Орталық Азия неге кедей?
Неге бір мемлекеттер бай, ал басқалары кедей күйде қалып отыр? Бұл сұраққа Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон өздерінің әйгілі «Why Nations Fail» еңбегінде институционалдық тұрғыдан жауап береді. Авторлардың негізгі тезисі – елдердің табысты немесе сәтсіз болуы географияға, табиғи ресурстарға немесе технологияға емес, ең алдымен саяси және экономикалық институттардың сапасына байланысты.
Олар «инклюзивті» және «экстрактивті» институттар ұғымын енгізді. Инклюзивті институттар қоғам мүшелеріне саяси және экономикалық өмірге тең қатысу мүмкіндігін береді, жеке меншік құқығын қорғайды, бәсекеге жол ашады. Ал экстрактивті институттар билік пен ресурстарды тар элитаның қолына шоғырландырып, халықтың көпшілігін шешім қабылдау үдерісінен шеттетеді. Авторлардың пікірінше, мемлекеттердің тарихи даму жолын дәл осы айырмашылық айқындаған.
Бұл теория тарихи-компаративті әдіске сүйенеді. Мысалы, Англиядағы 1688 жылғы «Даңқты революция», АҚШ-тағы конституциялық жүйе, Латын Америкасындағы отарлық басқару немесе Африкадағы постколониялық режимдер институционалдық өзгерістер арқылы түсіндіріледі. Осы тұрғыдан алғанда, еңбек саясаттану, экономика және тарих ғылымдарының тоғысында тұрған іргелі зерттеу саналады.
2024 жылы Аджемоглу мен Робинсон Саймон Джонсонмен бірге экономика саласындағы Нобель сыйлығын алды. Осыдан кейін «Орталық Азия неге кедей?» деген сұрақ заңды түрде туындайды. Бұл теория біздің аймаққа қаншалықты сәйкес келеді? Қандай тұстары толық ашылмай қалған?
Аталған еңбектегі басты даулы тұстардың бірі – географиялық факторлардың екінші орынға ысырылуы. Ал Орталық Азия жағдайында география мемлекеттің дамуында шешуші рөл атқарып келеді. Аймақ елдерінің теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, көлік-логистикаға тәуелділігі жоғары, кең шөлейт пен таулы аймақтар экономикалық байланыстарды қиындатады.
БҰҰ деректеріне сәйкес, теңізге тікелей шыға алмайтын елдердің әлемдік саудадағы үлесі шамамен 1% ғана. Ал сараптамалар мұндай мемлекеттердің даму қарқыны теңіз жолдары бар елдерден орта есеппен 20%-ға баяу екенін көрсетеді. Орталық Азия үшін тасымал шығындары импорттық тауар құнының 60%-ына дейін жетуі мүмкін. Бұл жағдай экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Екінші маңызды мәселе – климаттың өзгеруі. Орталық Азия – жаһандық жылынудан ең қатты зардап шегетін аймақтардың бірі. ХВҚ мәліметтері бойынша, соңғы 30 жылда өңірдегі температура орташа әлемдік көрсеткіштен екі есе жылдам көтерілген.
Нәтижесінде мұздықтар еріп, су ресурстары азайып келеді. БҰҰ болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай аймақ елдері су тапшылығының жоғары деңгейіне тап болады. Амудария мен Сырдария өзендерінің деңгейі 2050 жылға қарай 15%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі мен демографиялық үрдістерге тікелей әсер етеді.
Үшінші сын – мәдени факторларды жеткілікті есепке алмау. Аджемоглу мен Робинсон моделі негізінен батыстық даму жолына сүйенеді. Ал Орталық Азия қоғамдарының тарихи негізінде көшпелі мәдениет, рулық құрылым, ислам өркениетінің ықпалы жатыр. Бұл ерекшеліктер биліктің легитимділігі мен әлеуметтік келісімнің өзіндік формаларын қалыптастырды. Мұны тек «инклюзивті» немесе «экстрактивті» деген екі ұғымға сыйғызу қиын.
Төртінші мәселе – институттарды екіге ғана бөліп қарастыру. Орталық Азия елдерінде посткеңестік кезеңде нарықтық қатынастар енгізілді, демократиялық институттар құрылды. Бірақ сонымен қатар билік элита қолында сақталып қалды. Бұл жүйені біржақты инклюзивті немесе экстрактивті деу мүмкін емес. Аймақтық институттар гибридті сипатқа ие.
Тағы бір маңызды жайт – сыртқы державалардың әсері. Ресей, Қытай, сондай-ақ жаһандық экономикалық үрдістер Орталық Азияның даму бағытына тікелей ықпал етеді. Ал Why Nations Fail еңбегінде сыртқы факторлар шектеулі деңгейде қарастырылады. Біздің аймақта бұл – шешуші факторлардың бірі.
«Орталық Азия неге кедей?» деген сұраққа жауап іздей отырып, тағы бір теориялық модельге назар аударуға болады. Қырғыз Республикасының экс-президенті Асқар Акаев пен Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий бірлескен еңбектерінде экономикалық серпілістің негізгі факторы ретінде демографиялық өсім қарқынын көрсетеді.
Олардың пайымынша, халық санының көп болуы емес, оның өсу темпі, орташа жастың жас болуы және сауаттылық деңгейінің артуы қатар келген кезде экономикалық серпіліс болады. Мысалы, Жапония экономикасының тоқырауы демографиялық өсімнің баяулауымен байланыстырылады. Ал Қытайдың тұрақты дамуы осы факторлармен түсіндіріледі.
Бұл тұрғыдан алғанда, Орталық Азияда оң үрдістер бар. Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемдегі алдыңғы елдердің қатарына енді. Халықтың орташа жасы жас, соңғы он жылда туу көрсеткіші жоғары болды. Бұл – Акаев моделіндегі үш фактордың сәйкес келіп отырғанын көрсетеді.
Сарапшылар алдағы 10–15 жылда аймақта экономикалық серпіліс болуы мүмкін деп болжайды. Алайда саяси және экономикалық институттардың әлі де экстрактивті сипаты сақталса, Аджемоглу мен Робинсон болжамына сәйкес тұрақты даму қиынға соғады.
Акаев моделіндегі тағы бір маңызды тұс – өндірістік қабілет. Бүгінде әлем нарықтық экономикадан цифрлық экономикаға көшті. Ал цифрлық экономиканың басты өнімі – ақпарат.
Сондықтан Орталық Азия үшін негізгі міндет – ақпаратты тұтынушы ғана емес, өндірушіге айналу. Ғылыми еңбектер, сараптамалық зерттеулер, теориялық мектептер қалыптасуы қажет. Ақпаратты батыстан көшіріп қана қоймай, өзіміз ғылыми «өнім» шығаруымыз керек. Халықаралық қатынастар, экономика, саясаттану салаларында Орталық Азия тілдерінде мыңдаған еңбектер жазылып, ғылыми айналымға енуі тиіс.
Аджемоглу мен Робинсон теориясы маңызды әрі пайдалы, бірақ Орталық Азия шындығын толық түсіндіру үшін оны кеңейту қажет. География, климат, мәдени-өркениеттік ерекшелік, демография және сыртқы факторлар міндетті түрде ескерілуі тиіс. Аймақтың болашағы – институттарды реформалаумен қатар, цифрлық дәуірде өз интеллектуалдық өнімін өндіре алу қабілетіне байланысты.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді