ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАРЫ: СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЫҚПАЛЫ
Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің бірі ретінде Түрікменстан жаһандық энергетикалық нарықта өз орнын нығайта түсуде. Табиғи газ және мұнай қорлары бойынша әлемнің жетекші елдері қатарында тұрған бұл ел өзінің геосаяси орналасуы арқылы энергетикалық дипломатияның белсенді ойыншысына айналды. Түрікменстанның Каспий теңізі маңында орналасуы және көршілес мемлекеттермен энергетикалық байланыстары оны Еуразия кеңестігіндегі маңызды шикізат көзі ретінде сипаттауға мүмкіндік береді.
Түрікменстан газ қоры бойынша әлемде Иран, Ресей және Катардан кейінгі төртінші орында. BP мәліметтері бойынша, 2013 жылдың басында елдің дәлелденген табиғи газ қоры 17,5 триллион текше метрді құрады, бұл жалпы әлемдік қорлардың 9,3 пайызын құрайды.
Галкиныш (бұрынғы Оңтүстік Иолотень) газ кені – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. 2013 жылы кен орны пайдалануға берілді. Оның қор көлемі британдық Gaffney, Cline & Associates компаниясының бағалауы бойынша 26,2 трлн м3 және 300 млн тонна мұнай қоры бар. Сонымен қатар, Даулат, Яшлар және Марый кен орындары да стратегиялық маңызға ие.
Мұнай өндіру жұмыстары негізінен елдің батыс өңірлерінде және Каспий теңізі жағалауында жүргізіледі. Түрікменстан бұл салада ауқымды емес, бірақ тұрақты өндіріс көлеміне ие орта деңгейлі кен орындарымен ерекшеленеді. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Түрікменстанның дәлелденген мұнай қоры 600 миллион баррельді құрайды. 2024 жылы елде тәулігіне шамамен 275 000 баррель көлемінде мұнай және сұйық отын өндірілсе, оның 154 000 баррелі ішкі тұтынуға жұмсалған. Бұдан бөлек, елдің жер қойнауында маңызды минералдық ресурстар шоғырланған. Атап айтқанда, химия өнеркәсібіне қажетті күкірт, тұз, калий және иод кендері кең таралған. Сонымен қатар, фосфориттер мен өзге де минералдар ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштар өндіруде кеңінен қолданылады.
Табиғи ресурстар, әсіресе көмірсутек қорлары, Түрікменстанның ішкі экономикасымен қатар сыртқы саудасында және халықаралық қарым-қатынастарында да шешуші рөл атқарады. Энергетикалық экспорт елге тұрақты валюталық табыс әкеліп қана қоймай, оның өңірлік және жаһандық деңгейдегі геосаяси ықпалын да арттыруға мүмкіндік береді.
Түрікменстанның ең үлкен артықшылығы - энергетикалық дербестік. Бұл ел табиғи газ экспорты арқылы өз бюджетінің негізгі бөлігін қалыптастырады. Қытай, Иран, Ресей сияқты елдерге құбыр арқылы газ тасымалдауы Түрікменстанды өңірлік энергетикалық ойыншыға айналдырды.
Сонымен қатар, оның географиялық орналасуы да үлкен артықшылық болып табылады. Еуропа мен Азия арасында орналасуы - Түрікменстанды маңызды транзиттік мемлекет етеді. Бұл әсіресе энергетикалық жобалар мен халықаралық инфрақұрылымдық бастамалар (мысалы, Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбыры - TAPI) үшін аса маңызды. Газ экспорты бағытында ел бірнеше стратегиялық жобаларды жүзеге асырып отыр. Қазіргі уақытта газ Қытайға (Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай құбыры арқылы), Ресейге және Иранға жеткізіледі. Соңғы жылдары Түркия нарығына шығу бойынша келісімдер жасалуда. 2025 жылдан бастап Түркияның BOTAS компаниясына жылына 2 млрд м³ көлемінде газ жеткізу жоспарлануда. Бұл шамамен 1,5 млн адамды қамтамасыз етуге жеткілікті көлем.
Түрікменстанның табиғи байлықтары экономикалық тұрғыда әлеуетті арттырғанымен, бірқатар тәуекелдер мен шектеулер де туындатады:
1. Экономикалық тәуелділік. Экономиканың бір ғана секторға, яғни көмірсутек ресурстарына сүйенуі - қауіпті біржақтылық. Халықаралық нарықтағы мұнай мен газ бағасының күрт төмендеуі елдің табысына кері әсер етеді.
2. Саяси тәуекелдер. Энергия экспорты бағыттары көбінесе көрші елдер арқылы өтеді. Бұл Түрікменстанды белгілі бір деңгейде геосаяси қысымға ұшыратуы мүмкін. Қытай мен Ресей сияқты ірі серіктестермен қарым-қатынасқа тым тәуелді болу - сыртқы саясаттың икемділігін шектейді.
3. Экологиялық қауіп. Мұнай мен газ өндіру, әсіресе терең бұрғылау мен тасымалдау процестері қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Жердің бүлінуі, ауа мен судың ластануы - бұл табиғи байлықтарды игерумен байланысты экологиялық проблемалар.
Мемлекет табиғатты қорғау және тұрақты даму бойынша халықаралық стандарттарға сай әрекет етуді мақсат тұтқанымен, бұл бағыттағы практикалық қадамдар шектеулі күйде қалып отыр.
Түрікменстанның қазба байлықтары - бұл тек табиғи артықшылық емес, сонымен қатар жауапкершілік пен тұрақты даму үшін сын. Елдің болашағы осы ресурстарды қалай тиімді, әділетті әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз пайдалана алатынына байланысты. Осы орайда, Түрікменстан үшін ең басты стратегиялық бағыт - табиғи ресурстардан түсетін табысты экономиканың әртараптандырылуына, инновация мен адами капиталға, экологияны қорғауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсау болмақ. Бұл - шынайы ұлттық байлыққа апарар жол.
Байсалбек Олжас Айтжанұлы
03.07.2025