қаралымдар: 161 оқырман

ӨЗБЕКСТАННЫҢ ЖАҢА ГЕОСАЯСИ АРХИТЕКТУРАСЫ: 2025 ЖЫЛҒЫ КЕЛІСІМДЕРДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖЕМІСІ

Өзбекстан Республикасының сыртқы саясаты үшін 2025 жыл «стратегиялық серпіліс кезеңі» ретінде тарихта қалды. Егер бұған дейінгі жылдары Ташкент халықаралық аренада өзін жаңа қырынан танытуға күш салса, өткен жылы қол қойылған 100-ден астам халықаралық шарттар мен келісімдер елдің аймақтық көшбасшылық мәртебесін заңды тұрғыдан бекемдеп берді. Бүгінгі 2026 жылдың басында біз бұл құжаттардың жай ғана дипломатиялық хаттама емес, ел экономикасы мен қауіпсіздігінің жаңа тіректеріне айналғанын көріп отырмыз.

 

Қауіпсіздік архитектурасы: Ресей және аймақтық тепе-теңдік

Жыл басында-ақ Өзбекстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық тереңдей түсті. 22 қаңтардағы 2025 жылға арналған қорғаныс министрліктерінің жоспары және 2026–2030 жылдарға арналған стратегиялық серіктестік бағдарламасы, кейін 10 мамыр мен 5 желтоқсандағы іске асыру құжаттарымен толықтырылды. Бұл Ташкенттің Мәскеумен әскери-техникалық және қауіпсіздік саласындағы прагматикалық әріптестікті сақтап отырғанын білдіреді.

Аймақтық интеграция: Су мен шекара — басты басымдық

2025 жылы Өзбекстан «тату көршілік» қағидасын жаңа сапалық деңгейге шығарды. Наурыз айында Ходжандта өткен кездесуде Қырғызстан және Тәжікстанмен шекаралардың түйісу нүктесі туралы тарихи келісімге қол қойылды. Бұл аймақтағы тұрақтылықтың кепілі болды.

Ерекше маңызды құжат — қараша айында Қазақстанмен жасалған трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы келісім. 2026 жылдың басындағы су тапшылығы мәселелерін шешуде дәл осы 2025 жылғы келісім құқықтық негіз болып, аймақтық экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Еуропалық вектор және ДСҰ интеграциясы

2025 жылғы келісімдердің географиясы Өзбекстанның «көпвекторлы прагматизмін» айқын көрсетті.

Франциямен стратегиялық секіріс

12 наурызда Франция мен жасалған келісімдер пакеті (€6,5 млрд инвестициялық бағдарлама) ерекше назар аударады. Өзбек-Француз университетін құру, мамандар қозғалысы, мәдениет және AFD-пен ұзақ мерзімді бағдарлама – бұл тек экономикалық емес, институционалдық және білім беру трансферінің элементтері.

Бұл келісімдер Өзбекстанның Еуропамен технологиялық және білім беру байланыстарын тереңдету арқылы модернизациялық серпін алуға ұмтылысын көрсетеді.

Еуропалық Одақпен жаңа құқықтық база


24 қазанда Брюссельде Еуропалық Одақ пен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойылуы – 1996 жылғы ескі құжаттың орнын басқан сапалы өзгеріс.

Ал 15 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу аясындағы нарыққа қол жеткізу жөніндегі екіжақты хаттамаға қол қойылуы Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы-на кіру үдерісінің финалдық кезеңге жақындағанын білдіреді. Бұл 2026 жылға қарай мүшелікке нақты институционалдық негіз қалыптасқанын көрсетеді.

АҚШ-пен технологиялық және инвестициялық серпін

Қыркүйекте Нью-Йоркте АҚШ компанияларымен жасалған келісімдер – тау-кен өндірісі, қаржы, медицина, авиация, жасанды интеллект, биотехнология салаларын қамтыды.

Әсіресе Boeing компаниясынан 22 дана Boeing 787 Dreamliner ұшағын сатып алу туралы келісім – азаматтық авиация инфрақұрылымын жаңғыртудың стратегиялық қадамы.

Бұл келісімдер Өзбекстанның жаһандық капитал мен технология ағындарына интеграциялану ниетін айқын көрсетеді.

Азия бағыты: Қытай, Малайзия және Әзербайжан

1 қыркүйекте Қытай мен денсаулық сақтау саласындағы келісім – медициналық технология мен фармацевтикалық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.

Малайзиямен (5 ақпан) «халал» стандарттары, «ақылды қала», кеден және білім саласындағы келісімдер – исламдық экономикалық инфрақұрылымды дамыту мен цифрлық урбанистикаға басымдық берілгенін көрсетеді.

Әзербайжанмен (2 шілде) кедендік операторларды өзара тану және IMEI деректер алмасуы – цифрлық қауіпсіздік пен логистикалық сенімділікті арттыруға бағытталған.

Ауған бағыты: энергетикалық прагматизм

2025 жылы Ауғанстан мен екі ірі келісім жасалды:

– Тоти-Майдан газ кен орнын 25 жыл игеру;

– 2026 жылға электр энергиясын экспорттау.

Бұл құжаттар Өзбекстанның Ауғанстанға қатысты «қауіпсіздік арқылы экономикалық тұрақтандыру» стратегиясын жалғастырып отырғанын білдіреді. Энергетикалық экспорт – аймақтық тәуелділік тетігі және экономикалық ықпал құралы.

Қазақстанмен қатынастар: стратегиялық көршілестік

2025 жылы Қазақстан мен қатынастар бірнеше бағытта дамыды:

– қаржы секторындағы Halyk Bank–Click келісімі;

– $73,5 млн көлеміндегі азық-түлік экспорттық келісімдер;

– трансшекаралық су ресурстарын басқару туралы келісім.

Бұл экономикалық интеграция мен ресурстық үйлестірудің тереңдей түскенін көрсетеді.

Қорытынды


2025 жылғы халықаралық шарттар мен келісімдердің мазмұны Өзбекстанның сыртқы саяси моделінің үш басты ерекшелігін айқындады:

Көпвекторлы теңгерім – Ресеймен қауіпсіздік, Батыспен технология және капитал, Азиямен өндірістік және сауда ынтымақтастығы.

Геоэкономикалық прагматизм – инвестиция, экспорт, логистика және энергетикаға басымдық.

Институционалдық трансформация – ДСҰ-ға кіру, жаңа құқықтық база, университеттер мен ғылыми-инновациялық жобалар.

Осылайша, 2025 жыл Өзбекстан үшін тек келісімдер санының артуымен емес, олардың сапалық мазмұнымен ерекшеленді. Бұл кезең Ташкенттің аймақтық ойыншыдан жаһандық экономикалық жүйеге терең интеграцияланған мемлекетке айналу жолындағы маңызды қадамы ретінде бағалануы мүмкін.

 

 Апсаттарова Гулзада Абдусагатовна