ТӘЖІКСТАН МЕН ИРАН АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ
1992 жылдың 8 қаңтарынан бастап Тәжікстан Республикасында ең алғашқы болып дипломатиялық өкілдігін ашқан Иран Ислам Республикасы еді. Өткен 32 жыл ішінде Иран Ислам Республикасы Президенттері Тәжікстан Республикасына ресми сапармен 13 рет болыпты. 2025 жылдың 15 қаңтарында Иранның жаңа Президенті Масуд Пезешкианның ресми сапары аясында екі ел басшылары стратегиялық маңызды құжаттарға қол қойып, әріптестіктің жаңа кезеңін айқындады.
Орталық Азия мемлекеттерінің ішіндегі жалғыз парсы тілдес Тәжікстан үшін тілі, тарихы және мәдени құндылықтары ортақ Иранмен тұғырлы қарым-қатынасы маңызды рөлге ие. Екі ел арасындағы шекаралық шектеулердің жеңілдеуі, яғни азаматтардың еркін қозғалысы мен сауда қатынастары артып келеді. Оның бір дәлелі ретінде, 2024 жылғы 10 тамыздан бастап Тәжікстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының үкіметтері арасындағы визасыз режим енгізу туралы өзара түсіністік меморандумы күшіне енуі болып табылады. Аталған құжат негізінде екі тараптың азаматтарына алғашқы кіру сәтінен бастап 90 күн ішінде визасыз түрде 30 күнге дейін тараптардың аумағына кіруге рұқсат беріледі. Алайда, алғашқы кезеңде визасыз жүйені енгізу тек Душанбе-Тегеран және Тегеран-Душанбе әуе бағыттарын пайдаланушылар үшін жүзеге асырылып жатыр. Бұл жеңілдетулер екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етуде. Сонымен қатар, Иран мен Тәжікстан арасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әсіресе энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларында, маңызды орын алады.
Сондай-ақ, Иранның Тәжікстан экономикасына салған инвестициялары артып келеді, әсіресе гидроэнергетика саласында бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Мәселен, «Сангтуда-2» гидроэлектр станциясы Иранның тікелей қатысуымен салынған және бүгінгі таңда Тәжікстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
2025 жылдың 15 қаңтарындағы ресми сапар барысында қол қойылған жаңа келісімдер экономикалық әріптестікті күшейтуге бағытталған. Сауда айналымын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру жоспары талқыланды. Осы шаралар Тәжікстан мен Иран арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтермек. Иранның Чабахар және Бандар-Аббас порттарын, сондай-ақ Тәжікстанның еркін экономикалық аймақтарының мүмкіндіктерін қоса алғанда, оның көлік-транзиттік әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Бұл кезеңнің Орталық Азия мемлекеттеріне стратегиялық маңызы орасан зор, Иран арқылы Пәкістандағы және Үндістандағы порттарға шығу – Орталық Азия елдері үшін көлік-транзиттік бағыттарының бірі. Бұл бағыттар халықаралық сауданы жеңілдетіп, өңір елдерінің әлемдік нарықтарға қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Мәселен, Иранның Парсы шығанағының оңтүстігінде, Оман теңізі жағалауында орналасқан стратегиялық маңызы бар Чабахар порты Орталық Азия елдерінің Үнді мұхитына шығу үшін маңызды қақпа болып табылады. Атап айтқанда, Чабахар портының біршама елеулі артықшылықтары:
-Чабахар порты Үндістанның тікелей қолдауымен дамытылған, бұл сауда қатынастарын оңтайландыруға мүмкіндік береді;
-Үндістанға тікелей қолжетімділік береді, ал Үндістанның Мумбаи, Кандла, және Мундра порттары халықаралық сауда үшін негізгі қақпалар болып табылады.
-Порт аймағында арнайы экономикалық аймақ құрылып, транзиттік тасымалдау шығындары азайтылады.
-Бұл бағыт Парсы шығанағының дәстүрлі бағыттарынан (Гормуз бұғазы арқылы) аулақ орналасқан, бұл логистикалық қауіпсіздікті арттырады.
Екінші стратегиялық транзиттік дәліз, Пәкістанның ең ірі теңіз порты - Карачи порты. Бұл Пәкістанның сауда-экономикалық инфрақұрылымының негізгі бөлігін құрайды, әрі үлкен өткізу мүмкіндігіне ие. Ең маңыздысы, Орталық Азия елдеріне жақын орналасқан стратегиялық нүкте.
Осылайша, Тәжікстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастар екі елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағының дамуына ықпал ететін стратегиялық әріптестік ретінде маңызды орын алуда.
Сариева Ботагөз Берікқызы