ТҮРІКМЕНСТАНДАҒЫ БАСПАСӨЗ: ЕРКІНДІК БАР МА?
2025 жылы «Шекарасыз репортерлар» (RSF) ұйымы жариялаған Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексі тарихтағы ең төменгі көрсеткіштермен ерекшеленді. Рейтингтің орташа жаһандық ұпайы алғаш рет 55-тен төмен түсіп, бүкіл әлемдегі ахуал «қиын» деп бағаланды. Елдердің 60%-дан астамы баспасөз еркіндігі тұрғысынан нашарлаған. Бұл құбылыстың басты себебі - қаржылық қысым. Экономикалық тұрақсыздық салдарынан көптеген тәуелсіз БАҚ жабылып, жүздеген миллион адам сенімді және бейтарап ақпарат көздерінен айырылды.
Осы жағдай аясында Түрікменстан тағы да антирейтингтің соңына таяу орналасты - 180 елдің ішінде 174-орын. Бұл ел бұрыннан бері рейтингтің соңғы қатарларынан түспей келеді. 2023 жылы - 176-шы, 2022 жылы - 177-ші болған. Ең сорақысы - Түрікменстан саяси индикаторбойынша 2025 жылы ең соңғы орынға тұрақтады. Мұндай нәтиже елдегі авторитарлық басқару жүйесінің сөз еркіндігіне жасайтын қысымын нақты көрсетіп тұр.
2025 жылғы рейтингте Түрікменстаннан төмен Ауғанстан, Иран, Сирия, Қытай, Солтүстік Корея және Эритрея тұр. Рейтингтің алғашқы бестігін Норвегия, Эстония, Нидерланды, Швеция және Финляндия иеленді. Басқа көршілерінде де жағдай мәз емес: Қазақстан-141, Қырғызстан -144, Өзбекстан-148, Тәжікстан-153-орында. Алайда Түрікменстанның айырмашылығы - онда тәуелсіз БАҚ мүлдем жоқ.
Көршілес мемлекеттерде аз да болса альтернативті медиалар, қоғамдық пікір алаңдары мен халықаралық ұйымдарға қолжетімділік бар. Ал Түрікменстанда мұндай кеңістіктер түгелдей дерлік жабық. Бұл елді постсоветтік кеңістіктегі ең жабық және ең қатал режимдердің біріне айналдырып отыр.
Баспасөз бостандығының индексі бес негізгі индикатор бойынша бағаланады: саяси, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-мәдени және қауіпсіздік. Түрікменстан үшін саяси көрсеткіш - ең әлсіз тұсы. RSF есебінде елдегі БАҚ «режимнің мүдделеріне қызмет ететін витринаға» айналғаны анық жазылған. Яғни жарияланатын әрбір ақпарат тек биліктің сүзгісінен өтеді, ал тәуелсіз журналистика атымен жоқ.
RSF Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша басшысы Жанна Кавалье елдегі ахуалды былай сипаттайды:
"Түрікменстанда баспасөз режимнің мүдделеріне қызмет ететін витринаға айналды. Тәуелсіз БАҚ-тың мүлдем жоқтығы абсолютті бақылау стратегиясының дәлелі болып табылады, онда жарияланған немесе таратылған әрбір сөз үкіметтің мақұлдауына жатады. Цензура барлық жерде ғана емес, ол сыни немесе тіпті қалыпты пікірдің кез келген көрінісін толығымен жояды". Журналистерге қарсы репрессия тек цензурамен ғана шектелмейді: қатыгездік пен озбыр әдістер қолданылады. Бақылау, қамауға алу, мәжбүрлі түрде ауруханаға жатқызу және азаптау қорқытудың, басқа пікірді басу мен жоюдың әдеттегі құралына айналды. Шетелге шығуға тыйым салынып, ауруханада күштеп оқшауланған Солтан Ачылова немесе ұзақ жылдар қуғын-сүргіннен кейін дүниеден өткен Худайберді Аллашов сынды белгілі тұлғалардың тағдырлары жүйенің жауыздығын айқын көрсетеді. Ешқандай сынға шыдамайтын режимнің үнсіз барымтасына айналып, қуғындағы журналистердің отбасылары да нысанаға айналуда. Билік ақпарат таратудың кез келген әрекетін тіпті елден тыс жерлерде де тұншықтыруға тырысуда.
Бұл ретте ел ішінде толық цифрлық бақылау жүргізілуде: ақпараттық инфрақұрылым дамымаған күйінде қалып отыр, Интернетке қолжетімділік шектеулі, VPN қызметтері бірінен соң бірі бұғатталып жатыр. Осындай әмбебап бақылау жүйесі кезінде халық үрей, өзін-өзі цензура және оқшаулау атмосферасына көбірек түседі.
Еуропа мен Орталық Азиядағы тәуелсіз медиалар бұрын-соңды болмаған экономикалық күйзеліске ұшырауда. Бұған АҚШ тарапынан сыртқы көмектің тоқтауы, атап айтқанда, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы мен USAID жобаларына қаржыландырудың қысқаруы себеп болды. Бұл жағдай авторитарлық билікпен күресіп жатқан әлсіз медиасекторды тіпті де әлсіретті. Сонымен қатар, ресейлік үгіт-насихат ықпалы да арта түскен.
Түрікменстан билігі үшін ақпаратты қатаң бақылау-саяси тұрақтылықтың негізгі құралы. Алайда бұл «тұрақтылық» сыртқы әлемнен оқшауланған, қорқыныш пен бақылау үстемдік еткен қоғамның белгісі. Журналистикасыз қоғам - тек азаматтық бостандықтардан ғана емес, өзін-өзі түсіну қабілетінен де айырылады. Ал мұндай жүйе ішкі күйреуге бейім келеді.
2025 жылы саяси индикатор бойынша соңғы орынға түсуі - халықаралық қауымдастыққа берілген айқын сигнал: Түрікменстанда сөз бостандығы толық жойылған. Бұл рейтинг - жай ғана сандық көрсеткіш емес, мемлекет пен қоғам арасындағы терең үзілістің көрінісі. Баспасөз бостандығы-тек журналистердің құқығы емес, ол қоғамның өз болашағын таңдау еркіндігі. Түрікменстан үшін бұл еркіндік әлі де арман күйінде қалып отыр.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы
28.06.2025