қаралымдар: 258 оқырман

ТҮРІКМЕНСТАНДАҒЫ ДІНИ ЕРКІНДІККЕ ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫН МЕН ІШКІ АХУАЛ

Дін еркіндігі: адам құқықтарының ажырамас бөлігі. Еркіндік – ар-ұят, ақыл-парасат, мейір-махаббат, тәубе, уәдеде тұру, жауапкершілік секілді негізгі рухани қасиеттеріміздің ажырамас бір бөлігі. Дін дегеніміз – адамның рухани дамуының ажырамас тірегі. Діннің түпкі мақсаты – адамды кемелдендіру, рухани тәрбиелеу. Жақсылық пен рақым көрсетуді, бір нәрсені ең жақсы түрде істеуді, Аллаға шын жүректен, ықыласпен қызмет етуді білдіреді.

Дін еркіндігі – бұл адамның ар-ождан және сенім бостандығын білдіретін негізгі құқықтарының бірі. Бұл құқық әрбір адамға қандай да бір дінді ұстануға, дінін еркін жариялауға немесе ешқандай сенімді ұстанбауға мүмкіндік береді. Ол тек діни рәсімдермен шектелмейді, сонымен қатар дінге қатысты ой-пікір білдіру, уағыз айту, діни бірлестіктер құру және олармен еркін байланыста болу құқығын да қамтиды.

Орталық Азия елдеріндегі дін саясатының қалыптасуына ең алдымен Кеңес Одағы кезеңіндегі дінге қарсы идеология мен репрессиялық тәжірибе әсер етті. КСРО-да атеизм ресми идеология ретінде орнығып, дін қоғам өмірінен шеттетілді. Мешіттер мен шіркеулер жабылып, діни тұлғалар қуғынға ұшырады. Орталық Азиядағы көптеген діни институттар жойылып, дін – тек тұрмыстық деңгейде, жасырын түрде ғана сақталды.

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін бұл елдер жаңа рухани кеңістікке аяқ басты. Дінге деген қызығушылық артты, мешіттер мен медреселер ашыла бастады, шетелдік діни ұйымдар аймаққа келіп, белсенді қызмет жүргізді. Алайда, бұл үдеріс мемлекеттер тарапынан күдікпен және сақтықпен қабылданды. Билік діннің қоғамдық-саяси ықпалын шектеуге тырысып, оны бақылауда ұстау үшін арнайы заңдар мен құрылымдар құрды.

Орталық Азия биліктері, әдетте, діни радикализммен күресті алға тарта отырып, дін еркіндігін тежейтін саясат жүргізуде. Алайда бұл шектеулер кейде радикализмге қарсы күрестен гөрі, саяси режимдерді нығайтудың құралы ретінде қолданылып жатқандай әсер қалдырады. Дін мен мемлекет арасындағы қатынас – нәзік мәселе. Егер дін еркіндігі тым шектелсе, бұл азаматтардың негізгі құқықтарының бұзылуына, ал керісінше бақылаусыз қалса, діни фанатизмнің өршуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау – кез келген мемлекет үшін маңызды міндет.

Америка Құрама Штаттарының Халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясы (USCIRF) 2025 жылға арналған есебін жариялады. Негізгі тұжырымдардың бірі: діни бостандықтардың нашарлауы мен қуғын-сүргін – әлемдік үрдіс. Биыл «ерекше алаңдаушылық тудыратын» елдердің саны біреуге қысқарды. Бірақ «Арнайы бақылау тізіміне» енгізуге ұсынылған елдердің саны тура біреуге көбейді. Биыл тәртіп бұзушылар тобына Орталық Азияның барлық елдері қосылды. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан «Арнайы бақылау тізіміне» енді. Түрікменстан мен Тәжікстан бесінші жыл қатарынан «ерекше алаңдаушылық тудыратын» елдер тобына қосылды.

Америка Құрама Штаттарының Халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Мемлекеттік департаменттен бөлек, Америка Құрама Штаттары үкіметінің тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын кеңесші органы болып табылады. Конгресс екі жақты негізде құрған Комиссия дүниежүзінде діни бостандықтардың құрметтелуіне бақылау жасайды және Президентке, Мемлекеттік хатшыға және Конгресске саяси ұсыныстар жасайды.

Орталық Азия мемлекеттері ішінде «ерекше алаңдаушылық тудыратын» елдер қатарына кіретін Түрікменстанда діни сенім бостандығының жай-күйі өткен жылы әлемдегі ең нашар көрсеткіштердің бірі ретінде танылды.

Үкімет діни қызметкерлерді тағайындайды және діни тәжірибелердің орындалуын қатаң бақылайды, түрмеге, азаптауға және қысымға ұшыраған дәстүрлі емес діндердің ізбасарларын қудалайды. Мемлекеттің жабық сипатына байланысты діни сенім бостандығын бұзудың барлық жағдайларын құжаттау қиынға соғады және аз дереккөздерде айтылғаннан да көп бұзушылық фактілері бар екені анық. Үкімет ел ішінде және одан тыс жерлерде тәуелсіз діни топтардың қызметін қадағалайтын ақпарат берушілердің үлкен штабын ұстайды. Діни қылмыстар үшін айыпталушылар көбінесе жабық режимде сотталады және үкім ашық жарияланбайды. Сотталғандар түрмелерде жиі жоғалып кетеді, оларға сыртқы әлеммен байланысқа тыйым салынады. Ковидке қарсы шектеулердің енгізілуіне байланысты елдегі мешіттер келушілер үшін жабылды, бірақ бұл президенттің әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов қайтыс болғаннан кейін еске алу рәсімін өткізуге кедергі болмады. Оң жаңалық ретінде баяндамада 2021 жылдың мамыр айында үлкен Бердімұхамедовтің әскери қызметтен бас тартқан 16 Иегова куәгерлерінің барлығына кешірім жасағаны атап өтілді.

USCIRF АҚШ үкіметіне келесі ұсыныстарды береді: азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын өрескел және жүйелі түрде бұзуына байланысты Түрікменстанды «ерекше алаңдаушылық тудыратын елдер» санатында ұстау; дін бостандығын аса өрескел бұзғаны үшін елге көрсетілетін қауіпсіздікті қолдауды шектеу; азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын өрескел бұзуға жауапты үкіметтік ведомстволар мен лауазымды тұлғаларға қарсы мақсатты санкциялар енгізу, олардың АҚШ аумағына кіруін шектеу және активтерін бұғаттау; Түркіменстан үкіметін баламалы азаматтық қызметті енгізуге және саналы түрде бас тартушыларды (діни сенімдер бойынша әскери қызметтен бас тарту) қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақыру.

Орталық Азияда дін еркіндігіне қатысты түрлі бағыттар байқалса, Түрікменстан бұл тұрғыда өз алдына бөлек, қатаң бақылаудағы жүйені қалыптастырған. Елде діни ұйымдар мен сенім иелерінің еркіндігі шектеліп, мемлекет тарапынан толық бақылауға алынған. Халықаралық ұйымдар бірнеше жылдан бері Түрікменстанды "ерекше алаңдаушылық тудыратын" елдер қатарына қосып келеді. Бұл ахуал азаматтардың ар-ождан бостандығын шектеп қана қоймай, мемлекеттің сыртқы беделіне де көлеңке түсіріп отыр. Түрікмен билігінің бұл бағыттағы ұстанымы өзгермейінше, елдегі діни еркіндік те алға жылжымайтыны анық. Десе де, өзгеріс мүмкін — бірақ ол тек сыртқы қысыммен емес, ішкі қоғамдық сананың оянуымен жүзеге аспақ.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы