ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЖАҢА ӨҢІРЛІК АРХИТЕКТУРАСЫНДАҒЫ ӘЗЕРБАЙЖАН

Алдыңғы материалда Каспий теңізі Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттерінің энергетика, көлік және экологиялық басқару салаларындағы мүдделері шоғырланатын стратегиялық кеңістік ретінде қарастырылған болатын. Осы тұрғыда келесі логикалық мәселе туындайды: егер Каспий өңірлік торап ретіндегі маңызын арттырып отырса, онда бұл торапты Орталық Азияның жаңа маршруттарға, нарықтарға және дербестік форматтарына қол жеткізуін қамтамасыз ететін тиімді механизмге айналдыратын актор кім?

Бүгінде Баку бір мезгілде бірнеше өңірлік өлшемде өмір сүріп отыр. Ол Оңтүстік Кавказдың бір бөлігі болып қала бергенімен, Орталық Азияның өзегіне және Каспийден Жерорта теңізіне дейін созылатын кең еуразиялық белдеуге барған сайын тереңірек кірігуде. Орталық Азия үшін бұл – өз субъектілігін күшейтіп, дәстүрлі «құрлықтық» география шеңберінен шығуға мүмкіндік. Ал Әзербайжан үшін – «Кавказдың шағын ойыншысы» мәртебесінен еуразиялық макроөңірдің маңызды түйіні деңгейіне көтерілу жолы.

Шақырылған әріптестен «алтыншы мүше» мәртебесіне дейін

Жақын уақытқа дейін Әзербайжан Орталық Азияда маңызды, бірақ сыртқы әріптес ретінде қабылданды. Каспийдегі көрші және транзиттік аумақ, алайда «клубтың» толыққанды бөлігі емес. Ынтымақтастық форматтары көбіне «С5+1» логикасымен құрылды: Орталық Азияның бес мемлекеті және сыртқы акторлар – Ресей, Қытай, ЕО, АҚШ, Түркия, Парсы шығанағы елдері. Әзербайжан да, әдетте, осы қатарда қарастырылды.

Бұрылыс Орталық Азия көшбасшыларының консультативтік кездесулері тұрақты саяси тетікке айналған сәттен басталды. Осы үдеріс аясында Әзербайжанның мұндай кездесулерге қатысуы жай дипломатиялық қадам емес, Орталық Азияның географиялық ауқымының кеңейіп жатқанын білдіретін саяси сигналға айналды. «Алты ел форматы» туралы тұжырымдар пайда болып, Әзербайжан шақырылған қонақ емес, іс жүзіндегі «алтыншы қатысушы» ретінде қарастырыла бастады.

Сараптамалық орталықтар Бакудың қосылуы форматтың геосаяси «салмағын» арттыратынын атап өтеді: «С5»-тің «С6»-ға айналуы оны еуразиялық саясаттағы анағұрлым салмақты акторға айналдырады. Орталық Азия үшін бұл – макроөңірлік субъектілікке қарай жасалған қадам болса, Әзербайжан үшін – Оңтүстік Кавказдың тар шеңберінен шығу мүмкіндігі.

 

Инфрақұрылымдық өзек: коридорлық архитектура ішіндегі Әзербайжан

Саяси деңгейде Әзербайжан «алтының» бөлігі ретінде енді ғана айқындала бастаса, инфрақұрылымдық шындықта ол Орталық Азияны сыртқы әлеммен байланыстыратын архитектураның ортасында әлдеқашан тұр. Транскаспий бағыты мен Орта дәліз – картадағы абстрактілі сызықтар емес, Бакудың шешуші түйін рөлін атқаратын нақты материалдық қаңқа.

Зерттеулер мен сараптамалар Орта дәліздің әзербайжандық бөлігінен Орталық Азиядан Еуропа мен Түркияға бағытталған транскаспийлік жүк ағындарының едәуір бөлігі өтетінін көрсетеді. Осылайша Баку өңірдің жаһандық нарықтарға шығатын «қақпасына» айналуда. Бұл Әзербайжанның мәртебесін де өзгертеді: ол енді жай транзиттік аумақ емес, ортақ стандарттар, тарифтер мен даму басымдықтары қалыптасатын коридорлық жүйенің бірлескен архитекторына айналып отыр.

