ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ӨЗБЕКСТАН ҮШІН 2024 ЖЫЛ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР АЛЫП КЕЛДІ?

Өзбекстан үшін 2024 жыл ішкі және сыртқы саясатта айтарлықтай өзгерістерге толы жыл болды. Елдегі демографиялық өсімнен бастап, халықаралық қатынастар мен экономиканың түрлі салаларындағы жаңалықтарға дейін көптеген маңызды оқиғалар орын алды. Маңыздысы, 2024 жыл ел үшін халықаралық дипломатия, экономикалық өсу және әлеуметтік реформалар тұрғысынан айтарлықтай ілгерілеген кезең болды, бірақ сонымен бірге ішкі саясатта, халықаралық аренада да жаңа сын-қатерлерге тап болды. Бұл талдау Өзбекстанның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен перспективаларына әсерін ескере отырып, елдің сыртқы саясатының, экономикалық дамуының және әлеуметтік жағдайының негізгі тенденцияларын қарастырады. 

Демографиялық көрсеткіштер мен халықтың жағдайы

2024 жылы Өзбекстан халқының саны 37.5 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш елдегі тұрақты демографиялық өсімді көрсетеді, бірақ халықтың тұрмыс жағдайы мен кедейшілік мәселесі әлі де өзекті болып қалуда. 2024 жылы Өзбекстанның жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 6%-ға өсті. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында және шағын және орта бизнесте байқалған оң үрдістердің нәтижесі деп айтуға болады. Дегенмен, жан басына шаққандағы ЖІӨ әлі де төмен болып, 3 мың доллардан аспады. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден 4,5 есе төмен, ал Қазақстанмен салыстырғанда 5 есеге аз. Қоғамдағы кедейлік деңгейі 2024 жылы 9%-ға төмендеді, алайда әлі де 3.5 миллион адам күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүруде. Сонымен қатар, халықтың табысы 7.7%-ға өскенімен, инфляция 10%-ға жетіп, халықтың шынайы табыстарының сатып алу қабілеті төмендегені байқалады.

Экономикалық мәселелер мен даму

Өзбекстан экономикасы 2024 жылы 6%-ға өсті, алайда оған қоса инфляция да өсті. Елде коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасы екі есеге жуық қымбаттады. Сыртқы қарызда да өсу байқалады. Өзбекстанның сыртқы қарызы 60 миллиард доллардан асты, бұл өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Қарыз алу көлемінің ұлғаюы, өз кезегінде, валюталық курстың төмендеуіне әсер етіп, өзбек сумы долларға қатысты 4,5% әлсіреді. Алайда Қазақстанда теңге одан да қатты әлсіреді. Салыстырмалы түрде, Қазақстанда жыл басында доллар курсы 451 болған болса, жыл аяғында 527 ден асты (шамамен 17%-ға әлсіреді).

Сыртқы саясат және халықаралық қатынастар

2024 жылы Өзбекстанның сыртқы сауда серіктестері арасында Қытай, Ресей, Қазақстан және Түркия сияқты елдер басым болды. Қазақстанның экономикалық серіктес ретіндегі орны үшінші орынға тұрақтады, ал Түркия мен Оңтүстік Корея Өзбекстанның ең ірі сыртқы экономикалық серіктестері арасында төртінші және бесінші орынды иеленді.

Орталық Азияда Өзбекстанның сауда интеграциясы да өсті. Қырғызстанмен жаңа өткізу бекеттерінің ашылуы мен Тәжікстан және Әзірбайжанмен жасалған одақтастық келісімдер өңірлік интеграцияны арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар, Өзбекстан крипто активтерді қабылдауда Орталық Азияда көш бастады, бұл елдің цифрлық экономикаға бейімделуінің бір көрсеткіші.

Өзбекстан Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысын бастау арқылы Орталық Азияда өзінің логистикалық қуатын арттырды. Бұл жоба, өз кезегінде, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік сауданы күшейтуге ықпал етеді.

