ЕО – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БІРІНШІ САММИТІ: ТӘЖІКСТАННЫҢ ӨҢІРАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА КӨЗҚАРАСЫ
2025 жылғы 4 сәуірде Өзбекстан Республикасының Cамарқанд қаласында Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы тарихта тұңғыш жоғары деңгейдегі саммит өтті. Бұл оқиға екі өңір арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін – бағдарламалық қолдау мен саяси диалогтан институционалдық стратегиялық серіктестікке көшуін білдірді.
Аталған саммиттің өткізілуі Орталық Азияның халықаралық қатынастар жүйесінде тәуелсіз актор ретінде рөлінің артып келе жатқанын көрсетті. Геосаяси тұрғыдан маңызды аймақ ретінде Орталық Азия жаһандық және өңірлік державалардың мүдделері тоғысатын кеңістік бола отырып, қазіргі көпполярлы әлемде өзіндік орнын нығайтуға ұмтылуда. Осы жаңа жағдайларда Тәжікстан Еуропалық одақты тек экономикалық және техникалық серіктес ретінде ғана емес, сонымен қатар орнықты даму, қауіпсіздік, экология және трансшекаралық ынтымақтастық салаларындағы стратегиялық одақтас ретінде қарастырады.
Ташкенттегі саммитке қатысу Тәжікстан үшін өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану, энергетика және климаттық бейімделу сияқты басым бағыттар бойынша өзінің ұстанымын білдіру мүмкіндігі болды. Әлеуметтік осалдық, шекаралық тұрақсыздық және шектеулі қаржылық ресурстар сияқты тұрақты сын-қатерлер аясында Душанбе халықаралық орнықты даму бастамаларына қатысуды кеңейтіп, әртараптандырылған серіктестік байланыстарды дамытуға ұмтылуда. Бұл тұрғыда ЕО Тәжікстан үшін қаржылық қана емес, сонымен қатар институционалдық қолдау көрсете алатын, «жұмсақ күш» құралдарын пайдаланатын маңызды сыртқы актор ретінде көрінеді.
2025 жылғы саммитке қатысу Тәжікстанның көпвекторлы сыртқы саясатының қисынды жалғасы болды. Жаһандық полярлану және түрлі күш орталықтарының қысымы жағдайында республика стратегиялық автономияны сақтауға ұмтылады. Бұл ретте ЕО реформалар мен ұзақ мерзімді даму тұрғысынан сенімді серіктес әрі технология көзі ретінде маңызды орын алады. Еуропалық одақпен диалог Тәжікстанға ҰҚШҰ, ШЫҰ және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы сияқты өзге де интеграциялық форматтарға қатысуын теңгерімді ұстауға мүмкіндік береді.
Тәжік дипломатиясы үшін саммит еуропалық көшбасшыларға өңірдің оңтүстік шекарасындағы жағдайды тұрақтандырудың маңыздылығын жеткізудің сирек мүмкіндігін ұсынды. Ауғанстанмен ұзақ шекарасы бар жалғыз Орталық Азия мемлекеті ретінде Тәжікстан трансшекаралық қауіптерге – терроризм, экстремизм және есірткі трафигіне – алаңдаушылық білдіруде. Саммит барысында Президент Эмомали Рахмон ЕО-ның шекаралық қауіпсіздік саласындағы бағдарламаларын кеңейту және жаңа қауіп-қатерлермен күресте сараптамалық әлеуетті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.
ЕО-мен ынтымақтастықтың маңызды бағыты – орнықты су-энергетикалық даму тақырыбы болды. Аймақ су ресурстарының 60 пайыздан астамына иелік ететін Тәжікстан трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқарудың өңірлік тетігін қалыптастыру және су дипломатиясын дамыту қажеттігін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Саммит барысында Тәжікстан ЕО-ның гидроэлектр станцияларын салу және жаңғырту, «жасыл» энергетиканы дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізуге инвестиция тарту мүмкіндігін қарастырды. Еуропалық тарап бұл бағыттағы күш-жігерді ЕО-ның климаттық қорлары мен техникалық көмек арқылы қолдауға дайын екенін білдірді.
Климаттың өзгеруі мәселелері де Тәжікстан ұстанымының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Таулы ел ретінде республика мұздықтардың еруі, су теңгерімінің бұзылуы және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіптер секілді климаттық өзгерістердің салдарына аса осал. Осыған байланысты Тәжікстан экологиялық дипломатия саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде өңірлік климат орталығын құру және таулы экожүйелердің орнықтылығын зерттеуге бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды.
Гуманитарлық өзара іс-қимыл – Тәжікстан үшін тағы бір басым бағыт болып қала береді. Еңбек миграциясына тәуелділік, сапалы білімге қолжетімділіктің шектеулігі және ішкі еңбек нарығындағы жұмыс орындарының жетіспеушілігі жағдайында ЕО – жастар мобильдігі, білім беру, цифрлық трансформация және гендерлік теңдік салаларындағы әлеуетті серіктес. Тәжікстан Erasmus+ бағдарламаларына қатысуды кеңейтуге, сондай-ақ еңбек мигранттарына арналған кәсіби даярлау мен мобильділік бағытында жаңа форматтарды әзірлеуге мүдделілік танытты.
Самарқандтағы алғашқы ЕО – Орталық Азия саммиті өңіраралық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңінің символына айналды. Тәжікстан үшін бұл оқиға стратегиялық мәнге ие: ол өзекті мәселелерді шешуге қолдау алудың ғана емес, сонымен қатар еуразиялық ынтымақтастық архитектурасын қалыптастыруға белсенді қатысудың мүмкіндігі. Душанбе сыртқы серіктестермен өзара әрекеттестікте егемендік, өзара құрмет және орнықты даму қағидаттарына негізделген өңірлік көзқарастың жетекшісі ретінде көрінуге ұмтылуда. Өз кезегінде ЕО Орталық Азиямен байланыстарды тереңдетуге әзір екенін тағы бір мәрте растады, ал Тәжікстан – өңірлік жүйенің маңызды буыны ретінде – бұл үдерісте лайықты әрі жауапты орынды иеленуде.
Cариева Ботагөз Берікқызы