ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ШИЕЛЕНІС ПЕН ТҮРІКМЕНСТАН ГАЗЫ: ИРАН БАҒЫТЫНЫҢ ТӘУЕКЕЛДЕРІ
2025 жылы Түрікменстан Иран арқылы Түркия мен Иракқа табиғи газ экспортын бастаған болатын. Бұл қадам Ашхабадтың Қытайға тәуелділігін азайтып, жаңа нарықтарға шығуға деген талпынысының нақты көрінісі еді. Алайда Иран мен Израиль арасындағы әскери қақтығыстар бұл бағыттың тұрақтылығына күмән тудырып отыр. Геосаяси шиеленіс күшейген сайын, Түрікменстан газының Иран аумағы арқылы транзиті тәуекелге толы жолға айналуда.
Түрікменстан мен Иран арасындағы келісім «газ свопы» схемасына негізделген: Түрікменстан Иранның солтүстігіне газ жеткізсе, Тегеран дәл сондай көлемде газды Иракқа бағыттайды. Бұл тиімді әрі икемді механизм болып көрінгенімен, Иран инфрақұрылымына төнетін қауіптер және оның ішкі энергетикалық тапшылығы бұл схеманың әлсіз тұстарын ашып берді. Мысалы, АҚШ санкцияларының күшеюі Иракты бұл жоспардан бас тартуға мәжбүр етті, ал Иранның энергетикалық жүйесіне жасалуы мүмкін шабуылдар (мысалы, Израиль тарапынан) своп тізбегін толық үзуі мүмкін. Мұндай жағдайда Түрікменстанның келісімшарттық міндеттемелерін орындауы қиынға соғып, халықаралық беделіне нұқсан келуі ықтимал.
Осындай жағдайда Ашхабад қандай бағыттарды қарастыруы керек? Қытай бағыты – ең сенімді әрі тұрақты арна болғанымен, бұл бағытта Түрікменстан бір ғана тұтынушыға тәуелді. Пекин жалғыз сатып алушы рөлінде (so-called монопсония жағдайында) газ бағасы мен экспорт шарттарын өз пайдасына белгілеп отырады. Бұл экономикалық тұрғыдан Түрікменстанның келіссөз жүргізу мүмкіндігін шектеп, тәуелділікті арттыра түседі.
Ал аймақтық деңгейде Өзбекстан мен Қазақстан бағыттары логистикалық тұрғыдан тиімді және саяси тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз. Сарапшы Джон Робертстің пікірінше, Ташкент қазіргі таңда Түрікмен газына қызығушылық танытуда, бірақ Ашхабад әзірге белсенді қадам жасап отырған жоқ. Аймақтық деңгейде газ экспорты логистикалық жағынан жеңіл және саяси тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз көрінгенімен, бұл бағыттың да өзіндік шектеулері бар. Ең алдымен, аймақтық газ нарығының көлемі шағын әрі маусымдық сипатта. Қазақстан мен Өзбекстан секілді елдердің өз ішкі сұранысы артып келеді, әсіресе қыс мезгілінде газ тапшылығы орын алып отыр. Мысалы, Өзбекстан Түрікмен газын қыста сұрағанымен, жазда тұтыну азаяды - бұл тұрақты экспорт емес, маусымдық жеткізілім ғана. Сонымен қатар, аймақтық интеграция деңгейі төмен. Баға белгілеу, инфрақұрылымды жаңарту, ортақ операторлар құру сынды тетіктер толық іске аспаған. Түрікменстанның өзі де аймақтық бастамаларға аса белсенді қатыспайды, бұл сенім мен келіссөздер жүргізуді қиындатады. Бұған қоса, инфрақұрылымдық шектеулер бар. Бар желілердің өткізу мүмкіндігі шектеулі әрі жаңғырту қажет. Қырғызстан мен Тәжікстанға газ жеткізетін тікелей транзит те жоқ. Ал ең бастысы - аймақтағы газ саудасы мемлекетаралық саяси келісімдерге тәуелді. Коммерциялық ашық нарық қалыптаспаған, бұл жеткізілімнің тұрақтылығы мен болжамдылығына кері әсер етеді. Оған қоса, Ресей мен Қытайдың аймақтық ықпалы да бұл бағыттарға әсер етіп отыр. Мәселен, Қытай Түрікмен газын тікелей өзі алғысы келеді және үшінші елдер арқылы қайта сатылуын құптай қоймайды.
Көптен бері күн тәртібінде тұрған Транскаспий газ құбыры - Еуропаға шығудың ең батыл әрі стратегиялық бағыты ретінде қарастырылып келеді. Алайда бұл жобаға кедергі келтіріп тұрған бірнеше маңызды фактор бар. Ең алдымен, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі әлі де толығымен шешілмеген. 2018 жылғы Конвенция ілгерілеу болғанымен, Ресей мен Иранэкологиялық себептерді алға тарта отырып, жобаны тоқтатуға талпынып келеді. Сонымен қатар, бұл құбыр Ресей газының еуропалық нарықтағы үлесіне бәсекелес болар еді, сондықтан Мәскеу өз ықпалын жоғалтпау үшін жанама қысым тетіктерін пайдаланып отыр. Еуропа одағы бұл жобаны жалпы стратегиясының бір бөлігі ретінде қолдағанымен, нақты инвестиция мен саяси батылдықтың жетіспеуі жобаның жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. Қосымша қиындықтар - жобаның техникалық күрделілігі мен Түрікменстан ішіндегі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі.
Иран мен Израиль арасындағы геосаяси текетірес Түрікменстанның Иран арқылы экспорт жасау амбицияларына ауыр сынақ болып отыр. Бейтарап саясатты ұстанатын Ашхабад үшін бұл жағдай - сыртқы саяси икемділікті қайта бағамдап, энергия қауіпсіздігін жаңа өңірлік және трансөңірлік әріптестіктер арқылы күшейтудің уақыты келгенін көрсетеді.
Қазіргі ахуал Түрікменстан үшін тек қауіп емес, мүмкіндік те. Бұл - Ашхабадтың энергия экспортына қатысты стратегиясын әртараптандыруға, тәуекелдерді басқару мәдениетін күшейтуге және көршілес елдермен прагматикалық диалог орнатуға жол ашады. Аймақтық деңгейде газ нарығын шынайы интеграциялауға, техникалық-инфрақұрылымдық үйлесімділікті арттыруға және тұрақты келісімдер құруға қадам жасау қажет. Ал Транскаспий бағыты - Түрікменстанды еуразиялық энергетикалық кеңістікке қайта шығаратын ұзақ мерзімді жоба ретінде стратегиялық күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Ашхабадтың келесі шешімі - газ сатушы ғана емес, саяси ойыншы ретінде де кім болатынын айқындайды. Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдай - Түрікменстан сыртқы саясатының икемділігі мен табандылығын сынайтын тарихи сәт болып отыр.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы