қаралымдар: 498 оқырман

АУҒАНСТАНДАҒЫ КУШ-ТЕПЕ КАНАЛЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ӘСЕРІ

Орталық Азиядағы су ресурстары аймақтың тұрақтылығы мен дамуы үшін аса маңызды фактор болып табылады. Климаттық өзгерістер мен су тұтынудың артуына байланысты трансшекаралық өзендерді басқару аймақ елдері үшін басты міндеттердің біріне айналуда. Осы тұрғыда Ауғанстанда салынған, суын Әмудария өзенінен алатын Куш-Тепе каналы көрші елдер, әсіресе, суға тәуелді Өзбекстан мен Түрікменстан тарапынан алаңдаушылық туғызуда.

Бұл жоба Солтүстік Ауғанстанның құрғақшылыққа ұшыраған жерлерін суару мақсатында жүзеге асырылып отырған 2022 жылдың ірі гидротехникалық бастамасы. Каналдың ұзындығы шамамен 285 км, ені 100 метрге, ал тереңдігі 8 метрге дейін жетеді. Оның жылдық өткізу қабілеті 10 миллиард текше метр суға бағаланып отыр, бұл аймақтағы су теңгеріміне елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін. Канал құрылысының негізгі мақсаты – Балх, Жәузжан және Фарьяб провинцияларындағы ауыл шаруашылығын дамыту, бұл аймақтарда халықтың басым бөлігі егіншілікпен айналысады және су ресурстарына аса мұқтаж. Су ресурстарын басқару жөніндегі ауған эксперті Наджибулла Садид мырзаның айтуы бойынша, бұл Кош Тепа каналы Ауғаныстанға жылына 500 млн. доллар алып келуі мүмкін.

Аталған жобаның экономикалық салдары тек Ауғанстанмен шектелмей, көршілес елдерге де әсер етпек. Әмудариядағы су көлемінің қысқаруы Өзбекстан мен Түрікменстандағы ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін, әсіресе, суармалы егістіктерге тәуелді аудандарда бұл әсер айқын сезіледі. Бұл өз кезегінде су ресурстары үшін бәсекелестікті күшейтіп, мемлекеттерді ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге итермелейді. Сонымен қатар, Халықаралық экологиялық коалиция «Шекарасыз өзендер» (Rivers without Boundaries) каналдың пайдалануға берілуі Әмудария бассейніндегі барлық елдердің су қамтамасыздығына кері әсер ететінін ескертті.

Ұзақ мерзімді перспективада бұл ұлттық су пайдалану стратегияларын қайта қарастыруды талап етуі болжамды. Себебі су деңгейін тұрақты ұстап тұру үшін қосымша су қоймаларын салуды қажет болады. Экологиялық тұрғыдан алғанда, Әмудария өзенінің деңгейі төмендеуіне, Арал теңізінің одан әрі құрғауына, топырақтың тұздануына және гидрологиялық режимнің өзгеруіне алып келуі ықтимал. Бұл экожүйелердің нашарлауына және өзеннің төменгі ағысындағы биоалуантүрліліктің азаюына әкеледі.

Куш-Тепе каналы құрылысының геосаяси салдары да айтарлықтай бар. Көптеген жылдар бойы Орталық Азиядағы су мәселелері шиеленіс көзі болып табылады, ал су бөлудегі жаңа өзгерістер мемлекетаралық қатынастардың күрделенуін туындырады.

Өзбекстан мен Түрікменстан үшін бұл жоба ұлттық қауіпсіздікке қауіпті, себебі ол олардың стратегиялық маңызы бар су ресурстарын бақылауын әлсіретеді. Осыған байланысты Әмудария өзенінің суын бөлуді реттейтін жаңа халықаралық келісімдерге қол жеткізу қажеттілігі туындауы мүмкін, алайда бұл тараптардың мүдделерінің қайшылығы салдарынан күрделі процесс болмақ. Қосымша қауіп факторларының бірі – Ресей, Қытай және АҚШ сияқты сыртқы ойыншылардың ықтимал араласуы, олар су дағдарысын аймақтағы өз ықпалын күшейту үшін пайдалануы мүмкін.

Теріс салдарды азайту үшін Орталық Азия елдері жағдайды тұрақтандыруға бағытталған кешенді шараларды қабылдауы қажет. Ең алдымен, су ресурстарын басқарудың аймақтық механизмін құру, бұл суды әділ бөлуге және ықтимал қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ауғанстанмен дипломатиялық келісімге қол жеткізу арқылы су алу квоталарын нақты белгілеу керек.

Жалпы алғанда, Куш-Тепе каналының құрылысы Орталық Азия үшін елеулі сын-қатерлерге алып келуі мүмкін және барлық мүдделі тараптардың келісілген іс-қимылдарын талап етеді. Кешенді және стратегиялық ынтымақтастық ғана аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.

Сариева Ботагөз Берікқызы