қаралымдар: 300 оқырман

2025 ЖЫЛЫ ТӘЖІКСТАН ТМД-ДА: ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІГІНДЕ ОНЫҢ ЫҚПАЛЫ МҮМКІН БЕ?

2025 жылы Тәжікстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) төрағалық етеді, бұл ел үшін бірқатар стратегиялық мүмкіндіктер ашқанымен, сонымен қатар күрделі сын-қатерлерді де туындатады.

Біз білетіндей, халықаралық ұйымдарға төрағалық ету дәстүрлі түрде елдің дипломатиялық позициясын күшейту, оның ықпалын кеңейту және ұлттық мүдделерін алға жылжыту мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Алайда, бұл мәртебе Тәжікстанның посткеңестік кеңістікте беделін арттыра ма, әлде оның рөлі шектеулі күйінде қалады ма деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

ТМД ұзақ уақыт бойы бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы ынтымақтастықты қолдау құралы ретінде қарастырылды, алайда оның әлемдік аренадағы рөлі айтарлықтай әлсіреді. Реализм тұрғысынан алғанда, ТМД көбіне ықпал ету аймақтарын сақтау құралы ретінде қарастырылады, әсіресе Ресей тарапынан. Грузия мен Украина ұйымнан шығып кетсе, Түрікменстан тек формалды түрде мүше болып қалып, ұйымда белсенді позиция танытпайды. Қазақстан, Өзбекстан және Орталық Азияның басқа да елдері Ресей, Қытай және Батыс арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады. Беларусь Ресейге бейімделгенімен, өз тәуелсіздігін сақтауға ұмтылуда. Өз кезегінде, Тәжікстан төрағалықты шекара қауіпсіздігі мен еңбек миграциясы сияқты стратегиялық мүдделерін қорғау үшін пайдаланады. Алайда ТМД-ның әлсіздігі мен оның әлемдік аренадағы белгісіз рөлі Тәжікстанның нақты ықпал ету тетіктерінің шектеулі екенін көрсетеді.

Тағы бір айтарлықтай жайт, ТМД-да келісімдердің орындалуын қадағалайтын қатаң механизмдер жоқ, сондықтан көптеген шешімдер тек ұсынымдық сипатқа ие. ТМД еркін сауда аймағын құру әрекеттері толыққанды нәтиже берген жоқ, ал нақты интеграция – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында жүзеге асырылуда. Тәжікстан ЕАЭО-ға мүше болмаса да, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға қатысады және ТМД-ны Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және басқа елдермен екіжақты және көпжақты қатынастарды нығайту платформасы ретінде пайдаланады. Алайда, ТМД-ның әлемдік процестерге ықпалы шектеулі, бұл Тәжікстанның халықаралық беделін айтарлықтай арттыру мүмкіндігін шектейді.

Осыған қарамастан, Тәжікстан төрағалығының бірнеше басымдықты бағыттарын айқындады. Олардың бірі – өңірлік қауіпсіздікті нығайту. Қауіпсіздік пен тұрақтылық ТМД елдері үшін негізгі мәселелердің бірі болып табылады, оған халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткі саудасын бақылауды күшейту, әсіресе Ауғанстандағы жағдайға байланысты, сондай-ақ шекараны қорғау мен көші-қон процестерін реттеу кіреді. Ауғанстанмен ортақ шекарасы бар Тәжікстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге және ҰҚШҰ аясында шекараларды қорғау тетіктерін жетілдіруге мүдделі.

Келесі маңызды бағыт – экономикалық интеграция және сауда-инвестициялық ынтымақтастық. Бұл бағыттағы негізгі бастамалар – сауда кедергілерін азайту, энергетикалық, оның ішінде гидроэнергетикалық жобаларға инвестиция тарту және Орталық Азияны Ресеймен, Беларусьпен және басқа елдермен байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту.

Ресейдегі көші-қон заңнамасының өзгеруі мен бюрократиялық рәсімдерді жеңілдету қажеттілігіне байланысты көші-қон саясаты мен еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау Тәжікстанның әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды факторы болып табылады. Бұл бағытта төрағалық ТМД елдерінен шыққан еңбек мигранттарының жағдайын жақсарту, Ресей және Қазақстанмен көші-қон саясаты мәселелерінде ынтымақтастықты нығайту.

Тәжікстан, су энергетикалық ресурстарының айтарлықтай көлеміне ие бола отырып, су ресурстарын пайдалану жобаларын ілгерілетуге мүдделі. Алайда, бұл белгілі бір қайшылықтарға алып келуі мүмкін, себебі Өзбекстан және Қазақстан сияқты көрші елдер тәжік су ресурстарына тәуелді.

Сонымен қатар, төрағалықтың перспективалы мүмкіндіктеріне қарамастан, Тәжікстан бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Посткеңестік кеңістіктегі жағдай күрделі болып қалуда және Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты ТМД елдеріне санкциялық қысым жасалуда. Тағы бір маңызды фактор – ТМД-ға мүше елдердің әлсіз интеграциясы, өйткені ТМД толыққанды интеграциялық құрылым болып табылмайды, бұл төрағалықтың маңыздылығын төмендетеді. Ресей мен ТМД-ның басқа да негізгі елдері сыртқы саяси қақтығыстарға назар аударуда, бұл олардың Тәжікстан бастамаларына деген қызығушылығын азайтады. Сонымен қатар, елдегі жұмыссыздықтың жоғары деңгейі мен еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелділігі Тәжікстанның белсенді көшбасшылық рөл атқаруына ресурстық шектеулер қояды.

Аталған қиындықтарға қарамастан, ТМД-ға төрағалық ету Тәжікстанға бірқатар мүмкіндіктер береді, соның ішінде дипломатиялық белсенділікті арттыру, өңірлік деңгейде бастамалар әзірлеу, әсіресе Ресей және Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамыту, терроризм, экстремизм және есірткі саудасына қарсы күресті күшейту, сондай-ақ өңірдегі білім беру, мәдени және көші-қон бағдарламаларын нығайту. Бұл мүмкіндіктер Тәжікстанға ТМД аясында өз позициясын күшейтуге мүмкіндік бергенімен, оны жаһандық деңгейдегі ықпалды ойыншыға айналдырмайды.

Сариева Ботагөз Берікқызы