С. ЛЕБЕДЕВ, Н. ЕРМЕКБАЕВ, Қ. САРЫБАЙ, Х. ТАХА, К. ОМУРАЛИЕВ, И. ТАСМАҒАМБЕТОВ және Б. САҒЫНТАЕВ.
Бұл саяси тұлғаларды біріктіретін – Орталық Азиялық мемлекеттер мүшелік ететін халықаралық немесе аймақтық ұйымдардың бас хатшылығы. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында (ТМД) – Сергей Лебедев; Шанхай ынтымақтастығы ұйымында (ШЫҰ) – Нұрлан Ермекбаев; Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңесінде (Азия Кеңесі) – Қайрат Сарыбай; Ислам ынтымақтастығы ұйымында (ИЫҰ) – Хусейн Ибрахим Таха; Түркі мемлекеттер ұйымында (ТМҰ) – Кубанычбек Омуралиев; Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында (ҰҚШҰ) – Иманғали Тасмағамбетов; Еуразиялық экономикалық одақта (ЕЭО) – Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта Бас хатшылық қызметтерін атқарады.
Біз тізімдеп отырған ұйымдарда Орталық Азиялық мемлекеттер мүше, бақылаушы, тіпті негізін қалаушы болып табылады. Алдыңғы мақаламызда «Орталық Азияға интеграция керек емес» деген едік. Негізгі тұжырымымыз – интеграция «тәуелсіздік» түсінігіне сын-қатер болуы мүмкін дегенбіз. Орталық Азиялық «бесеу» жеке ұйым құруға дайын болмағанымен, біз тізімдеп отырған ұйымдардың белсенді қатысушылары. Мәселен, ТМД-да Түрікменстан 2005 жылдан беру бақылаушы (қауымдастырылған мүше) болса, қалған төрт мемлекет толық мүшесі. ШЫҰ-да Түрікменстаннан басқа төртеуі толық мүшесі (Түрікменстан – саммиттерге құрметті қонақ ретінде шақыртылып отырады). Азия Кеңесінде де Түрікменстан бақылаушы, қалған төртеуі толық мүше. ИЫҰ-да аймақтың бес мемлекеті де толық мүше болып табылады. ТМҰ-да Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан толық мүшесі, Түрікменстан бақылаушы мемлекет болып табылса, Тәжікстан Республикасы этникалық алшақтығына байланысты мүше емес және мүше болу мүмкіндігі де жоқ. ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикалары мүше болып табылады. ЕЭО-да тек Қазақстан мен Қырғызстан мүше болып табылады.
Жоғарыдағы барынша қысқартылған ақпаратымыз екі сұрақты туындатады. Орталық Азиялық жеке ұйым құруға селсоқ қарайтын аймақ мемлекеттері неге басқа ұйымдарға мүше болуға құштар? Ұйымдардың әралуандығы, әр ұйымның өз «ықпалды» көшбасшысының болуы, ұйымдарға кейде 2-ден, кейде 3-тен, кейде 4-тен мүшелікте болуы – аймақтың бірлігіне зиян келтірмейді ма?
Әрине, халықаралық саяси сахнада өз мақсаттары мен жоспарлары аясында жұмыс атқарып жатқан ұйымдардың қызметін сынаудан мүлде аулақпыз. Сұрақ тек Орталық Азияның «бірлігі» мәселесінде. Мәселен, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында орасан зор жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, тәжік ағайындарға «сен түркі емессің, парсысың» деп этникалық ерекшелікке қарай бөлу, Орталық Азияның тұтас аймақ ретінде қалыптасуына қаншалықты зиян келтіруі мүмкін? Немесе, қазақ пен қырғыздың Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп алып, қалған үшеуімен сауда жасауда туындап отырған кедергілер ше? ҰҚШҰ-да үш мемлекеттің мүшелікте болуы, Өзбекстан мен Түрікменстан Республикаларының болмауы тұтас аймақтың әскери қауіпсіздік мәселесіндегі бірлігіне қалай әсер етеді?
Көпжақты дипломатия – сөзсіз пайдалы құрал. Халықаралық қатынастардың «ірі ойыншыларымен» түрлі сұрақтарды реттеуде Орталық Азиялық жас мемлекеттер үшін түрлі платформалардың болуы, оның үстіне Бас Хатшылық қызметтерде ел азаматтарының отыруы ұтымды қадамдар. Біз тізімдеген 7 ұйымның төртеуінде қазақстандық, біреуінде қырғыз дипломаты Бас хатшылықта. Бірақ ТМД арқылы Ресей, ШЫҰ арқылы Қытай өзінің аймақтағы «салмақтарын» арттыруды көздейтінін де ұмытпауымыз керек.
«Ортақ тарихымыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бен тату көршілік дәстүріміз бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түсетін мызғымас тұғыр болып қала беретіні анық[1]»-деген тұжырымды жасай отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаев «Орталық Азия +» форматының маңызын атап өтті.
Халықаралық саяси сахнада Орталық Азияның тұтас субьектіге айнала алуының қазіргі тура жолы шынымен «Орталық Азия +» форматы болып тұр. Мәселен «Түркі мемлекеттері ұйымы» дегеннен, «Орталық Азия+Түркі мемлекеттері» деп қарастыру Тәжікстанның осы бағыттағы қатынастарында ұтымды болар еді. Қалай дегенмен де, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындармай салқынқанды саясат жүргізудің жолы – «Орталық Азия+» форматы болып тұр.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы