ЖАҺАНДЫҚ БӨЛІНІС ДӘУІРІНДЕ ТҮРКІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ НЕ ҰСЫНА АЛАДЫ?

Бүгінгі халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі трансформацияға ұшырауда. Бұрынғыдай тек Батыс пен Шығыс арасындағы қатаң шекаралармен шектелмейтін геосаяси кеңістік бүгінде әлдеқайда күрделі, көпқырлы сипатқа ие. Украинадағы қақтығыс, Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес, BRICS-тің кеңеюі және мұсылман әлемінің ішкі дербестікке ұмтылуы — мұның бәрі әлемнің өркениеттік блоктарға жіктелуін жылдамдатты. Осындай жағдайда орта қуатты мемлекеттер үшін басты қауіп — бір ғана альянсқа тәуелді болу. Сол себепті көптеген елдер прагматикалық және көпвекторлы сыртқы саясатты таңдауда.

Осы үдеріс аясында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) рөлі мен маңызы артып келеді. Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи және мәдени тамырластыққа негізделген бұл құрылымы соңғы жылдары тек символдық емес, нақты саяси және экономикалық мазмұнға ие бола бастады. 2009 жылы құрылған Түркі кеңесі 2021 жылы ТМҰ болып қайта құрылып, жаңа институционалдық деңгейге өтті. Қазіргі таңда ұйым құрамында Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан бар. Бақылаушы ретінде Мажарстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипр қатысуда. Бұл ұйым 170 миллионнан астам халқы бар кеңістікті және 2 триллион доллардан асатын жиынтық ішкі жалпы өнімді қамтиды.

ТМҰ бастапқыда мәдени-гуманитарлық серіктестікке бағытталған болса, бүгінде ол қауіпсіздік, көлік, логистика, инвестиция және цифрлық технологиялар салаларында нақты жобаларды іске асыруда. Орта дәліз (Транскаспий маршруты), Түркі инвестициялық қоры, Бірыңғай кедендік транзит жүйесі, киберқауіпсіздік бойынша бірлескен тетіктер — осының бәрі ұйымның институционалдық әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, ұйым мүшелері жаһандық бәсекелестікте бір-біріне саяси қолдау көрсету арқылы өз егемендігін нығайтып отыр. Мысалы, 2020 жылғы Таулы Қарабах соғысында Әзербайжан

ТМҰ тарапынан ашық қолдау көрді.

Бұл орайда Түркия мен Қазақстанның рөлі ерекше. Түркия — ұйымның геосаяси қозғаушы күші. Анкара соңғы жылдары өз сыртқы саясатында батыл қадамдарға барып, «Türk Time» ұранын ұсыну арқылы Түркі әлемінің болашағына стратегиялық мән беріп отыр. Түркия түркі мемлекеттерімен сауда, инвестиция, қорғаныс және логистика салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуде көшбасшылық танытуда.

Қазақстан болса, ТМҰ-ның тұрақтандырушы және теңгерім сақтаушы мемлекеті ретінде танылып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяны алғаш ұсынған болса, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның прагматикалық жалғасын іске асырып отыр. Қазақстан ТМҰ-ны ЕАЭО, ШЫҰ, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы сияқты бағыттармен қатар қарастырып, көпвекторлы саясатын тиімді жүргізуде. ТМҰ — Қазақстан үшін қосымша геосаяси тірек, ұлттық мүддені нығайтудың баламалы арнасы.

Жаһандық күштер арасындағы бәсеке үдеген тұста Түркі ынтымақтастығының маңызы — оның ешбір державаға қарсы бағытталмағанында. Бұл — бейтарап, тең құқықты және өзара тиімді ынтымақтастық үлгісі. Егер ұйым нақты жобалармен әрі қарай тереңдей түссе, ол көпполярлы әлемдегі дербес бір геосаяси орталыққа айналуы мүмкін.

Түркі мемлекеттері ұйымы — тек ортақ тамырдан бастау алған бастама ғана емес, сонымен қатар қазіргі әлемдік өзгерістерге берілген жауап. Прагматизмге, теңдікке, өзара пайдаға негізделген бұл құрылым болашақта Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен даму векторларының бірі бола алады. Түркі ынтымақтастығы — бұл жай ұран емес, нақты геосаяси мүмкіндік.

Тұралин Есенғазы Мұхаметжанұлы

02.07.2025