ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН 2024 ЖЫЛ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?

Қазіргі әлемдегі болып жатқан тұрақсыздық пен күн сайынғы геосаяси шиеленістер жағдайында әр мемлекет өз бетінше дамуға, тәуелсіз болуға және халықаралық қауымдастықта өз орнын нығайтуға ұмтылатыны анық. Орталық Азиялық жас мемлекет Қырғыз Республикасы да 2024 жылы елдің сыртқы саясатын жетілдіріп, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан дамып қана қана қоймай, елдегі ішкі тұрақтылықты сақтап қалуға барынша тырысты. Ендеше, өткен жыл Қырғыз Республикасы үшін несімен ерекшеленді, көз жүгіртіп өтсек.

Елдегі негізгі экономикалық және демографиялық көрсеткіштерден бастайтын болсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, халық саны 7 миллион 254 мың адам, яғни 1,3%-ға өссе, ЖІӨ өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 1,5 трлн сомды құраған. Ұлттық статистикалық комитеттің ресми деректері бойынша 52,1%-бен қызмет көрсету саласы ЖІӨ негізгі құраушысы болуын жалғастыруда. Сауда айналымына келетін болсақ, экспорт - $3,5 млрд, ал импорт - $11,2 млрд құрады, негізгі сауда серіктестері Ресей (71,2%) мен Қазақстан (26,9%) болды.

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 2024 жылды қорытындылау кезінде елдің көпжақты сыртқы саясатының арқасында маңызды жұмыстар жүзеге асырылғанын айтты. Соның ішіндегі ең маңыздысы – жылдар бойы шешімін таппаған шекара мәселесі. Әрине, қырғыз-өзбек шекарасының толық шешілуі және қырғыз-тәжік шекарасы бойынша сәтті жасалған келіссөздер алдағы уақытта екі-жақты қарым-қатынасты одан ары нығайтып, серіктестіктің жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндік береді. Оған дәлел, жыл соңында (27 желтоқсан) 25 жылға жуық талқылап, инвестициялық келісім шартқа қол қою нәтижесінде құрылысы ресми басталған «Қытай-Өзбекстан-Қырғызстан» темір жолы. Жалпы ұзындығы 486 шақырымды құрайтын темір жолдың, 312 шақырымы Қырғызстан арқылы өтеді. Құрылыс нәтижесінде сауда мен тасымал үшін стратегиялық көлік дәлізін қамтамасыз ететін 18 теміржол вокзалы, 81 көпір, 41 тоннель салыну жоспарлануда.

Логистика саласы бойынша тағы астын түртіп айта кетерлік жоба, қыркүйек айында Қырғызстан мен Қытай шекарасында ашылған «Бедел» өткізу пункті. Бұл екі ел арасындағы «Иркештам» және «Торугарт» өткізу пунктерінен кейінгі үшінші ірі көлік дәлізі болып есептеледі. «Бедел» өткізу пункті тек қана Қырғызстан емес Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы сауда және жолаушылар тасымалының жаңа мүмкіндігін ашады. Сонымен қатар, Камбар-Ата CЭС-1 жобасының іске асырылуы Қырғыз Республикасының энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады. Қазақстан және Өзбекстанмен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның құрылысына Дүниежүзілік банк 500 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр.

Өткен жылдың Қырғызстан үшін есте қаларлық оқиғаларының тағы бірі авиация саласында болды. Яғни, «Манас» халықаралық әуежайы тұңғыш рет өз қаражатына канадалық Dash 8 Q400 ұшағын сатып алды. Қазіргі таңда екі ұшақ мемлекеттік «Asman Airlines» авиакомпаниясы үшін ішкі рейстерді орындауда. Үшінші және төртінші ұшақ 2025 жылы келеді деп күтілуде.

Жыл бойы жүзеге асырылған маңызды жұмыстарға қарамастан, елде әлі де шешімі табылмаған мәселелер бар. Нақтылайтын болсақ, адам құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдардың үздіксіз қабылдануы. Яғни, азаматтық сектор мен БАҚ өкілдеріне қысым көрсету, қырғызстандықтардың көңіл-күйіне кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар, 2024 жылы Жогорку Кенеш депутаттарының едәуір бөлігінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуы тиісті аймақтарда қосымша сайлау өткізу қажеттілігін туғызды. Нәтижесінде, республикалық бюджеттің қосымша шығынына алып келді. Елдегі биліктің назарын талап ететін тағы бір мәселе, экологиялық жағдайдың нашарлауы. Ірі қалалардағы ауаның ластануы және Бішкектің төбесіндегі төніп тұрған тұман аталған мәселенің дәлелі бола алады.

Жалпы алғанда, 2024 жыл Қырғыз Республикасы үшін нәтижелі жыл болғанын байқаймыз. Әсіресе авиация, инфрақұрылым, энергетика салаларындағы ауқымды жаңалықтар мен негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімін атап айтуға болады. Сыртқы саяси істерінде де біршама іс-шаралар, сапарлап жасалып, маңызды келісімдерге қол қойылды. Дегенмен, жыл тек жетістіктермен ғана емес, туындаған күрделі мәселелермен де есте қалды. Сөз бостандығына көрсетілген қысымнан бастап сыбайлас жемқорлықтың ел ішінде кең етек алуы халық тарапынан наразылық тудырған басты мәселелер.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы