САДЫР ЖАПАРОВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ
Ағымдағы жылдың 3-10 ақпан аралығында Қырғыз Республикасында болған айшықты оқиғаларды тарқататын боламыз.
Мәдениет министрлігі Қырғыз Республикасының мемлекеттік әнұранының мәтіні мен музыкасының жаңа нұсқасына байқау жариялайтын болады. Бұл туралы ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы барысында ведомство басшысының орынбасары Тимурлан Ажымалиев ресми мәлімдеді. Байқаудың негізгі мақсаты-халықтың тарихи мұрасы, бірлігі мен мәдениетін көрсететін туынды жасау. Қатысуға ақындар, композиторлар, музыканттар және шығармашылық топтар шақырылады. Жаңа әнұран 2025 жылдың сәуіріне дейін қабылдануы тиіс.
Сонымен қатар, елдегі білім беру және ғылым саласының сапасын арттыру мақсатына бағытталған іс-шаралар толассыз жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, Қырғызстанда ғылыми қызметкерлердің жалақысы көтерілетін болады. Арнайы министрлер Кабинетінің қаулысының жобасы дайындалды және білім министрлігінің хабарлауынша, ғылыми қызметкерлердің жалақысын 100 пайызға, оның ішінде лауазымдық жалақы коэффициентін 50 пайызға арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен аптада Министрлер кабинеті жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын қаржыландыру туралы қаулы қабылдады. Осы қаулы аясында PhD докторантура бағдарламалары бойынша ғылыми кадрларды даярлауға 20 квота бөлінді. Оның 15-і Білім және Ғылым министрлігіне және 5-і Ұлттық ғылым академиясына тиесілі.
Әлбетте, аптаның ең маңызды жаңалығы, ел президенті Садыр Жапаровтың 4-7 ақпан аралығындағы ҚХР-ға сапары екені анық. Олай болса, сапар барысы мен нәтижелеріне шолу жасап өтейік. Қырғыз президенті С. Жапаров Қытайға мемлекеттік сапары қарсаңында Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында екі елдің арасындағы қатынастардың маңыздылығына тоқталып, Қытай Қырғызстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өткен болатын.
5 ақпан күні Садыр Жапаров ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Тараптар қырғыз-қытай қатынастары, тең құқықты ынтымақтастықты тереңдету және өзара мүдделі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, 2023 жылдың мамырында қол қойылған стратегиялық әріптестікті орнату туралы декларацияның нәтижесін жоғары бағалап, болашақтағы Қытай мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін ұстанымдарды қуаттады. Кездесу қорытындысы бойынша екі жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға негізделген 20-дан аса құжаттарға қол қойды. Ауыл шаруашылығы, сауда және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы перспективалық жобаларды жүзеге асыру басты назарға алынып, энергетика саласы бойынша инвестициялық келісім шарт жасалды.
Сапар барысында, яғни 7 ақпан күні Қырғыз президенті С. Жапаров Харбин қаласында 2025 жылғы IX Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысты және Бруней-Даруссалам сұлтаны Хассанал Болкиахпен Харбин қаласында ресми кездесу өткізді. Садыр Жапаров елдер арасындағы серіктестіктің ықтимал бағыттары ретінде энергетика, IT секторы, шикізатты өңдеу және халал индустриясын дамытуды атап өтті. Кездесу соңында екі ел басшылары екіжақты байланыстарды нығайтуға және Қырғызстан мен Бруней-Даруссалам арасындағы экономикалық әріптестікті дамытуға ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.
Қорытындылай келе, әрине ел президентінің Қытайға сапары Қырғызстанның болашағы үшін жасалынған маңызды қадам екені анық. Бұны қырғызстандық сарапшылардың пікірі де дәлелдейді. Қырғызстандық қытайтанушы және саясаткер Айболат Айдосов, бүгінде Қытайдың қатысуы барлық дерлік аймақта сезіледі және ұзақ уақыт бойы өте баяу дамып келе жатқан екі жақты қарым-қатынас Садыр Жапаровтың билігі кезінде қарқын алғанын атап айтады. Ал, халықаралық қатынастар саласының маманы Саламат Джыбыкеев, Қытай қазіргі уақытта әлемдегі жетекші экономикалық және технологиялық көшбасшылардың бірі екенін және Қытай Қырғызстанның мүддесіне сай келетін қолайлы сыртқы экономикалық және сыртқы саяси жағдай жасауға ұмтылуда деп санайды.
Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы