ҚЫТАЙ ӘЛЕМДІ ҚАШАН БИЛЕЙДІ?
Өзіңді де өзгені де білсең – 100 рет соғыссаң да жеңіске жетесің,
Өзіңді біліп, өзгені білмесең – бірде жеңіп, бірде жеңілесің,
Өзіңді де, өзгені де білмесең – мәңгі жеңілесің.
Сұн Зы
Б.з.д. 545 жылы дүниеге келген қытайлық ойшыл Сұн Зының осы бір қанатты сөзіне: «Өзгені біліп, өзіңді білмесең – бодан боласың» - деген жолды қосқымыз келеді. Біз осы өзімізден өзгені жақсырақ білеміз бе, әлде өзімізді де өзгені де білмейміз бе? Бірақ бүгінгі сұрақ «Қытай» туралы.
Халықаралық қатынастар ғылымы тым «батыстандырылған» (westernized, евроцентричен) деп бағалап жатамыз. Негізгі себебі, әлемнің барлық дерлік ЖОО-да халықаралық қатынастар ғылымы оқытылғанда осы саланың теориялары мен тұжырымдары ежелгі грек авторлары Аристотель мен Фукидидтен басталып, Орта ғасырларда Макиавеллимен жалғасып, жаңа заманда Маккиндер, Мэхэндермен сабақтасып, қазіргі уақытта Най және Фукуяма сияқты кілең батыстық ғалымдардың еңбектерімен оқытылады. Әрине батыстық ғылымның оза шапқаны немесе Халықаралық қатынастар ғылымы «батыстандырылғаны» олардың кінәсі емес тек мықтылықтары. Оның үстіне оқып жүрген теорияларымыз да жалпы адамзаттық қолданысқа ие. Бірақ бұның да бір кемшілігі – батыс әлемі «өзін танып, өзгені танымай» келген сияқты.
1997 жылы Ұлыбритания және оның батыстық одақтастары Гонконг және Макао аймақтарын құрлықтық Қытайға қайтарып беру туралы шешімге келді. Осы шешімдерінің астында бір жасырын айла жатыр еді. Батыстық басшылар қытайлық әріптестерінің алдына бейбіт қайтарып беру үшін орындауға міндетті бір талап қойды. «Бір мемлекет – екі жүйе» формуласы еді. Құрлықтық қытай социализм жолымен басқаруын жалғастырғанымен, жаңа қайтарылған жерлер «батыстық үлгідегі» демократиялық стандарттармен басқарылуы шарт болды. Мақсат айқын еді – «батыстық демократия» құдды бір жұқпалы вирустай аз уақыт ішінде құрлықтық қытайға таралып, қытайдың өз ішінде тұрақсыздықтар мен халық пен билік арасында арпалыс тудыру. «Батыстандырылған» халықаралық қатынастардың теориялары мен заңдылықтарын терең меңгерген басшылардың жалғыз ғана қателіктері «өздерін терең танып, өзгені танымауында» еді. Қытайға іштей бүлік әкеледі деп күткен Гонконг пен Макао қарқынды дамып отырған Қытай экономикасының драйверіне айналды. Өзін терең таныған Еуропа – бірде жеңіп, бірде жеңілді.
Карл Юнг өз естелігінде үнділік (Америка құрлығының байырғы тұрғындары) ақсақалдың: «Американдықтар, ақылды адам баспен ойлайды дейді. Шын ақылды адам жүрекпен ойламаушы ма еді» - деген пікіріне ұзақ ойланғанын айтады. Қытайлық халықаралық қатынастар саласының мамандары «батыстандырылған» теорияларды меңгере отырып, өздерінің ұлттық болмысындағы тұжырымдардан халықаралық қатынастардың «қытайлық» теорияларын іздеуді әлдеқашан бастап кетті. Конфуции мен Сұн Зы еңбектеріне негізделген тұжырымдарының өзегі «жэнь» - адамгершілік, «ли» - әдет-ғұрып, этикет болып табылады. Адамгершілік пен этикет салтанат құрсын деген жерде, баспен ғана емес, бастысы жүрекпен ойлау маңызды. Қытайлық ғалымдар тек Конфуциидан ғана емес 5 мың жылдан астам тарихы бар қытай пәлсапасындағы адамзатқа ортақ болады-ау, халықаралық немесе аймақтық қатынастарды реттеуге жарайды-ау деген барлық деректерді ақтарып, жаңа заман ғылымына қосуда. Айтпағымыз, өзгені де, бірінші кезекте өзін де терең танумен айналысуда. Өзін де, өзгені де терең танитын Қытаймен Орталық Азияның қарым-қатынасында кім жеңеді? Өзгені қойшы, Орталық Азияның өзін қаншалықты танимыз өзі?
Қытай Халық Республикасының Президенті Си Цзиньпин өзінің Орталық Азияға қатысты: «Адам баласы 30 жылда толықтай есейеді. Есейген Қытай-Орталық Азия қатынастары терең өзара-сенім, теңдік және өзара пайдалы қатынастарға негізделген» деп пікір білдіреді.
2023 жылы Сиянь қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Си мырза: «Әлемге 1) Тұрақты Орталық Азия;
2) бәсекеге қабілетті, дамыған Орталық Азия;
3) Гармониялы Орталық Азия;
4) өзара ынтымақтастықтағы біртұтас Орталық Азия керек» - деп түйді.
2025 жылы Астана қаласында «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті жоспарлануда. Қытай бізді таниды, мақсат-міндеттері де айқын. Орталық Азия алдында екі сұрақ: Біз Қытайды қаншалықты танимыз? Өзімізді-өзіміз қаншалықты танимыз? Қытайда Орталық Азияны тікелей және жанама зерттейтін ғылыми орталықтардың саны 100-ге жуық. Ал Орталық Азияда, Орталық Азияны және Қытайды зерттейтін ғалымдардың саны, орталықтардың емес, екі қолдың он саусағына бес мемлекеттен жинасаң әрең толады. Егер сөз басындағы тәмсіл дұрыс десеңіз «Өзіңді де, өзгені де білмесең – мәңгі жеңілесің» формуласы дәл бізге қатысты болып тұр.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді.