НЕЛІКТЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ӘЗЕРБАЙЖАН ҚАЖЕТ: КАСПИЙДЕН ЖАҢА ӨҢІРЛІК АРХИТЕКТУРАҒА ДЕЙІН

Алдыңғы материалда Каспий теңізі Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттерінің энергетика, көлік және экологиялық басқару салаларындағы мүдделері шоғырланатын стратегиялық кеңістік ретінде қарастырылған болатын. Осы тұрғыда келесі логикалық мәселе туындайды: егер Каспий өңірлік торап ретіндегі маңызын арттырып отырса, онда бұл торапты Орталық Азияның жаңа маршруттарға, нарықтарға және дербестік форматтарына қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді механизмге айналдыратын актор кім?

Қалыптасып отырған үрдістер бұл рөлдің барған сайын Әзербайжанға тиесілі екенін көрсетеді. Орталық Азия мемлекеттері үшін Әзербайжан тек Каспий маңындағы көрші ел ғана емес, сонымен қатар Орта дәліздің негізгі операторы, экспорттық бағыттарды әртараптандырудағы стратегиялық серіктес және өңірді Оңтүстік Кавказ бен Түркия бағыттарымен байланыстыратын саяси-коммуникациялық буын ретінде қарастырылады.

1. Логистика және өңірлік байланыстылық: Орталық Азияның сыртқы нарықтарға шығуы Баку арқылы жүзеге асады

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (TITR), немесе Орта дәліз, Қытай мен Орталық Азияны Каспий теңізі, Әзербайжан және Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропамен байланыстыратын маңызды транзиттік жүйе болып табылады. Соңғы жылдары бұл бағыт теориялық балама ретіндегі мәртебеден шығып, солтүстік және оңтүстік маршруттардың шектелуі жағдайында Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық байланыстылықты қайта құрылымдаудың нақты құралына айналды.

Аталған маршруттың негізгі ерекшелігі оның Каспийдегі теңіз учаскесімен ғана шектелмеуінде. Орта дәліздің тиімділігі транзиттік ағындарды бірыңғай логистикалық сервиске біріктіру қабілетіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Баку – Грузия – Түркия бағыты бойындағы Әзербайжанның порттық және теміржол инфрақұрылымы шешуші рөл атқарады. Аталған инфрақұрылым Орта дәліз арқылы жеткізу мерзімін бұрынғы 38–53 күннен 18–23 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Орта мерзімді перспективада бұл көрсеткішті 14–18 күнге жеткізу мақсаты қойылған.

Қазақстан және Орталық Азияның басқа да мемлекеттері үшін бұл бағыттың маңызы қосымша көлік дәлізінің пайда болуымен шектелмейді. Орта дәліз Ресей аумағы арқылы өтетін транзитке тәуелсіз түрде Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтарына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты маршруттың дамуы өңір елдері үшін сыртқы саяси маневр кеңістігін кеңейтетін факторға айналуда.

2. Энергетика және экспорттық әртараптандыру: ортақ стратегиялық мүдде

Энергетика саласында Әзербайжан, Қазақстан және Түрікменстанның мүдделері едәуір дәрежеде тоғысады. Үш мемлекет те көмірсутек ресурстарына ие бола отырып, экспорттық инфрақұрылымның шектеулілігіне және сыртқы нарықтардағы тәуекелдерге тәуелді. Осы жағдайларда экспорттық маршруттарды әртараптандыру өңірлік деңгейдегі стратегиялық басымдық ретінде қалыптасып отыр.

Қазақстан соңғы жылдары Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалын арттырып, оны әрі қарай Баку – Тбилиси – Джейхан (BTC) мұнай құбыры арқылы жеткізу көлемін ұлғайтуда. Бұл қадам Ресей аумағы арқылы өтетін бағыттарға тәуелділікті төмендетуге бағытталған. KazTransOil компаниясының деректеріне сәйкес, Қазақстан мұнайының BTC арқылы экспорты 2022 жылғы шамамен 250 мың тоннадан 2023 жылы 1,392 миллион тоннаға дейін өсіп, бес еседен астам артқан.

Бұл үрдістің институционалдық сипаты саяси деңгейде де расталуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий бағыты арқылы мұнай тасымалын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжанның ұлттық компаниялары арасындағы келіссөздер BTC және оған іргелес бағыттар бойынша тасымал көлемін одан әрі арттыру мүмкіндігін қамтиды.

