просмотров: 173 чел.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ НАҚТЫ ШЕКАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси шиеленістер күшейіп, ірі державалар арасындағы бәсекелестік аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіруде. Орталық Азия – өз бай табиғи ресурстары мен стратегиялық орналасуының арқасында әлемдік державалардың мүдделері тоғысатын маңызды аймаққа айналып отыр. Ресей, Қытай, АҚШ және басқа да елдер бұл аймақтағы ықпалын арттыруға ұмтылады, бұл өз кезегінде аймақтың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан Орталық Азияның нақты шекарасын анықтау тек ғылыми мәселе ғана емес, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін де маңызды. Егер бұл аймақтың шекарасы кеңейтіліп, оған көршілес елдер кіретін болса, онда геосаяси шиеленіс одан әрі ушығып, әртүрлі державалар арасындағы қарама-қайшылықтар күшеюі мүмкін.

Орталық Азия – ғасырлар бойы алып империялардың, көшпенділер мен отырықшылардың, сауда керуендері мен мәдени ықпалдастықтың тоғысқан мекені. Алайда бүгінгі таңда бұл аймақтың нақты шекарасы қандай деген сұраққа біркелкі жауап беру қиын. Түрлі зерттеушілер Орталық Азияны әртүрлі анықтайды, бірақ біздің көзқарасымыз бойынша, бұл аймақ Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен шектелуі керек. Бұны бірнеше негізгі факторлармен дәлелдеуге болады.

1. Тарихи тұтастық. Бұл бес мемлекет ұзақ уақыт бойы біртұтас саяси-тарихи кеңістікті құрады. Кеңес Одағы кезеңінде олар «Орта Азия республикалары» ретінде қарастырылды және ортақ экономикалық, әкімшілік жүйеде дамыды. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл елдер ортақ тарихи мұраның жалғасы ретінде қалыптасты.

2. Географиялық ерекшеліктер. Орталық Азияның нақты географиялық шекаралары бар. Солтүстікте – Ресей, шығыста – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, оңтүстікте – Ауғанстан мен Иран, батысында – Каспий теңізі орналасқан. Бұл табиғи және саяси шекаралар аймақтың нақты ауқымын айқындайды.

3. Мәдени және этникалық байланыстар. Орталық Азия халықтары – негізінен түркі және парсы тілдес этностар. Қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер түркі әлеміне жатса, тәжіктер ирандық мәдениеттің бір бөлігі. Осы халықтар ғасырлар бойы бір-бірімен тығыз байланыста болып, ортақ дәстүрлер мен салт-дәстүрлерді қалыптастырды.

4. Ортақ саяси және экономикалық мүдделер. Бұл бес елдің саяси және экономикалық интеграциясы жоғары деңгейде. Олар ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сияқты ұйымдарда бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары арасында арнайы консультативтік кездесулер өткізіліп, аймақтың бірлігі мен болашағы талқыланып отырады.

5. Халықаралық деңгейде мойындалу. БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық ұйымдар Орталық Азияны осы бес мемлекетпен шектейді. Ғылыми зерттеулер мен сараптамалық еңбектерде де дәл осы елдер аймақтың негізгі бөлігі ретінде қарастырылады.

Бабам жүрген жердің бәрі тарихи шекара дейтін болсаңыз, Бабыр барған Үндістан мен Бейбарыс басқарған мысырды да аңсай беруге болады. Көңілдің тереңінде Орынборды аңсау жоқ деймісіз?.... Өткен өтті және қазіргі заманауи талаптармен реали қарар болсақ, Орталық Азияның нақты шекарасы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен шектелуі тиіс. Бұл елдерді ортақ тарих, мәдениет, география және саяси-экономикалық мүдделер біріктіреді. Сондықтан аймақтық тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету үшін осы бес мемлекеттің ынтымақтастығы маңызды. Басқа елдер – көршілер, серіктестер, бірақ Орталық Азияның ажырамас бөлігі болып табылмайды. Осы шекараны дұрыс анықтау – аймақтық саясат пен халықаралық қатынастарды нақты түсіну үшін қажет. Сонымен қатар, кейбір зерттеушілер Орталық Азияның шекарасын кеңейтіп, оған Моңғолия, Шыңжаң, Ауғанстан немесе Иранның кейбір бөліктерін қосу керек деп санайды. Алайда бұл тәсіл тек ғылыми пікірталастың аясында ғана емес, геосаяси шиеленістің күшеюіне алып келуі мүмкін. Себебі әртүрлі державалар бұл кеңістікте өз мүдделерін ілгерілетуге тырысып, аймақтың ішкі тұрақтылығына кері әсер ету қаупі туындайды. Танымал ғалым Адиб Халид 2024 жылы «Орталық Азия: империялар дәуірінен бүгінгі күнге дейін» атты еңбегін жариялады[1]. Еңбек ғылыми тұрғыдан аса құнды болғанымен, саяси тұрғыдан қателіктерге бой алдырған десек болады. Автор Орталық Азия аймағын қазіргі бес мемлекеттің шекарасымен қатар, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданын қатар қарастырады. Әрине, аймақ тарихын зерттеу барысында Орталық Азиямен шектесетін аймақтағы тарихи сабақтастықты қарастыру маңызды, бірақ Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы және басқа да мемлекеттердің халықаралық мойындалған бөліктері Орталық Азия аймағы ретінде насихатталмауы керек.

 

Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!


Жекенов Думан Құрманғазыұлы 

P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді.


[1] Адиб Халид «Центральная Азия: От века империи до наших дней» - Москва, 2024г.