ТӘЖІКСТАН МЕН ИТАЛИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
Соңғы жылдары Тәжікстан мен Италия арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстардың жандана түскені байқалады. Бұл екі елдің көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл бағытқа ерекше назар 2025 жылғы 30 мамырда Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Италия» саммиті аясында аударылды. Саммит барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ғылым және білім беру салаларында Италиямен тығыз әріптестікке дайын екендігін мәлімдеді.
Тәжікстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 15 мамырда орнатылған. Сол уақыттан бері екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған белсенді диалог жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда екіжақты қатынастардың құқықтық негізін құрайтын 14 үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойылған. 2024 жылғы сәуірде дипломатиялық паспорт иелеріне визалық талаптарды алып тастау туралы келісімге қол қойылды, бұл екіжақты қарым-қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық та оң серпінге ие. 2024 жылы Италиядан Тәжікстанға экспорт көлемі 55,53 миллион АҚШ долларын құрады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі және ауыл шаруашылығы. Итальян компаниялары Тәжікстанның жеңіл өнеркәсібін дамытуға белсенді қатысып, озық технологияларды енгізіп, жергілікті кәсіпорындарға инвестиция салуда.
2016 жылы итальяндық Salini Impregilo (қазіргі атауы Webuild) компаниясы Роғұн СЭС-ін аяқтау бойынша халықаралық тендерде жеңіске жетті. Құны шамамен 3,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісім жобалау, жабдық сатып алу және әлемдегі ең биік (335 метр) бөгетті салу жұмыстарын қамтиды. 2024 жылғы сәуірде Президент Эмомали Рахмон Италиядан Роғұн СЭС құрылысына 150 миллион доллар көлемінде несие бөлуді сұрады. Бұл жобаға Италияның, әсіресе Webuild компаниясының қатысуы Орталық Азиядағы стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл энергетика саласын дамытып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Астана саммитінде Эмомали Рахмон Италияның экспорттық-кредиттік агенттігі (SACE) мен ірі итальян компанияларының сауда өкілдіктерінің қатысуымен Орталық Азия үшін бірлескен инвестициялық қор құруды ұсынды. Қордың мақсаты – минералдық ресурстарды өндіру мен өңдеу, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және экспорттау салаларындағы жобаларды инвестиция және заманауи технологиялар арқылы қолдау.
Тәжікстан Италиямен бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытып, академиялық алмасулар мен ғылыми зерттеулер жүргізуге мүдделі. Мұндай бастамалар елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, ғылым мен білім салаларындағы тәжірибе алмасуға жол ашады. Бұл өз кезегінде екіжақты қатынастардың орнықты дамуына және халықтар арасындағы өзара түсіністіктің артуына септігін тигізеді.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық та Тәжікстан мен Италия арасындағы серіктестіктің басым бағыттарының бірі болып табылады. Тараптар терроризм, экстремизм, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыс, соның ішінде киберқылмыс пен есірткі айналымы сияқты қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға дайын екендіктерін білдіріп отыр. Сонымен қатар, тараптар климаттың өзгеруінің алдын алу және оның салдарына бейімделу бағытында да бірлескен іс-қимылдарға ұмтылуда. Бұл олардың жаһандық проблемаларды шешуге деген ортақ жауапкершілігін көрсетеді.
Жалпы алғанда, Тәжікстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастардың жандана түсуі көпсалалы ынтымақтастықты тереңдетуге деген өзара ұмтылысты білдіреді. Бірлескен жобаларды іске асыру, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, ғылыми-білім беру саласындағы өзара әрекет және жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы күш біріктіру – екіжақты серіктестікті тереңдетудің берік негізін құрайды. Мұндай жан-жақты әріптестік тек екі елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал етеді.
Cариева Ботагөз Берікқызы