ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН – НИККОЛО МАКИАВЕЛЛИ

Екі нәрсе ел болудың тіреуі:

Бірі – сақтық, әділ заң ғой – біреуі.(1981)

Қара күшпен ел билеуге болмайды!

Күшке ғана сеніп алсаң сол қайғы.(1997)

Ж. Баласағұн.

 

Кез-келген мемлекеттің іргетасы – мызғымас заңдар мен мықты әскер.

Мызғымас заң мықты әскер бар жерде ғана болмақ.

Әскер күшті болған жерде заң да қуатты.(ХІІ тарау)

Н. Макиавелли

 

Халықаралық қатынастар ғылымының сан түрлі теориялары мен тұжырымдары екі классикалық мектептен бастау алады. Олар: саяси-реализм (неореализм) мен либерализм (неолиберализм). Саяси-реализм теориялық мектебі Фукидид, Макиавелли, Т. Гоббс, Э. Ваттель секілді антикалық және кейінгі орта ғасырлық ойшылдар мен авторлардың еңбектерінен бастау алып, жаңа заманда Э. Карр, Дж. Кеннан, Г. Моргентау, Г. Киссенжер, А. Уолферс, Зб. Бжезинский ғылыми көзқарастарынан жалғасын табады[1]. Ұзақ сонар кете беретін бұл тізімнен сіз бірде-бір азиялық ойшылдың аты-жөнін таба алмайсыз.

Қарқынды дамып келе жатқан «халықаралық қатынастардың қытайлық» теориясы мектептерінде саяси реализм мектебінің бастауы Фукидидтен емес, одан 100 жылдай ерте өмір сүрген Сұн Зыдан басталады. «Пелопоннес соғысы» еңбегінің авторы, б.з.д. 471-401 жылдар арасында өмір сүрген Фукидид қатынастардағы басты фактор – «күш» деп тұжырым жасайды. Ал б.з.д. 544-496 жылдар арасында өмір сүріп «соғыс өнері» классикалық еңбегін қалдырған Сұн Зы «Соғыс жеңісті жақсы көргенімен, ұзаққа созылғанды жек көреді. Соғыстың созылғаны ешқашан пайдалы болған емес» деп түйеді.

Фукидид пен Сұн Зыны салыстыра жазғандағы мақсатымыз кімнің терең, кімнің таяз жазғандығын анықтау емес. Қытайлық жаңа заманғы ғалымдардың Сұн Зы және басқа да философиялық туындыларын өз ЖОО-да болса да теориялық мектептің өкілдері ретінде қоса алғандарын көрсету.

Фукидид ойларын итальян ойшылы Н. Макиавелли (1469-1527) өзінің әйгілі «Әмірші» еңбегінде тереңдете түсті. Тіпті саяси-реализмнің «макиавеллизм» тармағы пайда болды. Макиавелли еңбегіндегі негізгі ой мемлекеттік мүдде жолында билеуші барлық моральдық шектеулерден аттай отырып, кез-келген жолмен (таза, лас) жеңіске жетуі керек дейді. Қуатты әскер, яғни «күш» негізгі фактор.

1020 жылы Орталық Азияда дүниеге келген Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» еңбегінде, Макиавеллидің еңбегіндегі ойлардың бәрін айтады. Баласағұн артықшылығы күш пен қатал заңның маңызды екендігін айтқанымен, билеушінің мінезіне оның шешімдеріне әсер ететін негізгі фактор «ізгілік пен ұят» екендігін қайта-қайта айтады.

1612 шумақтарында «Ей, азамат! Ізгілік ет ары таймас,

Ізгілік іс мәңгі-бақи қартаймас» десе, келесі бір 1974 шумақтарында «Ұят барлық жаман істен тияды,

Ұят барлық игі істерді жияды» - дейді.

Макиавелли 15 ғасырда сипаттаған билеушіге қажетті қасиеттер мен мінез-құлықты 11 ғасырда Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде одан әлде қайда толық және терең дәйектермен жазып қалдырды. Азаулының Ыстамбұлдан несі кем демекші, Баласағұнның Макиавеллиден несі кем? Қолымыздағы еңбектермен салыстырсақ әлде-қайда қуатты. Бірақ Жүсіп Баласағұн аты-жөні саяси-реализм теориялық мектебінің негізін қалаушы немесе жалғастырушы өкілі ретінде оқулықтарда жоқ. Өзін-өзі таныған қытай Сұн Зыны халықаралық қатынастар ғылымының реоретиктері қатарына қоса алды. Ал біз әлі не Фукидидті, не Сұн Зыны ғана оқып жүрміз.

«Өзгені танып, өзіңді танымасаң бодан боласың»

Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!


Жекенов Думан Құрманғазыұлы

P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді.


[1] Ғ. Жұматай. Халықаралық қатынастар теориясы/оқу құралы, Алматы, 2012.