың жаңа кезеңі физикалық инфрақұрылым салудан институционалдық оңтайландыруға басымдықтың ауысуымен сипатталады. Алдын ала декларациялау және цифрлық деректер интеграциясы арқылы пойыздардың кедендік рәсімдеу уақытының 24 сағаттан 4 сағатқа дейін қысқаруы реттеушілік байланыстылықтың қалыптасуын көрсетеді. Xi'an қаласында теміржол жүкқұжаттарына қаржылық-несиелік функция беру бойынша жүргізілген эксперимент трансшекаралық сауданың транзакциялық шығындарын азайтуға және өтімділігін арттыруға бағытталған. Орталық Азия мемлекеттері үшін мұндай тетіктер Еуразиялық тасымалдардың қаржылық инфрақұрылымына тереңірек кірігу мүмкіндігін білдіреді.
Орталық Азия бағытының жетілгендігінің маңызды көрсеткіші – жаһандық логистикалық корпорациялардың белсенді қатысуы. Француздық CMA CGM тобы өзінің еншілес компаниясы CEVA Logistics арқылы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжанды қамтитын кешенді теміржол шешімдерін ілгерілетуде. Ұсынылып отырған модель контейнерлік жөнелтілімдерді (FCL және LCL), мамандандырылған блок-пойыздарды, энергетика мен машина жасау салаларына арналған жобалық логистиканы, сондай-ақ мультимодальды схемаларды біріктіреді. Дәліз экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті балама ретінде позицияланады: әуе тасымалынан 70%-ға дейін арзан және толық автотранзитке қарағанда шамамен 30%-ға тиімді, жеткізу мерзімі 16–22 күн. project44 секілді цифрлық платформаларды пайдалану ұзақ әрі күрделі трансшекаралық тізбектер жағдайында жеткізілімдердің ашықтығы мен басқарылуын күшейтеді. Осылайша Орталық Азия жаһандық жеткізу тізбектерін басқару стандарттарына интеграцияланып, тек географиялық дәліз ретінде ғана қалмайды.
Стратегиялық тұрғыдан транзиттік экономикадан индустриялық экономикаға көшу айрықша маңызға ие. Алғашында тасымал ағындарын қамтамасыз ету құралы болған инфрақұрылым біртіндеп өнеркәсіптік дамудың катализаторына айналуда. Теміржол желілері бойында индустриялық белдеулер қалыптастыру тәжірибесі дәліздердің өндірістік кластерлерді туындатып, қайта өңдеу мен құрастыру өндірістеріне инвестиция тартуға қабілетті екенін көрсетеді. Орталық Азия елдері үшін бұл құрғақ порттар, логистикалық орталықтар және индустриялық парктер маңында қосылған құнды қалыптастыруға бағытталған институционалдық және өнеркәсіптік саясатты жүргізуді талап етеді.
Жалпы алғанда, аталған үдерістер Орталық Азияның Еуразиялық интеграцияның желілік моделіндегі орнының өзгергенін айғақтайды. Көпарналы маршруттар жүйесі бір ғана транзиттік бағытқа тәуелділікті азайтып, бүкіл жүйенің тұрақтылығын арттырады және сыртқы күш орталықтары арасында стратегиялық маневр жасау мүмкіндігін кеңейтеді. Осылайша «Болат Жібек жолы» жекелеген инфрақұрылымдық жобалардың жиынтығынан кешенді логистикалық және институционалдық экожүйеге айналуда. Бұл конфигурацияда Орталық Азияның рөлі оның географиялық орналасуымен ғана емес, көліктік байланыстылықты ұзақ мерзімді экономикалық дамуға айналдыру қабілетімен айқындалады.