қаралымдар: 625 оқырман

2025 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ, САЯСИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӨЗГЕРІСТЕР

2025 жылдың қаңтар айы Өзбекстан үшін аса маңызды оқиғалар мен жаңа бастамаларға толы болды. Елдің экономикалық және саяси салаларындағы серпін, әлеуметтік реформалар мен халықаралық аренадағы жағдайлар Өзбекстанның дамуындағы жаңа кезеңді айқындады. Қаңтар айындағы нәтижелерді талдай отырып, елдің тұрақты даму жолындағы жетістіктері мен проблемаларын қарастыруға болады.

Экономикалық өсу мен әлеуметтік жаңалықтар

Өзбекстанның халық саны 2025 жылдың 1 қаңтарында 37 миллион 543,2 мың адамды құрады. Бұл 2024 жылы халық санының 2%-ға өскенін көрсетеді. Жалпы халықтың 50,4%-ын ерлер, 49,6%-ын әйелдер құраған. Қалалық тұрғындар саны 19,1 миллионға жетсе, ауыл тұрғындары 18,4 миллион адамды құрайды. Бұл мәліметтер елдегі демографиялық жағдайдың тұрақты даму үстінде екенін көрсетеді.

2025 жылы Өзбекстан экономикасында орташа жалақы 17,4%-ға өсіп, 5,3 миллион сомды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Экономикалық өсімнің бір көрінісі – туризм саласындағы жетістіктер. Өзбекстан паспортының халықаралық рейтингінде орны жоғарлап, визасыз баруға болатын елдер саны 27-ден 32-ге дейін артты. Бұл өзгеріс Өзбекстанның сыртқы байланыстарының кеңейіп, халықаралық аренада танымалдылығының артқанын көрсетеді.

Қысқа мерзімді демалыс және саяси бастамалар

Қаңтар айы мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің қысқа мерзімді еңбек демалысына шығуымен басталды. 6-10 қаңтар аралығында президент демалыста болғанымен, мемлекет жұмысы тоқтамады. Елде көптеген маңызды оқиғалар, экономикалық келіссөздер мен халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған қадамдар іске асырылды.

Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық жыл басында тағы бір маңызды кезеңге аяқ басты. Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Ташкент облысындағы Амирсой курорттық кешенінде бейресми кездесіп, екіжақты және өңірлік мәселелерді талқылады

Халықаралық аренадағы маңызды қадамдар

Өзбекстанның халықаралық аренадағы белсенділігі де айтарлықтай артты. Ел басшылығы мен басқа мемлекеттердің, оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанмен өткізілген кездесулер, әріптестікті нығайтуға бағытталған бірнеше келісімдерге қол қоюға мүмкіндік берді. 2025 жылдың 22 қаңтарында Шавкат Мирзиёев Ресей Федерациясының қорғаныс министрі Андрей Белоусовты қабылдап, екі ел арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты маңызды келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, Өзбекстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылып, қаржылық-техникалық ынтымақтастық мәселелері шешілді.

Жаңа бастамалар мен реформалар

Қаңтар айында Өзбекстанда бірнеше маңызды әлеуметтік және экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Елде «Бір миллион жасыл отбасы» жобасы аясында экологиялық белсенділікке ынталандыру шаралары енгізілді. Жоба аясында күнделікті 10 мың қадамнан жүріп, экологиялық белсенділік танытқан азаматтар үшін жаңа мәртебе, жеңілдіктер мен сыйлықтар ұсынылады. Бұл шара Өзбекстанда денсаулық сақтау мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Цифрландыру саласында да үлкен өзгерістер күтілуде. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Өзбекстанда жеке басын куәландыратын құжаттардың электрондық көшірмелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл қадам азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетеді және бизнес процестерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік салалардағы жаңалықтар

Өзбекстанның білім саласында да жаңалықтар орын алуда. Елде мемлекеттік ЖОО Cyber University ашылады. Бұл университет киберқауіпсіздік, цифрлық экономика және жасанды интеллект саласындағы мамандарды оқытумен айналысады.

Сонымен қатар, Ташкентте ұлттық киімді насихаттау мақсатында жаңа шаралар енгізілді. 21 қаңтарда Ташкент қаласының әкімдігі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне әр жұма сайын ұлттық киім кию ұсынылып, бұл шара арқылы ұлттық бірегейлікті насихаттау көзделеді.

Қарулы Күштері

Өзбекстан әлемдегі ең мықты армия рейтингінде 58-ші орынға ие болды. Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстанның Қарулы Күштері екінші орында тұрды. Орталық Азия елдері арасында 57-ші орында тұрған Қазақстан бірінші орынды иеленді. Өзбекстан-екінші орында. Түрікменстан 77-ші, Қырғызстан 105-ші, Тәжікстан 108-ші орынға ие болды.

Инфрақұрылымдық жаңалықтар

Өзбекстанның инфрақұрылымдық дамуында да ірі өзгерістер орын алды. 2025 жылы ел мен Қазақстан арасындағы жаңа теміржол желісінің құрылысы басталмақ. Жаңа теміржол желісі екі ел арасындағы экспорттық тасымалды арттыруға және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ташкент облысындағы «Навои» кеден бекеті қайта ашылды. Бұл кеден бекеті Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттықты жандандыруға және екі ел арасындағы логистикалық процестерді жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Спорт: Абдукодир Хусановтың Манчестер Ситиге ауысуы

Өзбекстанның футбол тарихында ерекше оқиға орын алды. Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусанов 2029 жылға дейін Манчестер Сити клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл қадам Өзбекстан футболының халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Алайда, ағылшын Премьер-лигасында өнер көрсеткен алғашқы өзбекстандық футболшы Абдукодир Хусановтың дебюті сәтсіз болды, өзбек футболы үшін аса маңызды болған «Челсиге» қарсы ойында бірнеше қателік жасап, сары қағаз алды.

Қорытынды

2025 жылдың қаңтары Өзбекстан үшін маңызды оқиғаларға толы ай болды. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықаралық қатынастардың нығаюы мен цифрландыруға бағытталған бастамалар елдің дамуындағы жаңа кезеңді айқындады. Өзбекстан алдағы уақытта да сыртқы саясатта белсенді бола отырып, ішкі реформаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыратыны айқын.

Апсаттарова Гулзада Абдусағатқызы