Осыдан жарты жыл бұрын Таяу Шығыстағы жағдайдың жаңа шиеленісі орын алды. Бүгінде халықаралық қауымдастық бұл мәселені реттей алмайтындығын көрсетуде. Соңғы алты айда Израиль Газа секторындағы Араб халқына қарсы геноцид жасады. Осы уақыт ішінде жүздеген мың газа тұрғындары баспанасыз қалды және Палестина дереккөздеріне сәйкес 33 000-нан астам адам қаза тауып, 70 000-нан астам адам жараланды. Израильдің жауабы ретіндегі шарасы Газа тұрғындарына деген қарсы ашық террорға айналғаны белгілі. Осыған байланысты қазіргі жағдайдың мүмкін шешімдерінің бірі ретінде 1967 жылы шекарада тәуелсіз Палестина Мемлекетін құру болар еді. Осы күндері әлемдік көшбасшылар бұл идеяны жүзеге асыру мәселесін жиі талқылап жатыр. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі де бұл бастаманы қолдағандығы мәлім. 1967 жылғы шекарада тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуы утопиялық тұжырымдама болып көрінгенімен, бірнеше факторларды ескеру қажет. Алдымен Израильдегі жағдайдан бастайық. Неліктен Израильге бұл шиеленіс қажет болды? Израиль АҚШ пен ЕО қолдауынсыз өзін қауіпсіз сезінбейтініндігі белгілі. Вашингтонның қақтығысқа тікелей қатысу ықтималдылығы кейбір тікелей немесе жанама қатысушыларды қақтығысқа араласуына тежегіш фактор болып отыр. Израиль аймақ елдерімен келіссөздер жүргізуге мәжбүр болатындығы анық. Төрт жыл бұрын, «Ибраһим келісімдеріне» қол қойылған кезде, Парсы шығанағы монархияларымен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру процесі басталды. Бұл келісімдер Араб монархияларына Израильмен қалыпты қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді және осы келісімдерді жүзеге асыру немесе ұзарту Таяу Шығыс мәселесін одан әрі шешуге ықпал етер еді.
Аталмыш келісімге қол қою араб-израиль қатынастарының жаңа кезенің белгіледі. Алайда, не өзгерді және қақтығыс неге күшейе түсті? Менің ойымша, біз әлемдегі саяси оқиғалардың кең контекстін қарастыруымыз керек. Украинадағы қақтығыс халықаралық құқықтың әлсіз жақтарын көрсетті, өйткені халықаралық қауымдастық жаңа қиындықтарға тиімді қарсы тұра алмады. Африка елдеріндегі кішігірім билеушілерді жазалау бір бөлек, бірақ Ресей сияқты ірі державаны оқшаулауға тырысу мүлдем басқа мәселе. Дегенмен, Палестинаның болашағы әлі де ірі державалар арасындағы қарым-қатынастың сипатына байланысты екендігі өкінішті.
Жанжалдың ықтимал себептерінің бірі халықаралық логистика мәселесі болуы мүмкін. Ресей мен батыс елдері арасындағы қатынастардың нашарлауын ескере отырып, Ресейдің әлемдік саясат пен экономикадағы ықпалының барынша азаюына алаңдаушылық бар. Қазіргі уақытта Қытайда өндірілген тауарлардың көп бөлігі Еуропа мен Америка нарықтарына теңіз арқылы, ал аз ғана бөлігі құрлықта жеткізіледі. Құрлықтағы жүк тасымалының көп бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді. Ресей энергетикалық ресурстарды сыртқы саясат құралы ретінде пайдалануға тырысты. Мәскеудің логистикалық және транзиттік мүмкіндіктері Еуропа елдеріне қысым көрсетудің соңғы құралдарының бірі болып саналады. Бүгінде Қытай Ресейдің ең маңызды сауда серіктесі. Жақында Сергей Лавров Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу өткізіп, осы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Бейжіңнің ұстанымы ресейшіл болмаса да, ол көп полярлы халықаралық жүйені сақтаудың маңыздылығын түсінеді. Америка Құрама Штаттарындағы Демократиялық партияның көтерілуі Қытаймен сауда шиеленісін уақытша бәсеңдеткенімен, Трамптың қайта сайлануы екіжақты шиеленісті қайта өрбітуі мүмкін.
Өндіріс күштерін Қытайдан Оңтүстік Азия елдеріне, атап айтқанда Үндістан мен Пәкістанға ауыстыру ықтимал сценарий болып санадалы. Бұл айтарлықтай инвестиция мен уақытты қажет етеді және бұл қысқа мерзімді үрдіс емес.
Палестинаға оралсақ. Өнеркәсіптік қуаттарды ықтимал тасымалдау дәстүрлі көлік және логистикалық маршруттардың өзгеруіне әкеледі. Біріншіден, Еуропа мен Америка Құрама Штаттары үшін Иран мен Ресей сияқты «дос емес елдерден» келетін тәуекелдерді азайту өте маңызды. Иран өзінің «Хезболла» және Хуситтер сияқты проксилері арқылы батысқа қысым жасауды көптен бері мақсат етіп келеді. Соңғы уақытта Хуситтер Аден бұғазы арқылы өтетін сауда кемелеріне жиі шабуыл жасауда. Иран кез келген уақытта Ормуз бұғазын жауып тастауы ықтимал және Суэц каналындағы Ever Given оқиғасы жаһандық жеткізу тізбегінің осалдығын көрсетті. Мысырдағы жағдайдың нашарлауы исламшыл топтардың күшейіп «Аль-Ақса үшбұрышын» нысанаға алуы мүмкін, бұл логистикалық тізбекті одан әрі бұзады деген қауіп бар.
Ағымдағы оқиғалар аясында Үндістанды, араб әлемін және Еуропаны байланыстыратын жаңа көлік дәлізін құру туралы пікірталастарды жаңғыртты. Бұл маршрут Иордания мен Израиль арқылы өтеді.
Осыны ескере отырып, Израиль бұл дәліздің қауіпсіздігінің ең жоғары деңгейін қамтамасыз етуі керек, өйткені ХАМАС пен «Хезболла» сияқты күштердің әрекет етіп, зиян келтіруі мүмкін. Израильдің мақсаты-бұл мәселенің шешімін мүмкіндігінше тезірек табу.
Израиль 1967 жылы Палестина мемлекетінің құрылуымен келіспейді, өйткені бұл еврей мемлекетінің мүдделеріне сәйкес келмейді.