Осылайша «қатты» инфрақұрылым деңгейінде Әзербайжан Орталық Азияның өңірлік архитектурасының ішінде әлдеқашан бар. Саяси карталар оны әлі де Оңтүстік Кавказға жатқызуы мүмкін, алайда көлік, энергетика және байланыс карталары Бакуды Орталық Азияның функционалдық денесіне енгізіп үлгерді.

 

Символдық шекаралар: «Орталық Азия + Әзербайжан» жаңа макроөңірі

Саяси шешімдер мен инфрақұрылымдық жобалар әлдеқайда нәзік сұраққа алып келеді: бүгінде Орталық Азия өңірі қай жерден аяқталады? Бірқатар зерттеулер «Central Asia + Azerbaijan» атты жаңа макроөңірдің қалыптасып келе жатқанын тікелей атап көрсетеді. Бұл модельде Каспий белдеуі бірыңғай инфрақұрылымдық-экономикалық және саяси контурға айналады. Оның өзегінде бес орталықазиялық мемлекет тұрса, Әзербайжан Оңтүстік Кавказды, Түркияны, ЕО мен Таяу Шығысты байланыстыратын «алтыншы түйін» қызметін атқарады.

Баку үшін бұл – тек кавказдық күн тәртібімен шектелмей, өзін кең еуразиялық кеңістіктің бір бөлігі ретінде таныту мүмкіндігі. Ал Орталық Азия үшін – құрлықтың түкпірінде «тұйықталған» өңір бейнесінен шығып, каспийлік әріптестер арқылы теңіздер мен жаһандық нарықтарға бағытталған макроөңірге айналу жолы.

 

Жаңа архитектураның тәуекелдері мен шектеулері

Сонымен бірге жаңа архитектура мүмкіндіктермен қатар бірқатар шектеулерді де айқындайды. Біріншіден, институционалдық деңгей әлі де «жұмсақ»: С5/С6 форматы консультативтік кездесулерге, бірлескен декларацияларға және жобалық үйлестіруге негізделген, бірақ қуатты ұлтүстілік институттарға сүйенбейді. Бұл интеграция тереңдігін саяси элиталардың еркі мен сыртқы конъюнктураға тәуелді етеді.

Екіншіден, Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның мүдделері барлық бағытта толық сәйкес келе бермейді. Экономикалық модельдері, сыртқы әріптестерге бағдарлануы (ЕО, Қытай, Ресей, Түркия, Парсы шығанағы елдері) және қауіпсіздікке көзқарастары әртүрлі. Бұл жағдай синергиялармен қатар транзиттік маршруттар, инвестициялар мен әскери-саяси форматтар төңірегінде жасырын бәсекелестік алаңын қалыптастырады.

Үшіншіден, «Орталық Азия – Әзербайжан – Түркия» байланысының күшеюі Иран сияқты балама «көпірлермен» бәсекені ушықтырады. Бұл сыртқы ойыншылар үшін ықпал проекциясының жаңа алаңын ашса, өңір мемлекеттері үшін неғұрлым нәзік теңгерім саясатын талап етеді.

 

Әзербайжан – макроөңірдің «алтыншы түйіні»

Жалпы алғанда, Әзербайжан барған сайын сыртқы әріптеске емес, Орталық Азияның ішкі архитектурасының және жаңа еуразиялық макроөңірдің құрамдас элементіне ұқсай түсуде. Оның рөлі екіжақты: бір жағынан, Орталық Азияны Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропамен байланыстыратын түйін; екінші жағынан, Орталық Азияның өзін ауқымдырақ құрылымның бөлігі ретінде ойлауға қаншалықты дайын екенінің сынағы.

«Орталық Азияның жаңа өңірлік архитектурасында Әзербайжан қай жерде тұр?» деген сұраққа бүгінгі жауап мынадай: ол – қазірдің өзінде ішінде, бірақ қиылысында. Бұл Орталық Азияға толық сіңіп кету де емес, жай көршілік те емес, бірнеше өңірдің мүдделері мен маршруттары түйісетін макроөңірдің «алтыншы түйіні» рөлі. Дәл осы түйіннің тұрақтылығы Орталық Азия айналасында қалыптасып келе жатқан жаңа өңірлік архитектураның беріктігін айқындайтын фактор болмақ.


Меруерт Ертелеуқызы Шакирова