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу үшін келіссөздер жүргізуде. Ел, әсіресе, экономикалық өзара байланыстарды нығайту мақсатында өзінің сауда серіктестерін кеңейтуде. Өзбекстанның БРИКС-ке мүше ел ретінде қосылу жоспарлары да осы бағыттағы маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, Өзбекстанның ЕАЭО-ға бақылаушы ел ретінде қатысуы, және оның жаңа экономикалық интеграциялық жобаларға қосылуы, Орталық Азиядағы өз орнын одан әрі бекітеді.

Туризм және мәдени даму

Өзбекстан 2024 жылы туризм саласын дамытуда маңызды жетістіктерге жетті. 7 миллионнан астам туристтер елге келіп, пандемиядан кейінгі кезеңде туризм саласы толық қалпына келгенін көрсетті. Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Чарвак маңында жаңа халықаралық туристік орталық құрылмақ, ал Ташкент облысында «Чарвак қақпасы» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, Өзбекстандың визасыз режимді кеңейтуі және халықаралық блогерлер мен журналистерді тартуы елдің туристік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарды.

Жастар саясаты және спорт

2024 жыл Өзбекстан үшін спорттық жетістіктермен де ерекшеленді. 2024 жылғы Париж Олимпиадасы Өзбекстан үшін тарихи маңызы бар жарыс болды. Бұл Олимпиадада Өзбекстан спортшылары 8 алтын медаль жеңіп алып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар, Паралимпиадада да Өзбекстан командасы өте табысты өнер көрсетті, 10 алтын медальды қанжығаларына байлады. Осылайша, Өзбекстан 13 медальмен жалпы командалық есепте 206 елдің арасында 13-ші орынды иеленіп, Орталық Азия мен ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты. Бұл жеңістер Өзбекстанның спорт саласындағы әлеуетін арттыруға ықпал етті.

Қиындықтар мен сындарлы кезеңдер

2024 жылдың қыркүйек айында Бойсундағы газ кеңінде болған жарылыстар елде үлкен дүрбелең туғызды. Алғашқы жарылыс 1 қыркүйекте орын алып, 17 күннен кейін тағы да қайталанды. Сонымен қатар, дау туғызған тағы бір мәселе, Өзбекстанның экс-генерал прокуроры Комил Алламжоновтың қызметінен босатылуынан кейін көп уақыт өтпей, оған қастандық жасалды. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл оқиғаға қатысты 7 күдікті қолға алынды, сонымен қатар екі Ресей азаматы іздестірілуде. Осы мәселеге қатысты, Ресей мен Өзбекстан арасында дау туындады.

2024 жылы Өзбекстанда өткен парламент сайлауы халық арасында наразылық туғызды. Сайлау барысында әділдік мәселелері көтеріліп, көптеген азаматтар бұл сайлаудың саяси өзгерістерге алып келмегенін айтып, пікір білдірді. Барлық жоғары дәрежедегі басшылар өз орындарында қалды, ал саяси ландшафтта айтарлықтай өзгерістер болмады.

Жетістіктері

Өзбекстан үшін 2024 жыл көптеген жетістіктерге толы болды. Оның негізгілері, Париж Олимпиадасынағы Өзбекстанның жеңісі, ЖІӨ-нің өсуі, туризм саласындағы жетістіктер, жаңа инфрақұрылымық объектілердің құрылуы, Ташкенттің 2045 жылға дейінгі жаңа генжоспары бекітілді.

Қорытынды

2024 жыл Өзбекстан үшін маңызды кезең болды. Ел экономикалық даму, инфрақұрылымдық жобалар, спорт, әлеуметтік реформалар мен халықаралық байланыстарда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Дегенмен, экологиялық мәселелер, сөз еркіндігі, саяси тұрақтылық пен инфрақұрылымдық жетіспеушіліктер де маңызды қиындықтар болып қалды.

Жалпы алғанда, 2024 жыл Өзбекстан үшін көптеген жетістіктер мен дамудың жылы болды. Спорттық табыстар, экономикалық өсім, саяси тұрақтылық, халықаралық ынтымақтастық және әлеуметтік реформалар Өзбекстанның болашаққа деген сенімін арттырды. Бұл жетістіктер Өзбекстанның әлемдегі орны мен ықпалының артуына ықпал етіп, алдағы жылдары да жаңа биіктерге жетуіне мүмкіндік береді.

 Апсаттарова Гулзада Абдусағатқызы