Қытай бағытына тәуелділікті азайту стратегиясын іске асырып отырған Түрікменстан үшін де Әзербайжан бағыты көпвекторлы сыртқы-экономикалық саясаттың маңызды элементіне айналуда. Бұл Иранмен своптық операциялардан бастап, Каспий инфрақұрылымын пайдалану арқылы батыс және оңтүстік нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қамтиды. Осы конфигурацияда Әзербайжан бәсекелес емес, өңірлік экспорттық әртараптандыруды қамтамасыз ететін серіктес ретінде қарастырылады.

3. Экологиялық фактор: ортақ тәуекелдер және институционалдық өзара іс-қимыл

Каспий бағыты бойынша экологиялық мәселелер Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделерін қосымша түрде жақындастырады. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына, порттық инфрақұрылымға және жағалаудағы экожүйелерге тікелей әсер етіп, барлық жағалау елдері үшін ортақ тәуекелдер туындатуда.

БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының бағалаулары мен спутниктік мониторинг деректері Каспий теңізі деңгейінің 2000-жылдардың ортасынан бастап шамамен екі метрге төмендегенін көрсетеді. Климаттық үрдістер сақталған жағдайда бұл төмендеу жалғасуы мүмкін. Бірқатар сценарийлер бойынша ғасыр соңына қарай теңіз аумағының төрттен біріне дейін қысқару қаупі бар. Мұндай өзгерістер көлік, энергетика және жағалаудағы әлеуметтік-экономикалық жүйелерге тікелей ықпал етеді.

Орталық Азия үшін бұл Каспий бағыттарының орнықтылығы тек инфрақұрылымдық инвестициялармен шектелмейтінін білдіреді. Бұл мәселе экологиялық тәуекелдерді Әзербайжанмен бірлесіп басқаруды, сондай-ақ өңірлік үйлестіру тетіктерін дамытуды талап етеді. Осы тұрғыда Баку транзиттік әріптес қана емес, Каспийдің өңірлік байланыстылықтағы функционалдық рөлін сақтауға мүдделі теңқұқылы тарап ретінде көрінеді.

4. Саяси-институционалдық өлшем: Әзербайжанның өңірлік рөлі

Саяси практика деңгейінде Әзербайжан дәстүрлі түрде Оңтүстік Кавказ аймағына жатқызылғанымен, қазіргі кезеңде ол Орталық Азия – Каспий – Түркия кеңістігін қамтитын кеңейтілген өңірлік конфигурацияның құрамдас бөлігі ретінде қарастырыла бастады. Бұған Бакудың Қазақстан және Өзбекстанмен байланыстылықты арттыруға бағытталған бастамаларға қатысуы және көпвекторлы сыртқы саясат ұстанымы ықпал етуде.

Әзербайжан Түркиямен, Ресеймен, Еуропалық одақпен және Орталық Азия мемлекеттерімен қатынастарын қатаң одақтық міндеттемелерге байламай, өзінің транзиттік және энергетикалық әлеуетін барынша тиімді пайдалануға бағыттайды. Нәтижесінде ол Орталық Азия үшін логистикалық хаб қана емес, географиялық орналасуды саяси дербестік ресурсына айналдырудың институционалдық үлгісі ретінде де маңызды мәнге ие.

Сараптамалық және саяси деңгейдегі талқылауларда осы негізде «Орталық Азия плюс Әзербайжан» форматтары туралы идеялар қалыптасуда. Бұл форматтар Бакуды сыртқы платформа емес, Каспий маңы өңірінің табиғи жалғасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді және «Орталық Азия – Каспий – Оңтүстік Кавказ» үштағаны аясында ортақ тұрақтылық архитектурасын талқылауға жол ашады.

Әзербайжан өңірлік архитектураның шеткері элементі емес

Логистикалық, энергетикалық және саяси-экологиялық өлшемдерді кешенді түрде қарастырғанда, Әзербайжанның өңірлік торап ретіндегі рөлі айқындалады. Онсыз Орталық Азияның сыртқы әлеммен жаңа байланыстылық архитектурасы толыққанды қалыптаса алмайды. Бұл тұрғыда Каспий «аралық кеңістік» мәртебесінен шығып, мүдделер мен тәуекелдер тоғысатын функционалды өңірге айналады, ал Әзербайжан осы тоғыстарды нақты жобалар мен институттарға айналдыра алатын негізгі актор ретінде көрінеді.

Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттері үшін «Әзербайжан қажет пе?» деген сұрақ біртіндеп «Әзербайжанға өңірлік стратегияда қандай рөл беруге дайынбыз?» деген нақтырақ тұжырыммен алмастырылуда. Бұл сұраққа берілетін жауап Орталық Азия, Каспий және Оңтүстік Кавказды қамтитын жаңа өңірлік конфигурацияның тұрақтылық көзіне айналуына тікелей әсер етеді.

Шакирова Меруерт Ертелеуқызы