ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Қазіргі жаһандану жағдайындағы халықаралық рейтингтердің маңызы артуда. Рейтингтер елге шетелдік инвестиция тартуда, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатуда, несие алу шарттарын айқындауда және елдің имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар олар мемлекеттік саясаттың әлсіз және күшті тұстарын анықтап, реформалардың бағытын белгілеуге, басқару сапасын арттыруға және қоғамдық есептілікті күшейтуге ықпал ететін талдамалық құрал ретінде қызмет етеді.

2025 жылғы халықаралық рейтингтердің нәтижесіне назар аударатын болсақ, Қырғызстанның қазіргі экономикалық, әлеуметтік даму деңгейін салыстырмалы бағалауымызға болады. Жаһандық Аштық Индексі және Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің индексі осы тұста маңызды көрсеткіштер болып табылады.

2025 жылғы Жаһандық Аштық Индексінде Қырғызстан 123 елдің ішінде 43 орын орынды алды. Аштық Индексінде 8,0 баллмен, Қырғызстанның аштық деңгейі төмен деп бағаланады[1].

  • 1-диаграмма. Орталық Азия елдерінің Жаһандық Аштық Индексіндегі орындары


Ресми ақпараттарға сәйкес Қырғызстанның 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі баллдық тенденциясы 18,4-тен 8,0 баллға дейін төмендегені көрсетілген. Яғни 20 жыл ішінде елдің аштық деңгейі айтарлықтай төмендеген, бұл Қырғызстан үшін өте жоғары көрсеткіш болып табылады.

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің индексінде 2025 жылғы көрсеткіш бойынша Қырғызстан 8.0 ұпаймен (төмен деңгей) 123 елдің ішінде 43-орында тұр. Дегенмен, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (WFP) деректері елдегі 7 миллион халықтың 2.6 миллионы (шамамен 37%) құнарлы диетаны сатып алуға мүмкіндігі жоқ екенін көрсетеді. 2025 жылғы шілдедегі жағдай бойынша елдің негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі келесідей:

- Бидай және ұн өнімдері: 78.8%;

- Ет өнімдері: 79.8%;

- Сұйық май: 53.5%.

Дүниежүзілік банктің 2025 жылғы желтоқсандағы есебінде жаһандық азық-түлік бағаларының (бидай мен күріш) төмендеуіне қарамастан, Қырғызстандағы ішкі азық-түлік инфляциясының сақталуы атап өтілген[1].

Климаттық ауытқулар (ыстық толқындар) мен су тапшылығы 2025 жылғы астық өнімінің төмендеуіне әкеліп, нарықтағы баға тұрақтылығына нарықтағы баға тұрақтылығына қосымша қысым түсірді. Дүниежүзілік банктің «Food Security Update» есебінде Қырғызстан сияқты табысы ортадан төмен елдерде азық-түлік инфляциясы тек әлемдік бағалармен ғана емес, логистика, энергия тарифтері және ұлттық валютаның әлсіреуімен де тікелей байланысты екені көрсетіледі. Мемлекеттік реттеу шаралары аясында 2025 жылы Қырғызстан үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына экспорттық шектеулер енгізу, мемлекеттік интервенциялық қорлар арқылы ұн мен бидайды нарыққа шығару, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға мақсатты әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін қолданды.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы деректер Қырғызстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі орташа, бірақ осал позицияда тұрғанын көрсетеді. Климаттық тәуекелдердің күшеюі, аграрлық өндірістің төмен өнімділігі және импортқа тәуелділік азық-түлік инфляциясын тежеуді қиындатады. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада ел үшін агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, су ресурстарын тиімді басқару, ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлеуметтік қорғау жүйесін күшейту стратегиялық басымдықтарға айналуы тиіс.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы


[1] https://thedocs.worldbank.org/en/doc/40ebbf38f5a6b68bfc11e5273e1405d4-0090012022/related/Food-Security-Update-120-December-19-2025.pdf. (ақпарат алынған күн: 11.01.2026)


[1] Central Asian Countries. https://www.globalhungerindex.org/ranking.html. (ақпарат алынған күн: 05.01.2026)


[1] Global Hunger Index, GHI 2025. https://www.globalhungerindex.org/kyrgyzstan.html. (ақпарат алынған күн: 05.01.2026)