қаралымдар: 3934 оқырман

ӨЗБЕКСТАННЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ: ЖАҢА БАСТАМАЛАР МЕН РЕФОРМАЛАР

2025 жылы Өзбекстанда көптеген саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер орын алмақ. Президент Шавкат Мирзиеевтің бастамалары аясында елде көптеген реформа мен жаңашылдықтар жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер Өзбекстанның ішкі жағдайына ғана емес, халықаралық аренада да елдің беделін көтеруге бағытталған. Осы тұрғыда 2025 жылы күтілетін маңызды өзгерістер мен бастамалар туралы талдайық.

Өзбекстан экономикасы 2025 жылы реформалар мен жаңашылдықтардың арқасында дамуды жалғастырады. Экономикалық саланың маңызды бағыты — шағын және орта бизнесті қолдау. Өзбекстанда 2025 жылдан бастап кәсіпкерлікке арналған жаңа жеңілдіктер мен субсидиялар енгізіледі. Бұл өзгерістер жеке кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға әсер етеді. Елдің инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңартылады. Ташкент-Самарқанд және Ташкент-Андижан жолдарының ақылы магистральдарға айналуы көлік қатынасын жеңілдетіп, елдегі экономикалық интеграцияны жақсартады.

2025 жылы Өзбекстанда жаңадан бірнеше халықаралық әуежайлар мен теміржол станциялары салынады. Бұл Өзбекстанды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен және Қытаймен байланыстыратын маңызды көлік хабына айналдырады.

2025 жылдан бастап Өзбекстанда салық жүйесі мен жергілікті басқару жүйесінде өзгерістер енгізіледі. Хокимдерге (жергілікті әкімдер) жаңа өкілеттіктер беріліп, олар жергілікті басшыларды тағайындау және оларды жұмыстан босату құқығына ие болады. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерге мемлекеттік мүліктен алынатын барлық салықтар мен төлемдер енгізіледі. 2025 жылдан бастап Өзбекстанның қоғамдық тамақтану кәсіпорындары үшін салықтық жеңілдіктер мен кешбек жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе кәсіпкерлерге өздерінің 60%-дан астам сатылымдарын банк карталары арқылы жүзеге асырған жағдайда НДС-тің 40%-ын қайтарып алуға мүмкіндік береді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстанда букмекерлік қызмет заңдастырылылды. Букмекерлік қызметті ұйымдастыру интернетте және офлайн режимде лицензия негізінде жүзеге асырылады.

2025 жылы Өзбекстанда мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін шығындар ұлғаяды. Барлығы 24,2 трлн сум қаржы бөлінеді. Жаңа шығындар қатарында – аз қамтылған отбасылар үшін үйірмелер ұйымдастыру (500 млрд сум), балалар бақшаларында Face-ID жүйесін енгізу (64,6 млрд сум) және футболды насихаттау мақсатында мобильді ТВ станциясын сатып алу (108 млрд сум) бар. Сонымен қатар, «Жаңа Өзбекстан» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысымен айналысатын ірі жобалар іске қосылады. Президент Шавкат Мирзиеев 2030 жылға дейін 100 жаңа тұрғын үй кешенін салу туралы жоспарды жариялады. Бұл шара халықтың тұрғын үй мәселесін шешіп, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Өзбекстанда 2025 жылы кедейлікпен күрес және жұмыссыздықты азайту мәселелері басты назарда болады. «Махалла» жобасы аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жергілікті деңгейде 1 миллиард доллардан астам қаржы бөлінеді. Бұл шаралар жұмыссыздықты азайтып, экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Алайда, Үкіметтің инфляцияны бақылау бойынша күш-жігеріне қарамастан, 2025 жылы өнімдер мен қызметтер бағасының өсуі күтілуде. Атап айтқанда, жылыту және ыстық су тарифтерінің өсуі және пойыздарға билеттер бағасының өсуі.

Экология саласында да маңызды шаралар қабылданады. 2025 жыл экологияны қорғау жылы ретінде жарияланды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ташкенттің барлық аудандарында ауа сапасын бақылау үшін автоматты станциялар орнатылды. 2026 жылға қарай ластану туралы хабарландыру жүйесі іске қосылып, көшедегі электронды тақталар арқылы ақпарат беріледі.

Қаржы саласындағы маңызды өзгерістердің бірі – несие беру талаптарының қатаңдатылуы. 2025 жылдан бастап Өзбекстанның банктері қарыз алушылардың қарыз жүктемесінің 50%-дан аспауын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл дегеніміз, егер қарыз алушы өзінің табысының жартысынан көбін несиені өтеуге жұмсаса, оған несие берілмейді.

Халықаралық қатынастар және экономикалық интеграцияға келсек, 2025 жылы Өзбекстан халықаралық ұйымдар мен процестерде белсенділігін жалғастырады. Өткен жылдан бастап Өзбекстан ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясын Самарқанд қаласында өткізуге дайындалып жатыр. Бұл шара Өзбекстанның халықаралық аренадағы мәртебесін арттырып, мәдени және білім беру салаларындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өту процесі 2025 жылы аяқталуы мүмкін.

2025 жылы Өзбекстан 11 миллион туристі қабылдауды жоспарлап отыр. Өзбекстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұлттық туристік платформа іске қосылып, барлық туристік қызметтерді цифрландыру басталады.

Білім беру жүйесіндегі маңызды жаңалық – шетелдік мамандарды тарту үшін жеңілдіктердің берілуі. 2025 жылдан бастап шетелдік оқытушыларға жұмысқа рұқсат беру үшін алынатын алым 30 есе төмендетіледі. Бұл шара жоғары білікті мамандарды елге тарту арқылы білім беру сапасын арттырып, Өзбекстанның халықаралық білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді

Қорытындылай келе, 2025 жылы Өзбекстанда көптеген маңызды өзгерістер күтілуде. Бұл өзгерістер экономиканың, әлеуметтік саясаттың, экологияның және инфрақұрылымның дамуына әсер етіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Елдің барлық салаларында реформалар жүргізіліп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басылмақ.

Апсаттарова Гулзада Абдусағатқызы