ТҮРІКМЕНСТАН: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ, СПОРТТАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУ

2025 жылдың бірінші айының соңына қарай болған жаңалықтармен бөлісер болсақ, Түрікменстан өз саяси және экономикалық жағдайын нығайтуда айтарлықтай қадамдар жасады. Халықаралық аренадағы ұстанымын айқындау, экономикалық ынтымақтастықты күшейту және спорттағы жетістіктерді насихаттау арқылы ел өзінің әлемдік мәртебесін арттыруды көздеуде. Бұл процестер елдің сыртқы саясаты мен ішкі даму мәселелерін үйлестіруге бағытталған және Түрікменстанды аймақтық экономикалық және мәдени күш ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың қаңтарында Түрікменстан Қазақстан мен Өзбекстанмен стратегиялық экономикалық келісімдерді жаңартты. Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) «2025-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық болжам» есебіне сәйкес, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан Орталық Азияның негізгі экономикалық қозғаушы күштері болып табылады. Бұл үш ел аймақтың жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 95%-ын қалыптастырып, көмірсутектердің ірі таза экспорттаушылары ретінде аймақтық және жаһандық нарықтарда маңызды рөл атқарады. Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан Орталық Азия экономикасының негізгі тірегі болып қала бермек. Олардың көмірсутек экспортына тәуелділігі экономикалық өсу үшін үлкен мүмкіндік бергенімен, жаһандық энергетикалық өзгерістер мен шикізат нарығындағы тұрақсыздықтар бұл елдерге экономикалық әртараптандыру стратегиясын жеделдетуді қажет етеді.

Қазақстанның Түрікменстан арқылы Еуропаға жүк тасымалдауды дамыту бастамасы аймақтық логистиканы жақсартумен қатар, екі ел арасындағы сауда-саттықты арттыруға мүмкіндік береді. Болашақ теміржол өткелінің қайта жандануына қатысты келісімдер экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне жол ашып, аймақтық интеграцияның алға жылжуына әсер етуде.

Сонымен қатар, Өзбекстанмен газ жеткізу мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы осы бастамалар елдің энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану мен экспорттық бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. 27 қаңтарда өткен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың кездесуі барысында екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 1,1 миллиард доллардан асқандығы және энергетика, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығында өзара ынтымақтастықтың нығайғаны айтылды.

Түрікменстанның спорттағы жетістіктері де, халықаралық аренада назарға алынып отыр. Жас футболшы Рахым Тағановтың Қырғызстандағы әйгілі «Барселона» академиясында жаттығу мүмкіндігі Түрікменстанның футбол саласындағы дамуын көрсетеді. Бұл жаңалық елдегі жас таланттардың әлеуетін арттырумен қатар, спорттың дамуына қатысты мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейде екенін айғақтайды.

Түрікменстандық ФИФА рефериі Ресул Мамедовтың АФК Чемпиондар Лигасындағы жауапкершілікті жоғары матчты басқаруы елдің төрешілік жүйесінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Бұл Түрікменстанның спорттық білім мен тәжірибе саласында жетістіктерге жеткенін көрсетеді және халықаралық деңгейде елдің спорттық абыройын арттырады.

Алайда, Түрікменстандағы әлеуметтік мәселелердің шешілуі маңызды. Лебап облысындағы науқастардың оттегі баллондарын өз қаржыларына сатып алуға мәжбүр болуы – денсаулық сақтау жүйесіндегі құрылымдық мәселелердің бар екенін көрсетеді. Бұл туралы Азаттық радиосының тілшісіне медицина қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар мәлімдеді. Олардың айтуынша, Лебап облысындағы ауруханаларда оттегімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр, сондықтан кейбір науқастар қажетті баллондарды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Бұл жағдай денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалардың бар екенін көрсетіп, медициналық инфрақұрылымды жетілдіру қажет етеді. Мұндай олқылықтар елдегі денсаулық сақтау реформаларының маңыздылығын айқындайды және жүйені жетілдіру қажеттілігін көрсетеді.

Сонымен қатар, Түрікменстан билігі елдегі жұмысқа қабілетті халықтың шетелге, әсіресе Түркияға жаппай көшуіне және шетелде тұратын түрікмендердің саяси белсенділігіне алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты билік өз азаматтарын елде ұстауға тырысып, кей жағдайларда отбасылардың бөлінуіне әкеліп жатыр. 2023 жылдың наурыз айында Йылмаз Озкан өз әйелі Майсаны Түркіменстанға шығарып салды. Майса төлқұжатын жаңарту үшін туған еліне қайтқан болатын. Алайда, Ашхабадтағы Түркия елшілігі оған отбасылық виза бергеніне қарамастан, Майса Түркияға қайта орала алмады. Бұл жағдай түрікмен билігінің азаматтарының шетелге шығуына шектеулер қоя бастағанын көрсететіндей әсер қалдыралы.

Жалпы Түрікменстан билігі халықаралық аренада өз имиджін жақсартуға және елдің экономикалық, спорттық жетістіктерін насихаттауға көп көңіл бөліп келеді. Алайда, әлеуметтік мәселелер – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторлар – екінші қатарда қалып жатқандай көрінеді. Түрікменстанның даму болашағы қабылданған стратегиялық шешімдер мен халықаралық серіктестіктерге ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік реформаларға да байланысты болады.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы