РЕСЕЙ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ГЕОСАЯСИ БӘСЕКЕЛЕСТІК ПЕ, ӘЛДЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ПЕ?
2025 жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресми сапармен Өзбекстанға келді. Екіжақты және аймақтық мәселелердің кең ауқымын қамтыған бұл сапар Ресейдің Орталық Азиядағы үдерістерге белсенді араласуын тағы бір мәрте көрсетті. Сонымен қатар, Лавровтың бұл сапары Мәскеудің Батыстың аймақтағы ықпалының артуына алаңдаушылығын білдірген өткір саяси мәлімдемелерімен ерекшеленді.
Лавровтың Самарқандқа сапары: протоколдық нормалар мен егемендік мәселелері
22–23 сәуір күндері Өзбекстанда өткен Сергей Лавровтың сапары дипломатиялық жетістіктерге қарағанда қоғамдық резонанс тудырды. Ресми түрде президент Шавкат Мирзиёевпен және Сыртқы істер министрі Бахтияр Саидовпен кездесулер өтіп, стратегиялық мәселелер мен өңірлік күн тәртібі талқыланды. Алайда сапар барысында болған даулы жайттар кездесу нәтижелерін көлеңкеде қалдырды.
Саидовтың протоколға сай құшақтау ишарасын елемеуімен байланысты оқиға әуежай баспалдағының өзінде-ақ сынның нысанына айналды. Лавровтың бұл әрекеті өзбек дипломатиясына деген немқұрайлық әрі құрметсіздік ретінде қабылданды. Шығыс мәдениетінде, әсіресе Өзбекстанда, мұндай жайттардың мәні зор.
Ресей көпвекторлы саясатты қолдайды, бірақ «араласуға» қарсы
Самарқандта журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Сергей Лавров Ресейдің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық форматтарының саясилануына, сондай-ақ сыртқы ойыншылардың аймақта үстемдік орнатуға талпынысына қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ұмтылыстар, әсіресе, Еуропалық одақ тарапынан байқалады. Министр ЕО-ны Орталық Азия мемлекеттерінде «антиресейлік күн тәртібін» алға тартып, мемлекеттік құрылымдарға ықпал етуге бағытталған бағдарламалар арқылы әрекет етуде деп сынға алды.
«Біз одақтастарымыз бен стратегиялық әріптестеріміздің көпвекторлы саясат жүргізуіне қарсы емеспіз, — деді Лавров. — Бірақ кейбір Батыс елдері өз мүдделерін көздей отырып, өзара тиімді жобалар ұсынуға аса ниетті емес».
Бұл мәлімдемелер сол айдың басында Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммиті аясында айтылды. Саммит барысында сауда, көлік, энергетика және цифрлық байланыс салаларында стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған декларация қабылданған болатын.
«Орталық Азия + Ресей» саммиті: баламалы алаң
ЕО-ның аймақтағы белсенділігіне жауап ретінде Ресей «Орталық Азия + Ресей»форматында келесі саммитті өткізуді жоспарлап отыр. Лавровтың айтуынша, бұл саммит 2025 жылдың қазан айында Тәжікстан астанасы Душанбеде өтетін ТМД саммиті аясында ұйымдастырылады. Мәскеу бұл форматты «өзара тиімді ынтымақтастық» және «тең құқықты серіктестік» қағидаттарына негізделген балама дипломатиялық алаң ретінде қарастырады.
Өзбекстан мен Ресей: экономикалық тұрақтылық және мәдени диалог
Сапар аясында Сергей Лавровты Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қабылдады. Кездесу барысында тараптар 2024 жылы 10 миллиард АҚШ долларынан асқан екіжақты сауда көлемін, Ресей тарапынан тартылған 13 миллиард доллардан астам инвестицияны, сондай-ақ өнеркәсіп, логистика, электронды сауда салаларындағы бірлескен жобалардың қарқынды дамуын атап өтті.
Сонымен қатар, ғылым, білім, денсаулық сақтау, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл – аймақтағы бәсекелестік жағдайында Ресейдің «жұмсақ күш» құралдарын пайдалануға деген ұмтылысының айқын көрінісі.
«Ана — ең қасиетті»: символдар дипломатиясы
Сергей Лавров Самарқандтағы «Қайғы жұтқан ана» мемориалында орыс тіліндегі жазудың болмауына қатысты пікір білдіріп, бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Министр ағылшын тіліндегі жазу бар екенін, ал орыс тіліндегі жазудың болмауын сатиралық түрде атап өтіп, бұл жағдай Самарқанд сияқты тарихи тұрғыдан орыс тілді халық мекендеген және мәдени көпір рөлін атқаратын қала үшін орынсыз екенін айтты.
Бұл пікір Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі мәдени және тілдік ықпалын дипломатиялық тұрғыда еске салу әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Әсіресе, аймақта тіл саясаты барған сайын сезімтал тақырыпқа айналып отырған қазіргі кезеңде бұл мәселе ерекше маңызға ие.
Қорытынды
Сергей Лавровтың Самарқандқа сапары Орталық Азияда дәстүрлі және жаңа сыртқы ойыншылар арасындағы геосаяси бәсекелестіктің артып келе жатқанын айқын көрсетті. Ресей өзін аймақтың тарихи әрі стратегиялық әріптесі ретінде ұсынуды жалғастырып, Батыстың бастамаларына барған сайын белсенді түрде жауап қайтаруда және оларды өз мүдделеріне төнген қауіп ретінде қабылдайды. Сонымен қатар, Мәскеу экономикалық жобаларға, гуманитарлық ынтымақтастыққа және символдық дипломатияға сүйену арқылы аймақтық ықпалын сақтап қалуға күш салуда — бұл қазіргі сыртқы саясатының негізгі тетіктерінің бірі болып отыр.
Апсаттарова Гулзада Абдусагатовна
«Central Asian Dream» жобасының
Өзбекстан бойынша сарапшысы