ҚЫТАЙДЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЫҚПАЛЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЙДА МЕН ӘЛЕУМЕТТІК АЛАҢДАУШЫЛЫҚ
Қытайдың Өзбекстандағы саяси-экономикалық ықпалы соңғы жылдары айтарлықтай артты. Бұл елдің экономикасы, инфрақұрылымы және мәдениетіне елеулі әсер етіп отыр. Алайда, Қытай инвестициялары мен бизнесінің кеңеюі жергілікті халық арасында түрлі пікірлер тудырып, кейбір алаңдаушылықтарға себеп болуда. Бұл мақалада Қытайдың Өзбекстандағы үлесінің негізгі аспектілері мен оған қатысты пікірлер талданады.
Қытайлық инвестициялар және инфрақұрылымдық жобалар
2024 жылдың 21 қазанында Өзбекстан үкіметі шамамен 1,3 миллиард доллар көлемінде қалдықтарды энергияға айналдыру зауыттарын салу жобаларын жариялады. Бұл жобалар Қытайдың CAMC Engineering және Shanghai SUS Environment компанияларымен, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Tadweer Group және Оңтүстік Кореяның Sejin компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Жоспар бойынша, 2027 жылға қарай бұл зауыттар жылына 4,7 миллион тонна қатты қалдықтарды өңдеп, 2,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіретін болады.
Сонымен қатар, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысы басталды. 2024 жылдың 27 желтоқсанында Жалал-Абадта үш ел өкілдерінің қатысуымен салтанатты рәсім өтті. Бұл жоба Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бөлігі болып табылады және Орталық Азиядағы көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.
Қытай азаматтарының Өзбекстанға келуі және визасыз режим
2023 жылы Өзбекстан мен Қытай арасында 7 күндік визасыз режим енгізілді, бұл Қытай азаматтарының елге келуін жеңілдетті. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Өзбекстанға 57 700 қытайлық азамат келді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 63,1% көп. Олардың басым бөлігі (50 052 адам) туристік мақсатта келген.
Алайда, жуырда Өзбекстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим енгізу туралы келісім жасалып, оның 2025 жылдың сәуірінде күшіне енуі қоғамда жаңа пікірталастар туғызды. Қытай азаматтарының елге келуінің артуы жергілікті тұрғындар арасында демографиялық өзгерістерге байланысты алаңдаушылық тудыруда.
Қытайлық компаниялардың көбеюі және халықтың алаңдаушылығы
2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Өзбекстанда шетелдік инвестициямен жұмыс істейтін 14 871 кәсіпорынның ішінде Қытайдың қатысуымен 3 357 кәсіпорын тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 43,6% өсімді көрсетеді. Бұл жағдай жергілікті халық арасында алаңдаушылық тудырады, себебі қытайлық компаниялардың көбеюі жергілікті кәсіпорындарға бәсекелестік тудыруы мүмкін.
Мәдени және әлеуметтік ықпал
Қытайлық инвесторлардың қатысуымен кейбір тарихи маңызы бар объектілердің орнына жаңа ғимараттардың салынуы мәдени мұраның сақталуына қатысты мәселелерді көтереді. Көптеген маңызды архитектуралық нысандармен бірге сирек кездесетін постконструктивизм үлгісі – бұрынғы Чирчикстрой қонақ үйі де қытайлық компаниялардың жаңа бастамасымен өткеннің еншісіне кетуде. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл аумақта Қытайдың Soniya Group Limited компаниясының қатысуымен Чирчик инновациялық гимназиясының құрылысы жоспарлануда. Жобаға 15 миллион доллар тікелей шетелдік инвестиция құю, 100-ден астам жұмыс орнын құру және 500 балаға сапалы білім беру қарастырылған.
Сонымен қатар, Қытай азаматтарының Өзбекстандағы қоғамдық іс-шараларға қатысуы жергілікті халықтың назарын аударды. 2025 жылы 5-ші ақпанда Ташкентте қытайлық азаматтар «Біз күштіміз!» деген ұранмен жаппай акция өткізді, бұл халық арасында әртүрлі реакция тудырды.
Жерді сатып алу мәселесі
Әлеуметтік желілерде Қытай азаматтарының Өзбекстанда жер сатып алуы туралы ақпараттар тарады. Алайда, Өзбекстанның Кадастр агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, шетел азаматтарының елде жер сатып алуына тыйым салынғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, қоғамда бұл тақырып бойынша пікірталастар жалғасуда.
Қорытындылай келе, Қытайдың Өзбекстандағы қатысуы елдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенімен, халық арасында белгілі бір алаңдаушылықтар туғызуда. Әсіресе, Қытай компанияларының көбеюі, еңбек нарығындағы өзгерістер, мәдени ықпал және жер мәселелері бойынша пікірталастар артып келеді. Өзбекстан үкіметі бұл мәселелерді шешу үшін халықтың пікірін ескере отырып, теңгерімді саясат жүргізуі қажет. Қытаймен экономикалық ынтымақтастықтың тиімді болуы үшін оның жергілікті халық мүддесіне сай жүзеге асырылуы маңызды.
Апсаттарова Гулзада Абдусагатовна
«Central Asian Dream» жобасының
Өзбекстан бойынша сарапшысы