ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВТІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТУРЫ: АЙМАҚТЫҚ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ

Орталық Азия елдері арасындағы өзара сенімді нығайту, логистикалық байланыстарды тереңдету және мәдени-гуманитарлық үндестік қалыптастыру жолында Түркіменстанның Ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтың Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға жасаған сапары – тарихи маңызы бар дипломатиялық бастама болды.

Соңғы жылдары Түрікменстан өзінің "бейтараптық" сыртқы саясатын қайта форматтап, көршілес елдермен көпвекторлы, прагматикалық диалог орнатуға ұмтылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бердімұхамедовтің сапарлары – Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістердің тереңдеуіне ықпал ететін, мәдени, экономикалық және көлік-транзиттік жобаларды үйлестіруге бағытталған дипломатиялық қадам ретінде қарастырылуы тиіс.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің аймақ елдеріне сапары – Түрікменстанның геосаяси бейнесін жаңғыртуға және Орталық Азиядағы өз орнын қайта пайымдауға бағытталған маңызды әрі символдық қадам. Бұл Ашхабадтың тек «ішкі тұйықтықпен» шектелмейтінін, керісінше, өңірлік диалог пен өзара тәуелділікке негізделген прагматикалық әріптестікке дайын екенін айқын көрсетті.

Сапардың басты тақырыптарының бірі – көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды өзара үйлестіру болды. Түрікменстан өзінің географиялық орналасуы мен дамып жатқан логистикалық әлеуетінің арқасында Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс бағыттарындағы транзиттік хабқа айналу ниетін нақты көрсетті. Түркіменбашы порты, теміржол жобалары мен мультимодальды шешімдер арқылы ел транзиттік торапты нығайтуды көздейді. Бұл бастамалар Қазақстанның «Нұрлы жол», Өзбекстанның Андижан хабын дамыту және Қырғызстанмен шекаралық кооперация жобаларымен үндеседі.

Үш елдің көшбасшыларымен өткізілген келіссөздер аймақтық қауіпсіздік, тұрақты даму және инфрақұрылымдық байланысты нығайту мәселелерін талқылауға жол ашты. Тараптар ортақ экономикалық кеңістік қалыптастыруға, көлік дәліздерін біріктіруге және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделілік танытты. Сауда-саттықты кеңейту, шекара маңы саудасын жандандыру және бірлескен инвестициялық жобалар да басты назарда болды.

Энергетикалық ынтымақтастық саласында Түркіменстан газ және электр энергиясын тұрақты жеткізуді, сондай-ақ жасыл энергетика – сутегі қуаты мен көміртексіз технологиялар бағыттарын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұл тренд Орталық Азияны болашақ энергия картасында маңызды аймаққа айналдыруы ықтимал.

Бердімұхамедовтің сапары тек саяси-экономикалық мақсаттарды ғана емес, мәдени-рухани бірігуді де көздеді. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баруы – Түркі дүниесінің ортақ құндылықтарына көрсетілген құрмет пен рухани жақындастықтың белгісі. Қырғызстан мен Өзбекстанда да түркі мәдени мұрасын дәріптеу, жастар алмасуын кеңейту және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру тақырыптары қозғалды. Өзбекстанда Бердімұхамедовке "Достық" орденінің табысталуы және оның барысында айтылған тарихи-мәдени байланыстар туралы сөздер екіжақты қарым-қатынастың тереңдігін көрсетеді.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің Орталық Азияға жасаған сапары – бірқатар саяси және экономикалық келісімдерден бөлек, бүкіл аймақтың жаңа кезеңге аяқ басуын білдіреді. Түркіменстанның бейтараптық саясаты мен «жақындасу дипломатиясы» – Орталық Азия елдері арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың жаңа бағытын айқындап отыр. Бұл саяси тур Орталық Азияның бейбітшілік пен тұрақтылықты көздеген бастамаларын және интеграция мен қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аймақтық серіктестіктің тереңдеуі Орталық Азияның халықаралық саясаттағы орнын күшейтіп, алдағы жылдары тұрақты әрі тиімді қатынастардың негізін қалайды.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы