ҰЗАҚ МЕРЗІМНЕН КЕЙІН ШЕШІМІН ТАПҚАН ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ

2024 жылдың соңында Қырғызстан мен Тәжікстанның арасындағы сәтті келіссөздердің нәтижесінде жылдар бойы шешілмей келе жатқан шекара мәселесі алға жылжыған болатын. Араға көп уақыт салмай, яғни 2025 жылдың 12-13 наурызында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қырғыз Республикасына ресми іссапармен келді. Сапар барысында екі елдің президенті шекара бойынша тарихи келісімге қол қойды. Қазіргі қолда бар ақпараттарға сүйенсек, Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері 31 наурызда жарияланған Ферғана алқабының саммитінде ратификациялық грамоталармен алмасуы мүмкін. Шекарада ратификациялық грамоталармен алмасылғаннан кейін ғана демаркация процесі басталады, яғни шекаралық белгілер мен басқа да инфрақұрылымдар орнатылады.

Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы 10684 шақырымды құрайды. Оның 519,9 шақырымы 2011 жылға дейін нақтыланса, соңғы үш жылда 486,94 шақырымы анықталған. Ферғана алқабында екі елдің жергілікті халықтары арасындағы су-жер қақтығыстардың тамыры тереңде. Ендеше, екі ел арасындағы болған шекара қақтығыстарына көз жүгіртіп өтсек. Қырғызстан мен Тәжікстанның жергілікті тұрғындары арасындағы алғашқы қақтығыстар 1936 және 1938 жылдардағы Ұлы Отан соғысына дейін болған және сол кездегі Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы мен Тәжік АКСР-нің құрылуымен байланысты болды. Одан кейін екі елдің колхоздары мен совхоздарының шаруашылық қызметіне байланысты 1969 және 1975 жылдардағы қақтығыстар айтылады.

1960 жылдары Ворух селолық кеңесіне қарасты «Правда» колхозы (Тәжікстан) мен Ақсай ауылы (Қырғызстан) тұрғындарының қызметінің кеңеюіне байланысты жергілікті жердегі қақтығыстар тіркелді. 1974 жылдың желтоқсанында ғана КСРО Бас прокуратурасы араласқан үлкен қақтығыс болды. Кейінірек 1989 жылы Ақсай, Уч-Добо (Қырғызстан) және Ворух, Ходжа Ало (Тәжікстан) аудандарында Кеңес дәуірінің соңында тастарды, таяқтарды және басқа да ауылшаруашылық және азырақ атыс қаруларын қолданып, «кетмен» деп аталатын соғыстар болды.

1992-1997 жылдары Тәжікстандағы азамат соғысына байланысты шекара мәселелерінде тыныштық орнағандай болды. Содан кейін Өзбекстан мен Тәжікстан тарапынан белсенді блокада жылдары болды, іс жүзінде тәжіктердің Ресей аумағына және одан тыс жерлерге тек Қырғызстан аумағы арқылы өту мүмкіндігі болды. Тәжіктер үшін қиын-қыстау кезеңде шекаралық қақтығыстар болған жоқ, өйткені Қырғызстан тәжіктер үшін көлік дәлізі болғандықтан, олар қырғыздармен мұндай ұсақ-түйекке ұрыспауды жөн көрді.

Кейін, 2014 жылдан бері қырғыз-тәжік шекарасында 10-15-тен астам ауыр қақтығыс болды, соның бес оқиғасы 2014 жылда орын алды. 2016-2018 жылдары азды-көпті салыстырмалы тыныштық кезеңі болды, әртүрлі жерлерде туындаған қақтығыстарға қарамастан, қырғыздар мен тәжіктер қарулы оқиғалардан аулақ болды. 2019 жылдан бастап күрделі қақтығыстар қайта басталды.

