қаралымдар: 146 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КІТАПХАНАЛАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАРЫ

Орталық Азия кітапханалары мен мәдени мұраны сақтау туралы сөз қозғасақ, алдыменбұл құнды мұраны бірегей ұлттық реестр ретінде тіркеп, оны зерттеу үшін халықаралықдеңгейде ғалымдар мен зерттеушілерді шақыруымыз керек. Сонымен қатар, зерттеушілергеарнайы гранттар бөлініп, олар кітапханадағы кітап сақтау қоймалары мен зерттеузертханаларын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс.

Бұл шараның бірнеше маңызды себебі бар. Еліміз бен түркітілдес мемлекеттердің түкпір-түкпірінде сақталған көне жазбалар мен қолжазбалар, оның ішінде біздің дәуірімізге дейінгі хотондық-сақ тіліндегі жазбалар, Орхон-Енисей жазбалары, шағатай тіліндегі қолжазбалар ерекше ғылыми құндылыққа ие. Айта кетер болсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында 100-ден астам шағатай тіліндегі қолжазбалар сақталған.

Тағы бір себеп – қазіргі жоғары білім саласындағы интернационализация арқылы елімізге келген шетелдік университеттердің ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі. Халықаралық жобалар аясында жүзеге асатын бірқатар бастамалар да бар. Мысалы, Құдайберген Жұбанов атындағы университеті мен Мичиган университеті археологиялық зерттеулер бағытында бірлесіп жұмыс істеп, жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Бұның бәрі Орталық Азияның адамзаты үшін, өркениет үшін үлкен зерттелмеген алаң. Сонымен қоса Орта Азия ежелден мәдениет пен өркениеттің тоғысқан маңызды өңірлерінің бірі.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл аймақ ғасырлар бойы ғылым, әдебиет және өнер салаларында ірі жетістіктерге қол жеткізген. Бұхара, Отрар, Самарқанд, Ташкент пен түркі елдердің ордасы Түркістан секілді қалалар өз дәуірінде рухани орталықтарға айналып, білім мен даналықты ұрпақтан ұрпаққа қолжазбалар мен кітаптар арқылы жеткізіп отырды. Бұл тарихи мұра қазіргі заманғы ұлттық кітапханалар мен мұрағаттардың қызметі мен рөлін айқындай түседі.

Бүгінгі таңда жаһандану үдерісі мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кітапхана ісін халықаралық деңгейге көтеріп отыр. Орталық Азия елдерінің кітапханалары шетелдік мекемелермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу, цифрландыру, қолжазбаларды сақтау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл үрдіс тек кітапхана ісінің дамуына ғана емес, сонымен қатар аймақтың бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етуде.

Соңғы онжылдықта Орталық Азия елдерінің ұлттық кітапханалары халықаралық әріптестікке белсенді түрде араласуда. Бұл ынтымақтастық ғылыми-зерттеу жобаларынан бастап, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Көптеген ұлттық кітапханалар мен ғылыми мекемелер әлемнің жетекші кітапханалары, зерттеу орталықтары және ЮНЕСКО, ИФЛА, ИСЕСКО, Erasmus секілді халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар жүргізіп келеді. Бұл жобалардын бірі тарихи қолжазбаларды зерттеу, оларды сандық форматқа көшіру және ортақ стандарттарды құруға бағытталған болса, ал екіншісі кәсіби шеберлікті дамытуға арналған.

Аймақ университеттері мен кітапханалары IFLA, Eurasian Library Assembly, CAIS (Central Asian International Symposium), EALT секілді халықаралық және аймақтық алаңдарда бас қосып, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, цифрлық трансформация, ашық ғылым және білім беру ресурстары бағыттарында тәжірибе алмасуда.

Қазақстандағы Ұлттық кітапхана да сирек кітаптар қорын цифрландыру бойынша шетелдік серіктестермен бірқатар жобаларды жүзеге асырып отыр. Түркия, Иран, Ресей және Еуропа елдері Орталық Азия елдерімен кадр алмасу, тағылымдамалар ұйымдастыру және жаңа кітапхана технологияларын оқыту бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, Түркияның TİKA ұйымы арқылы Қырғызстан мен Қазақстан кітапханашылары Түркияда арнайы оқытудан өтіп, заманауи кітапхана технологияларымен танысуға мүмкіндік алды.

2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров түркітілдес халықтардың ортақ кітапханасын құруды ұсынды. Бұл бастама ұйымға мүше бес мемлекет – Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан басшыларынан қолдау тапты.

Ендігі этап 2025 жылдың тамыз айында Астанада ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет өтетін IFLA форумы. Бұл форум Қазақстандық кітапханаларын халықаралық деңгейді өзін таныстыруға бағытталған.

Орталық Азия елдері тарихи, тілдік және мәдени тұрғыдан өзара тығыз байланысқан. Аймақтың рухани мұрасы - қолжазбалар, көне кітаптар мен мұрағаттық құжаттар - тек жекелеген ұлттарға ғана емес, бүкіл түркі әлемі мен ислам өркениетіне ортақ қазына. Осыны ескере отырып, соңғы жылдары ортақ мұраны сақтау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында бірқатар интеграциялық бастамалар қолға алынуда.

Бұл бастамалар ғалымдар мен зерттеушілерге Түркі әлемінің сирек қорларына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беріп, әртүрлі жазу үлгілері мен әдеби стильдерді салыстыра зерттеуге жол ашып отыр. Сонымен қатар, кейбір ұлттық кітапханалар кітап қорларын біріктіру бағытында жұмыстар жүргізуде. Мұндай жүйелер зерттеушілерге әртүрлі елдердің мұрағат материалдарын қашықтан іздеп, тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

Ортақ цифрлық платформалар мен үйлестірілген каталогтар арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар — тек ақпарат алмасудың құралы ғана емес, сонымен қатар ортақ тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар. Алдағы уақытта бұл платформалар Орталық Азияның мәдени бірлігінің тірегіне айналуы мүмкін.

Тек Әл-Фараби кітапханасының өзінде мыңдаған сирек кездесетін кітап пен қолжазбалар қоры, ал басқа кітапханалар, ал жеке кітапханалар, ал өз отбасының мұрасы ретінде сақтап отырған қаншама қор зерттеушілерге жетпей жатыр?

Қорытындылай келе, Орталық Азия елдері кітапханалары мен мұрағат мекемелерінің халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылысы — аймақтың рухани және мәдени әлеуетін әлемге танытудың маңызды жолы. Тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар мен цифрландыру бастамалары ақпараттық ресурстардың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, елдер арасындағы сенімді нығайтып, тарихи мұраны сақтау жолында жаңа мүмкіндіктер туғызуда. Болашақта ортақ ғылыми платформалар мен деректер базалары аймақтық интеграцияны тереңдете түсері сөзсіз. Бұл үдерісте халықаралық ұйымдармен серіктестік, кәсіби біліктілікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу — табыстың негізгі кепілдері болып қала бермек.

Жайлаубаев Абзал Рысбекұлы