ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ: НЕГІЗГІ СТАТИСТИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР ЖӘНЕ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ
2025 жылға арналған негізгі статистикалық көрсеткіштер Түрікменстан үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ құрылымдық тұрғыдан күрделі сипатын көрсетеді. Табиғи ресурстарға, әсіресе газ секторына сүйенген экономикалық модель елге қысқа мерзімді өсім әкелгенімен, демографиялық өзгерістер, адами капитал сапасы және аумақтық даму теңсіздігі ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қатысты сұрақтар туындатады.
Бұл мақалада 2025 жылға тән демографиялық және экономикалық көрсеткіштер кешенді түрде талданып, олардың елдің даму траекториясына ықпалы қарастырылады.
Демографиялық ахуал: өсім әлеуеті және әлеуметтік жүктеме
2025 жылы Түрікменстан халқының саны шамамен 7,6 млн адамды құрайды. Халық құрылымының 34,9%-ын балалардың құрауы елдің демографиялық тұрғыдан жас мемлекет екенін көрсетеді. Медиандық жастың 26,9 жас деңгейінде болуы еңбекке қабілетті халықтың алдағы жылдары арта түсетінін аңғартады.
Бұл жағдай экономикалық өсім үшін әлеует болғанымен, бір мезгілде білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығына елеулі қысым түсіреді. Туу деңгейінің бір әйелге шаққанда 3 бала шамасында сақталуы демографиялық өсімнің ұзақ мерзімді сипат алатынын білдіреді.
Орташа өмір сүру ұзақтығы 70,3 жас, әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылық айқын. Балалар өлімінің салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштері (1000 балаға шаққанда 27,8–34,8) әсіресе ауылдық аймақтарда медициналық қызмет сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді.
Урбанизация деңгейі 46,5% ғана, бұл индустриялық және сервистік секторлардың дамуын шектейді. Халық тығыздығының төмендігі (16 адам/км²) ел аумағының кең болғанымен, экономикалық белсенділіктің біркелкі таралмағанын көрсетеді.
Экономикалық даму: өсім динамикасы және салалық құрылым
2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 64,69 млрд АҚШ долларын құрап, экономикалық өсім 6,3% деңгейінде болды. Бұл аймақтық тұрғыдан жоғары көрсеткіш саналады. Дегенмен, өсімнің негізгі драйверлері бұрынғыдай табиғи газ, мұнай және мұнай-химия секторларымен байланысты.
Инфляция деңгейінің 7,5% шамасында болуы макроэкономикалық тұрақтылықтың шартты түрде сақталғанын көрсетеді. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы өсімі 1,8% болғанымен, энергетикалық секторда жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы байқалады.
Ауыл шаруашылығындағы 5% өсім климаттық тәуекелдер мен ирригациялық шектеулерге қарамастан оң нәтиже болып саналады. Құрылыс секторының 7% өсуі тұрғын үй және инфрақұрылым жобаларының мемлекет үшін басым бағыт екенін көрсетеді.
Ішкі нарыққа бағытталған салаларда да оң динамика байқалады: бөлшек сауда айналымы 13,2%, қызмет көрсету саласы 8,4% өскен. Бұл халықтың тұтынушылық сұранысының артқанын білдіреді, алайда оның тұрақтылығы экспорттық табысқа тәуелді.
Сыртқы сауда және инвестициялар
2025 жылы сыртқы сауда айналымының 8,5% өсуі Түрікменстан экспортының шикізаттық бағыты сақталып отырғанын көрсетеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17,8 млрд манатқа жетіп, 15,6% өсім тіркелген.
Инвестициялардың басым бөлігі энергетика, құрылыс және инфрақұрылым секторларына бағытталған. Бұл қысқа мерзімді экономикалық тиімділік берсе де, экономиканы әртараптандыру деңгейін айтарлықтай арттырмайды. Шағын және орта бизнес секторындағы жалақының 12% өсуі әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға бағытталған шара ретінде бағаланады.
2025 жылғы статистикалық деректер Түрікменстанның экономикалық тұрғыдан өсім көрсетіп отырғанымен, оның құрылымдық негізі әлі де тар екенін айқын көрсетеді. Демографиялық өсім мен жас халық елге болашақта мүмкіндік берсе, урбанизацияның баяулығы, әлеуметтік инфрақұрылымдағы теңсіздік және экономиканың ресурстық тәуелділігі ұзақ мерзімді даму үшін сын-қатер болып қала береді.
Экономикалық саясаттағы негізгі міндеттер – әртараптандыруды жеделдету, адами капитал сапасын арттыру және аймақтық даму теңгерімін қамтамасыз ету. Осы бағыттарда жүйелі өзгерістер болған жағдайда ғана Түрікменстанның қазіргі өсімі ұзақ мерзімді тұрақты даму траекториясына ұласа алады.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы