Ф.ТОЛИПОВТЫҢ «ГЕОСАЯСИ АРИФМЕТИКА «5+1» МАҚАЛАСЫН ҚАЙТА ҚАРАУ
CABAR.asia ақпараттық порталында 2020 жылдың қараша айында танымал Өзбекстандық ғалым Фарход Толиповтың «Орталық Азиядағы геосаяси арифметика 5+1» атты мақаласы жарық көрген болатын[1]. Жарық көрген уақытынан бері ғылыми ортада біраз пікірталас тудырған мақала еді. Соңғы уақыттардағы Орталық Азия аймағындағы болып жатқан геосаяси өзгерістер мен жаңалықтарды ескере отырып, осы мақалаға қайта бір оралып, ғылыми ортаға ойталқы ұсынбақшымыз.
Мақаладағы геосаяси арифметиканың негізгі мәні: 5+1 АҚШ болған жағдайда аймақтың өзіне басымдылық берілген жүйе, яғни 5+1=5; 5+1 Ресей болған жағдайда, Ресейдің басымдылығы, яғни 5+1=6; 5+1 Қытай болған жағдайда анық емес, екіұдай қатынастар, яғни 5+1=х. Ол Орталық Азия үшін ең маңыздысы 5+0 формуласы, яғни басқа ойыншыларсыз аймақтың жеке интеграциялануы туралы айтылған.
АҚШ
Америка құрама штаттарының Орталық Азияға қатысты саясаты негізгі екі құжатқа негізделген еді. Олар: 1999 жылы қабылданған «Жібек жолы стратегиясы» заң жобасы және 2019-2025 жылдарға арналған АҚШ-тың Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясы болатын. Осы құжаттарда көрсетілген негізгі бағыттарды іске асыру үшін өте ұтымды жұмыстер легін 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін USAID (United States Agency for International Development) атқарып келген еді. Д.Трамп әкімшілігі USAID жұмысын уақытша тоқтатуға және кешенді тексерулер жүргізуге жарлық берді. Қазіргі уақытта USAID-тың ресми сайттары Қазақстан аймағында ашылмай тұр. 2024 жылдың өзінде осы агенттіктің қолдауымен Қазақстанға ғана 15,2 млн ақш доллары бөлінген[2]. Соның ішінде, бір ғана денсаулық сақтау саласына 8,8 млн ақш доллары бөлінген екен. Аймақтағы агенттіктің жұмысы тоқтауына байланысты пікірлер екі түрлі екендігін айтқымыз келеді. Мәселен, Қазақстандық сарапшы Д. Сатпаев: «Бұл босаған орынның негізгі бөлігін Қытай, келесі аздаған бөлігін Ресей толтыратын болады»,-деген пікір білдіреді[3]. Бұл дегеніңіз Орталық Азия аймағындағы АҚШ ықпалының одан ары азаюына әкеледі. USAID аймақтан кеткені жақсы дейтін пікірлер де бар. Себебіне, бұл агенттіктің жұмысы негізінен түрлі-түсті көтерілістерге алып келеді дей отырып, агенттік белсенді жұмыс жасаған Украинадағы майдан немесе Қырғызстандағы көтерілістерді дәйек етеді. Қалай болғанда да, 1999 жылы қабылданған «Жібек жолы стратегиясы» да, 2019-2025 жылдарға арналған стратегия да ескірді және мерзімдері де бітті. Оның үстіне АҚШ билігіндегі Д.Трамп саясатының Орталық Азияға қатысты негізгі жоспары мен ұстанымдары әлі анық емес. Тек, бір анығы АҚШ үшін Орталық Азия аса маңызды геосаяси аймақ емес. Сондықтан, Ф.Толипов пікіріндегі «5+1=5», яғни аймаққа басымдылық берілген формуласы «5+1=х немесе «5+1=ШЫҰ» деуге келетін сияқты. Себебі, АҚШ агенттігінің жұмысы уақытша болса да тоқтаған жағдайда, бұл кеңістікті Қытай мен Ресей бәсекелестігі толтыратыны анық. Қорыта келгенде «5+1» АҚШ болған жағдайда, аймақтағы жағдай екіұдай фазаға көшеді немесе екі негізгі ойыншы, Қытай-Ресей тым құрыса бәсекелестіктерін сыпайы ынтымақтастыққа ұластыра отырып Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында жалғастырады.
РЕСЕЙ
Орталық Азия + Ресей форматындағы қатынас одан ары дамып барады. Мақала жарық көрген уақытта тек СІМ деңгейінде кездесулер өткізілетін болса, 2022 жылы мемлекет басшыларының қатысуымен алғашқы саммит ұйымдастырылды. Осы деңгейдегі екінші саммит 2025 жылға жоспарланып отыр. Ресей Федерациясы аймақтағы өз ықпалын сақтай және одан ары арттыру үшін аймақ елдерімен екіжақты және көпжақты қатынастарын белсенді жалғастырып келеді. «5+1=6» формуласынан бас тартты деуге келмейді. Яғни, Ресейдің аймақтағы қатынасы, аймаққа басымдылық беру фазасында емес, аймаққа басымдылық ету фазасында. Сондықтан, автордың Ресейге қатысты 2020 жылғы пікірі әлі де маңызды деуге болады. Біздің қосарымыз, Ресей ешқашан «5+1=5» формуласында қарым-қатынас жасамайды. Орталық Азиялық «бесеу» мүмкін болған жағдайда бұл формуланы «5+1=1+1» деп өзгертулері керек. Яғни , біртұтас аймақ және тең дәрежедегі қарым-қатынас.
ҚЫТАЙ
«Орталық Азия+» форматында ең белсенді және жүйелі түрде жұмыс атқарып жатқан ҚХР екендігін мойындауымыз керек. Жоғары дәрежедегі, нәтижелі Сиянь қаласындағы 2023 жылғы саммит және Сиянь қаласындағы «Орталық Азия+Қытай механизмы» хатшылығының ашылуы сөзіміздің нақты дәлелі. 2025 жылы екінші саммит Қазақстанда жоспарланып отыр. ҚХР халықаралық сахнадағы геосаяси өзгерістерді өте ұтымды пайдалынып отыр. Ресейдің ұзаққа созылған соғыс жағдайы, Еуропалық Одақтың экономикалық қиыншылықтары, АҚШ-тың USAID жұмысын уақытша тоқтатуы сияқты факторлар Қытайдың аймақтағы салмағын күн санап арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Орталық Азия үшн Қытайдың негізгі бәсекелестері өздері-ақ, Қытайдың артық күшін сарп еткізбей аймақтағы ықпалдарын жоғалтуда. Сондықтан Ф.Толиповтың «5+1=х» формуласындағы «х» мәні толықтай анықталды деуге болады. «5+1=(5)» формуласы Қытайдың аймақтағы қатынасын жақсырақ сипаттайтын тәрізді. Яғни, аймақ елдеріне емес, аймақтағы Қытай экономикалық басымдылығына негізделген, жақша ішіндегі сырт келбеті ғана тең дәрежедегі қарым-қатынас.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯЛЫҚ «БЕСЕУ»
Автор Орталық Азиялық мемлекеттер үшін «5+0» формуласын ұсына отырып мынадай тұжырымдар ұсынады:
- Орталық Азияға қосымша ойыншылар керек емес. Аймақ қатынас үшін ашық, бірақ аймақта қосымша ойыншының болуы үшін жабық;
- Консултативтік кеңестер жұмысын күшейте отырып, Орталық Азия мемлекеттер ұйымы деңгейіне жету;
- Аймақтағы АҚШ, Ресей немесе Қытай сияқты ірі ойыншылардың қатынасын реттегенде, олардың мүдделері тұрғысынан емес, аймақ немесе аймақ мемлекеттерінің мүддесі тұрғысынан қарау;
- Аймақ мемлекеттерінің басқа ұйымдарда болуы, аймақтың бірігуіне кедергі келтірмеуін қадағалау.
- Орталық Азиялық мемлекеттердің ұйымы немесе одағы жақын болашақта орындала қоятын арман емес сияқты. Аймақ мемлекеттерінің өздерінің де саяси селқостығы, ірі ойыншылардың да бұл сценарийдің болуына қуана қоймайтындығы интеграциялық үдерістерді кешеуілдететіні анық. Сондықтан «5+0» формуласы қазірге іске аспай тұр. Керісінше аймақ басшылары «5+1» форматындағы қатынастарды күшейтуге терең мән беріп жатыр. Қалай десек те, Ф.Толиповтың соңғы екі тұжырымы аймақ мемлекеттерінің қатаң қағидасына айналуы тиіс.
Орталық Азияның мұраты – бірлік. «Тәуелсіздікті» тек бірлік арқылы ғана сақтай аламыз. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!
Жекенов Думан Құрманғазыұлы
P.S. Ғылыми ойталқыға, пікірталасқа ашықтығымызды білдіргіміз келеді.
[1] https://cabar.asia/ru/geopoliticheskaya-arifmetika-5-1-v-tsentralnoj-azii
[2] https://kz.kursiv.media/2025-01-30/zmzh-usa-usaid/
[3] https://www.ng.ru/cis/2025-02-02/5_9183_asia.html