ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРЕНАДАҒЫ БЕЛСЕНДІЛІГІ: ДУШАНБЕДЕГІ КЕЗДЕСУ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ
Түрікменстан халықаралық аренада өз ұстанымын нығайтып, әртүрлі елдермен дипломатиялық байланыстарын кеңейтуде. Ақпан айының алғашқы екі аптасында ел басшылығы мен сыртқы істер министрлігі бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізді.
Атап өтетін болсақ, 4 ақпанда Түрікменстан халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Жапония Премьер-министрінің арнайы кеңесшісі Акихиса Нагашимамен кездесті. Жапон тарапы Түрікменстанмен көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдіріп, елдің халықаралық бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Акихиса Нагашиманы қабылдап, екіжақты қарым-қатынастардың даму келешегін талқылады. Кездесу барысында жапондық дипломат Жапония Императоры Нарухито мен Премьер-министр Сигэру Исибының сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға ықыласты екенін білдірді.
5 ақпанда Душанбе қаласында «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматы аясында арнайы өкілдердің кездесуі өтті. Бұл кездесуге Түрікменстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Гурбанов бастап барды. Кездесу барысында Ауғанстандағы жағдай мен өңірдегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
6 ақпанда Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Индонезия Республикасының елшісі Ронни Прасетё Юлианторомен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен болашақ даму бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, Түрікменстан мен Индонезияның халықаралық және аймақтық ұйымдар аясындағы әріптестігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
10 ақпанда Түрікменстанның Тәжікстандағы елшісі Аймырат Гочмырадов БҰҰ-ның Тәжікстандағы тұрақты үйлестірушісі Рамасвами Парватимен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайту және тұрақты даму саласындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
2025 жылдың 11 ақпанында Түрікменстан делегациясы Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың басшылығымен Иран астанасы Тегеранға жұмыс сапарымен барды. Сол күні Түрікменстан өкілдері Иранның Жол және қала құрылысы министрінің орынбасары Хушанг Базвандпен кездесті. Тараптар автожол саласындағы ынтымақтастықты және екі ел арасындағы инфрақұрылымдық жобаларды талқылады. Сондай-ақ, Түрікменстан делегациясы Иранның Мұнай министрі Мохсен Пакнежадпен және Энергетика министрі Аббас Алиабадимен кездесіп, энергетика және су ресурстарын басқару мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Тараптар өткен жылғы келіссөздердің нәтижелілігін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ, 12 ақпанда Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесті. Кездесу барысында тараптар ұйым аясындағы серіктестікті кеңейту және көлік-логистика саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
12 ақпанда Түрікменстанның Катардағы елшісі М.Сейітмаммедов Қатардың Бас кеден басқармасының төрағасы Ахмед бин Абдулла Әл-Джамалмен кездесті. Бұл кездесуде екі ел арасындағы кедендік ынтымақтастықты нығайту және сауда айналымын арттыру мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ, Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Сауд Арабиясы Корольдігінің Ашхабадтағы елшісі Саид бин Осман Ахмед Сувейдпен кездесті.
Осының ішінде ерекше назар аударатын оқиғалардың бірі Душанбе қаласында «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматы аясында арнайы өкілдердің кездесуі. 2025 жылдың 5 ақпанында Тәжікстан астанасы Душанбеде «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматы аясында Ауғанстан мәселелері бойынша арнайы өкілдердің алтыншы кездесуі өтті. Бұл жиында Түрікменстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Гурбанов басқарды. Аталмыш форматтағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, Ауғанстанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымдарды талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Биылғы кездесу өткен жылдың ақпан айынан бері орын алған оқиғалар мен Ауғанстанның экономикалық жағдайына талдау жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ тараптар өзара мүдделі салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырды. Жиын барысында қатысушылар Ауғанстанды тұрақты, бейбіт және өркендеген мемлекетке айналдыруға деген берік ұстанымдарын білдіріп, халықаралық қауымдастықтың ауған халқына көмек көрсету бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, елдің экономикалық тұрақтану перспективалары мен әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын қалпына келтіру қажеттілігіне баса назар аударылды. Ахмет Гурбанов кездесуде Түрікменстанның Ауғанстан экономикасын қалпына келтіруге бағытталған нақты іс-қимылдары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Жиынға қатысушылар «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы диалогты әрі қарай жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, Ауғанстандағы саяси, экономикалық және гуманитарлық жағдайды тұрақтандыру үшін халықаралық қауымдастықтың, әсіресе Орталық Азия елдері мен беделді халықаралық ұйымдардың кең ауқымды бірігуі қажет деген ортақ пікірге келді. Тараптар Ауғанстанды қайта қалпына келтіруге және оны жаһандық байланыстар жүйесіне интеграциялауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Бұл жиынның маңыздылығы айқын. Себебі Ауғанстандағы тұрақсыздық бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне әсер етеді. Орталық Азия елдері үшін бұл мәселе тек көрші мемлекеттің жағдайы ғана емес, сонымен қатар өңірлік тұрақтылық пен экономикалық дамуға тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан осындай кездесулерді жиі өткізіп, нақты жобаларға көшу қажет. Егер Ауғанстан экономикасы қалпына келтіріліп, инфрақұрылымы дамыса, бұл бүкіл аймаққа тиімді болары сөзсіз. Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақтың ынтымақтастығы осы бағытта нақты нәтиже беруі тиіс.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы