ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МЕДИАКЕҢІСТІКТЕГІ БЕЙНЕСІ: КҮН ТӘРТІБІН КІМ ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ОТЫР?

Қазіргі кезеңде түркі мемлекеттері арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл үдерісте ақпараттық кеңістік пен ортақ медиабейне қалыптастыру мәселесі екінші жоспарға ығыстырылып отыр. Алайда ақпараттық саясат пен медиаұсыныс – ұзақ мерзімді стратегиялық құрал. Мәселе тек жаңалық таратуда емес, қоғамның тарихи сана-сезімін, құндылық бағдарын және халықаралық бейнесін қалыптастыруда. Осы тұрғыдан алғанда, «түркі әлемі» ұғымының медиакеңістіктегі мазмұны мен құрылымы нақты бір орталықпен емес, фрагменттелген түрде қалыптасуда.

Бүгінде Түркия – түркі әлеміндегі ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда шешуші рөлге ие. TRT, Anadolu, TRT World және басқа да құралдар арқылы Анкара тек мәдени-тарихи емес, саяси мазмұндағы медианарративтерді де белсенді түрде ілгерілетуде. Бұл – жұмсақ күш саясатының заманауи форматы. Дегенмен, бұл процестің біржақтылығы айқын байқалады: түркі кеңістігінің медиабейнесі көбіне Түркияның көзқарасы арқылы беріледі. Басқа мемлекеттер бұл кеңістікке белсенді балама ұсынуға дайын емес немесе техникалық, саяси, институционалдық шектеулерге тап болуда.

Мәселен, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерде ішкі аудиторияға бағытталған сапалы медиа өнімдері болғанымен, олар халықаралық деңгейде түркілік контент өндіру мен таратуда әлсіз. Бұл жағдай ақпараттық асимметрияны күшейтеді және ортақ медиакеңістіктің орнына ұлттық тұйықтықты сақтап қояды. Нәтижесінде, түркі әлемінің өзі өзге ақпарат көздері арқылы бірін-бірі таниды – бұл стратегиялық тәуекел.

Ақпараттық кеңістік – тек контент емес, басқару мен ықпал ету алаңы. Егер түркі мемлекеттері ортақ медиакеңістікті стратегиялық басымдық ретінде қабылдамаса, оны басқа акторлар қалыптастырады. Бұл – тек идеологиялық емес, геосаяси мәселе. Сондықтан бүгінгі міндет – бір орталықтан басқарылатын пропаганда құру емес, түрлі елдердің медиа құрылымдарын үйлестіру арқылы ортақ ақпараттық архитектура қалыптастыру. Ол үшін кәсіби кадрлар, аударма механизмдері, цифрлық платформалар және мәдени мазмұн қажет.

Түркі әлемінің медиакеңістігі – тек мәдени ынтымақтастықтың бөлігі емес, болашақта ақпараттық егемендікті қамтамасыз ететін фактор. Ақпараттық күн тәртібін қалыптастыра алмайтын тарап – ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлаудан тыс қалады. Сондықтан бұл мәселе саяси элиталар мен кәсіби қауымдастықтардың күн тәртібіне шығуы тиіс.

Тұралин Есенғазы Мұхаметжанұлы

07.07.2025