ОРТАЛЫҚ АЗИЯ +

«Орталық Азия+» форматы ұйым немесе саяси басқа да құрылымдық бірлестік, қауымдастық емес. Яғни, ешкімді өзінің мемлекеттік мүддесінен асып, міндеткерлік деңгейде шешімдер қабылдауға итермелемейді, турасын айтқанда «тәуелсіздік» түсінігіне қатер тудырмайды. Екінші жағынан, Орталық Азияның жеке ықпалды ұйым болып кетуіне мүдделі емес ойыншылардың да жүйкесіне тікелей салмақ салмайды. Бастысы, Халықаралық саяси сахнада біртұтас аймақ ретінде әрекет ету мүмкіншілігін бере алады.

Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиянь), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді[1]. 2024 жылы Астана қаласында алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті де өткен болатын.

Тарқатыңқырап айтатын болсақ, 2022 жылы қазан айының 14-ші жұлдызында Астана қаласында «Орталық Азия + Ресей» алғашқы мемлекет басшылары деңгейіндегі ресми саммиті өткен болатын. 2019 жылдан бері қолданылып келе жатқан формат барысында осығанға дейін тек Сыртқы Істер министрі деңгейінде жүргізілген болатын. Саммит барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – аймақтың бес мемлекеті мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстарды ары қарай күшейту, сауда-экономикалық қатынастарды ағымдағы кедергілерді жеңілдету болды. Сонымен қатар, Ауғанстандағы жағдай талқыланып, Орталық Азияның қауіпсіздік мәселелері де талқыланған болатын. РФ СІМ Сергей Лавров мырза өзіңің 2024 жылдың 2 қыркүйегінде берген сұқбатында Ресей «Орталық Азия + Ресей» екінші саммитіне тыңғылықты дайындалып жатқандығын жеткізді[2]. Өз пікірінде Орталық Азия аймағына жетекші ойыншылар өз ықпалдарын арттыру үшін талас жүргізіп жатқандығын білдірді.

Орталық Азияның Ресеймен екінші саммиті әлі даярланып жатқанда «Орталық Азия + Германия» екінші саммиті өтіп үлгерді. Германия канцлері Олаф Шольц қатысқан саммиттің күн тәртібіндегі мәселелердің бастысы климаттың өзгеруі және аймақтағы су-энергетикалық мәселелер сияқты болып көрінгенімен, негізгі түйткіл аймақтағы Еуропалық Одақтың ықпалын арттыру арқылы жаңа энергоресурстарға қол жеткізу еді.

Күннен-күнге Оңтүстік Азия аймағындағы ықпалы артып келе жатқан Үндістанмен де онлайн форматта болса да саммит өтті. Орталық Азияның оңтүстік Азия нарығына шығу мәселелері, халықаралық көлік дәліздерін әртараптандыру және керісінше Үндістанның Орталық Азия нарығына кіру үлесін арттыру мәселелері талқыланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында болса «Орталық Азия + АҚШ» саммиті де Нью-Йорк қаласында орын алды. АҚШ сыртқы саясатында Орталық Азия аймағы қатты басым бағыт болмағанына қарамастан, халықаралық қатынастардың белсенді қатысушысы АҚШ та аймақта өзінің таласы бар екендігін көрсетіп қалды. Бір қарағанда Орталық Азияға бәсекелесетін ойншылар арасында жоқ сияқты көрінетін Жапонияның өзі 2024 жылы «Орталық Азия + Жапония» саммитінің Астана қаласында өтуіне түрткі болды. «Орталық Азия + Қытай» форматындағы саммит және арнайы Сиянь қаласындағы хатшылықтың ашылуы бір бөлек әңгіме.

Бір жағынан, осы форматтағы қатынастардың артуы, аймаққа қатысты кейбір түйткілді мәселелердің сәл де болса осы формат арқасында алға жылжуы «Орталық Азия +» формуласының тиімділігін сипаттайды. Екінші жағынан, Халықаралық қауымдастық аймақты біртұтас субъект ретінде көре бастады. Дегенмен, саммиттердің бірінен кейін бірінің өтуі, ірі ойыншылардың аймақ мәселелеріндегі белсенділігі Орталық Азияның «ірі ойыншылар» арасында тартыс алаңына айналып кету қауіпі бар екендігін де көрсетеді.

Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық! 

Жекенов Думан Құрманғазыұлы


[1] https://www.akorda.kz/kz/ortalyk-aziya-renessansy-ornykty-damu-zhane-orkendeu-zholy-1272146

[2] https://tass.ru/politika/21743707// Лавров: Россия готовит второй саммит со странами Центральной Азии