қаралымдар: 249 оқырман

ТҮРІКМЕНСТАН: МӘДЕНИ-ТАРИХИ МҰРА ЖӘНЕ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТ

Орталық Азия кеңістігінде Түрікменстан тарихи сабақтастық пен табиғи ерекшеліктері үйлескен, бірақ туристік тұрғыдан әлі толық ашылмаған мемлекеттердің бірі болып саналады. Ел аумағы көне өркениет ошақтарын, Ұлы Жібек жолының маңызды тораптарын, ислам дәуірінің сәулет ескерткіштерін және бірегей табиғи ландшафттарды біріктіре отырып, мәдени және танымдық туризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие.

Тарихи тұрғыдан алғанда, қазіргі Түрікменстан аумағы Еуразия кеңістігіндегі сауда, мәдени және идеялар алмасуының басты бағыттарының бірі болды. Бұл мұра ең алдымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне қалалар арқылы айқын көрініс табады. Ежелгі Мерв – Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі әрі жақсы сақталған оазистік қалалардың бірі ретінде бірнеше мыңжылдықты қамтитын тарихи қабаттарды біріктіреді. Ниса қаласы Парфия мемлекетінің саяси және әскери орталығы ретінде көне мемлекеттілік дәстүрін көрсетсе, Көне Үргеніш Хорезм өркениетінің ислам дәуіріндегі сәулеттік жетістіктерін паш етеді. Бұл қалалар Түрікменстанның тарихи мұрасын тек ұлттық деңгейде емес, жаһандық өркениеттік контекстте де танытады.

Мәдени-тарихи әлеуетті толықтыратын тағы бір маңызды қыр – ислам дәуірінің сәулет және рухани мұрасы. Селжұқ кезеңіне жататын Сұлтан Санджар кесенесі секілді ескерткіштер Орталық Азиядағы исламдық сәулет дамуының көрнекті үлгілері ретінде ғылыми және туристік қызығушылық тудырады. Мұндай нысандар мәдени туризм мен діни-танымдық бағыттарды дамытуға негіз бола алады.

Түрікменстанның табиғи ресурстары да туристік әртараптандыруға мүмкіндік береді. Ел аумағының басым бөлігін алып жатқан Қарақұм шөлі шөлдік туризм мен экотуризм үшін ерекше кеңістік қалыптастырады. Дарваза газ кратері – әлемге «Тозақ қақпасы» атауымен танымал нысан – елдің заманауи туристік брендіне айналып, халықаралық назарды өзіне аударып отыр. Сонымен қатар Копетдаг тау жүйесі мен бірқатар мемлекеттік табиғи қорықтар биологиялық әртүрлілік пен экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Батыс Түрікменстандағы Каспий теңізінің жағалауы мен «Аваза» ұлттық туристік аймағы елдің рекреациялық және курорттық туризміндегі негізгі орталық болып табылады. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған бұл жоба жағажайлық демалыспен қатар, іскерлік және конференциялық туризмді дамытуға бағытталған. Авазада халықаралық стандарттарға сай қонақ үйлер, сауықтыру орталықтары және мәдени іс-шараларға арналған инфрақұрылым қалыптастырылған.

Түрікмен халқының этномәдени мұрасы да туризмнің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Дәстүрлі кілем тоқу өнері, ахалтеке жылқысы, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен фольклорлық дәстүрлер елдің мәдени бірегейлігін айқындайды. Этнотуризм мен гастрономиялық туризм бағыттары жергілікті қауымдастықтарды дамытуға және мәдени мұраны сақтауға ықпал ете алады.

Сонымен қатар, Түрікменстанда туризмнің дамуын тежейтін бірқатар құрылымдық факторлар да бар. Олардың қатарында визалық режимнің қатаңдығы, ақпараттық ашықтықтың шектеулілігі, жеке сектордың әлсіздігі және қызмет көрсету сапасының біркелкі болмауы аталады. Алайда соңғы жылдары инфрақұрылымды дамытуға, мәдени нысандарды жаңғыртуға және халықаралық имиджді ілгерілетуге бағытталған бастамалар бұл саланың перспективалық екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, Түрікменстан – мәдени-тарихи мұра мен табиғи байлықтар үйлескен, туристік тұрғыдан стратегиялық маңызы жоғары ел. Туризм саласын кезең-кезеңімен дамыту экономиканы әртараптандыруға, халықаралық беделді нығайтуға және ұлттық мәдениетті жаһандық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Түрікменстанның туристік әлеуеті, мәдени мұрасы және қазіргі даму үрдістері туралы кеңірек әрі жүйелі талдауды жақын арада жарық көретін «Түрікменстан. Жылдық жинақ – 2025» басылымынан оқи аласыздар. 

 Байсалбек Олжас Айтжанұлы