2021 жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша Қырғызстандағы қақтығыс кезінде 36 адам қаза тапты, оның ішінде 3 әскери қызметкер, 190 адам жарақат алды. Өз кезегінде тәжік ақпарат құралдары 19 адам қаза тапқанын, оның ішінде 10 әскери қызметкер және 87 жараланғанын хабарлады. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров 2021 жылғы 1-2 мамырда қақтығыс кезінде қаза тапқандарға ұлттық аза тұту жариялап, елде мемлекеттік тулар түсірілді. 2021 жылдың маусым айында президент Садыр Жапаров Тәжікстанға барып, Эмомали Рахмонмен кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер жүргізді.

Әрине, елдер арасында үлкенді-кішілі қаншама қақтығыстың болғанын, көптеген әскери қызметкерлер мен қарапайым халықтың қаза тауып, жарақат алғанын көріп отырмыз. Шекараға қатысты дауласушы тараптар арасындағы келіспеушілік пен жанжал тудырған негізгі факторлар құжаттарға, дәлірек айтсақ, Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасын жер, су ресурстары мен жайылымдық жерлермен бірге белгілеу карталарына қатысты мәселелер болды.

Соңғы жылдары Қырғызстан мен Тәжікстан билігі келісімге келу мақсатында көптеген келіссөздер мен ауқымды жұмыстар жүргізді. Қырғызстан тарапынан келіссөздерге Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев қатысты. Ақпан айында Қырғызстан парламентінде сөйлеген сөзінде ол өз әріптесі Саймуддин Ятимовпен 21 ақпанда қол қойған хаттамаға әкелген келіссөздер «өте қиын» болғанын айтты. Ташиевтің айтуынша, Тәжікстанның толығымен қырғыз жерімен қоршалған бөлігі, Ворух анклавының маңайындағы Тәжікстанға берілетін жайылымдық жер көлемі кедергілердің бірі болды. Тағы бір мәселе, Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы Баткен облысындағы екі аудан арасында кедергісіз жүруге мүмкіндік беретін ұзындығы 20 метрлік стратегиялық көпірдің мәртебесі болды. Бұл мәселені Қырғызстанның пайдасына шешуге алты ай қажет болды. Бірақ сонымен бірге Бішкек Душанбеге айтарлықтай аумақтық жеңілдіктер жасады. Мұндай жеңілдіктердің айқын мысалы ретінде Достық ауылы болды. Келісім бойынша Қырғыз ауылы толығымен тәжік тарапына беріліп, оның қырғыз тұрғындары Бужуме ауылына қоныстандырылады.

Әрине, шекарадағы келісім нәтижесіне екі елдің саяси белсенділері, қарапайым халқы толық қанағаттанбауы мүмкін. Қырғызстан депутаты Сұлтанбай Айжігітов бұл келісімді сынға алып, Достықтың Тәжікстанға берілуі көрші елдің бұрынғы жылдардағы көптеген қақтығыстар орын алған Ворух эксклавын материктік Тәжікстанға қосу жөніндегі көп жылғы мақсатына бір қадам жақындата түсетінін айтуы дәлел бола алады. Қалай болғанда да, Қырғыз президенті Садыр Жапаров пен Тәжік президенті Эмомали Рахмонның келісімге келуі тарихи маңызы бар үлкен қадам болып табылады. Шешілген шекара мәселесі екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаратыны анық. Сөзіміздің дәлелі ретінде келесі ақпараттарды ұсынамыз. Келіссөздердің қорытындысы бойынша, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері 16 құжатқа, оның ішінде достық пен тату көршілік байланыстарын одан әрі нығайту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Олар өзара сауда көлемін 500 миллион долларға жеткізуге келісті. Орталық Азиялық екі елдің арасындағы бұл мәселе аймақтағы өзге елдермен де сенімді серіктестік орнатуға белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізіп келгені анық. Сол себепті, тек қана екі ел арасында емес, аймақтағы ынтымақтастық күшейетініне сеніміміз мол.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы