қаралымдар: 187 оқырман

ӨЗБЕКСТАНДА КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ: ЗАМАНАУИ СЕРПІН МЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАР

Өзбекстан Орталық Азия мемлекеттерінің бірі ретінде соңғы жылдары мәдени, білім және ақпарат саласын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етуде. Соның бір маңызды бөлігі ретінде кітапхана жөйесін жаңғырту, цифрландыру және халықтың оқу мәдениетін жоғарылату бағыттарында комплексті саясат жүргізілуде.

2017 жылғы президенттік жарлықтар аясында кітапбасу, тарату және кітапхана саласын терең реформалау жобалары қолға алынды. 2019 жылғы жаңа жарлықпен физикалық кітапханаларды цифрландыру, электронды каталогтар мен ресурстарға қолжетімділікті арттыру жоспарланды. Электронды ресурстарға сұраныстың артуына байланысты көптеген кітапханалар цифрлы платформаларды енгізуде. Соның ішінде "INFOLIB" секторы электрондық кітапханаларды орталықтандырылған бірыңғай жүйе негізінде дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, 2030 жылға дейін физикалық және сандық 40 миллион кітапты цифрландыру мақсаты көзделуде. Туристік орталықтар мен саябақтарда орнатылған ашық аспан астындағы кітапханалар қоғамдық оқу және саналы орта қалыптастыруға арналған. Оларда компьютер, Wi-Fi, және ұлттық кітапхана дерекқорына қосылу мүмкіндігі бар. Шалғай аудандар тұрғындары үшін жылжымалы кітапханалар уақытша нысандарда қосу арқылы оқу ресурстарын ұсыну тіршілікке айналды. Мұндай бастамалар білімге қолжетімділікті кеңейтуде үлкен рөл атқаруда. Кітапханалар жастардың білімін жетілдіру мен бос уақытын тиімді пайдалануда маңызды орын алуда. Өзбекстанда «Жастар кітапханасы» жобалары қолға алынып, еріктілер клубтары, оқу марафондары, әдеби кештер мен дебат алаңдары белсенді дамып келеді. Көптеген кітапханаларда жастарға арналған коворкинг аймақтар, стартаптарға қолдау көрсету бұрыштары және медиа зертханалар ашылып жатыр.

Өзбекстан кітапханалары халықаралық ұйымдармен, соның ішінде ЮНЕСКО, IFLA (Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар федерациясы) және Ресей, Корея, Түркия елдерінің ұлттық кітапханаларымен ынтымақтастық орнатуда. Бірлескен жобалар аясында жаңа технологиялар енгізіліп, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары мен тәжірибе алмасу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Кітапханалар тек заманауи әдебиетті ғана емес, сонымен қатар ұлттық мұра — қолжазбалар, тарихи басылымдар, мәдени құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Өзбекстан Ұлттық кітапханасында көне парсы және шағатай тіліндегі кітаптарды сандық форматқа көшіру жобасы іске асуда. Бұл келешек ұрпаққа тарихи жәдігерлермен танысуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Өзбекстанда кітапхана жүйесі жаңа серпінмен дамып келеді. Мемлекеттік қолдау, технологиялық жаңғырту, жастардың белсенді қатысуы және халықаралық әріптестік нәтижесінде кітапханалар білім мен мәдениеттің нағыз орталығына айналуда. Бұл үрдіс тек Өзбекстан үшін емес, бүкіл Орталық Азия үшін үлгі боларлық бастама деуге болады. 

Жайлаубаев Абзал Рысбекұлы