қаралымдар: 156 оқырман

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ БАСТЫ СЫН-ҚАТЕР

Орталық Азия аймағы үшін ХХІ ғасырдағы ең негізгі сын-қатер – климаттың өзгеруі. Аймақ үшін ірі ойыншылардың күресі, геосаяси тұрақсыздық, экономикалық қиындықтар, интеграциялық үрдістердің сылбырлығы сияқты сын-қатерлер тұрғанда климат өзгеруі қалай басты сын-қатер дерсіз!? Пікірімізді айғақтауға тырысайық.

2007 жылы-ақ БҰҰ климаттың өзгеруін «заманымыздың ең маңызды сын-қатері» деп таныған болатын. Орталық Азия аймағы климат өзгеруі мәселелеріндегі ең осал аймақ болып табылады. ХВҚ өңірдегі ауа температурасы соңғы отыз жылда Цельсий бойынша 1,5 градусқа көтерілгенін – дүниежүзілік орташа деңгейден екі есе жоғарылағанын хабарлады[1]. Аймақтағы климат өзгеруінің басты салдары – мұздықтардың еруі және жер үсті су ағындарының күрт азаюы болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) деректері бойынша, Орталық Азия елдері 2040 жылға қарай су тапшылығының жоғары немесе өте жоғары деңгейіне тап болады деп күтілуде. Өзіңіз елестетіп көріңізші, 15-ақ жылдан кейін алдымыздан шығатын сын-қатер. Ал бұл өз кезегінде аймақтың ең негізгі басымдығы ауыл шаруашылығына, ары қарай экономикалық дамуыға, тіпті аймақ халқының өсуі мен кемуіне тікелей әсер ететін фоктор. Әмудария мен Сырдария өзендеріндегі су деңгейі 2050 жылға қарай 15%-ға төмендейді[2]. Ал бұл екі өзен аймақ үшін негізгі күретамыр. Адамзат өркениетінің негізгі ошақтары бола білген, Хуанхэ мен Янцзы, Тигр мен Эфрат немесе Ніл өзендері қандай маңызды болса біздің қос дариямыз дәл содан бір мысқыл кем емес. Климат өзгерістерінен азайғанымен қоса, Әмудария суын Ауғанстан халқы арнайы жоба арқылы өз алқаптарына бұру жұмыстарын бастап жатқанын қосыңыз. Осы сын-қатерді қаперден шығарған жағдайда, бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған – геосаяси тұрақсыздықтар, экономикалық соғыстар одан ары шиеленісе түсері сөзсіз.

Орталық Азия аймағы адамзат баласы көп шоғырлануға қолайсыз аймақ ретінде түрлі саланың мамандарының пікірлерінде айтылып жүр. Caspian Policy Center (АҚШ) аға ғылыми қызметкері Эрик Руденшиолд өзінің кешенді зерттеуінде «Орталық Азияны құтқару кеш па?» деген сұрақты қоя отырып, Түрікменстан жақын болашақта адам тұруға жарамсыз болып қалуы мүмкін деген тұжырым жасайды[3]. Соған қарамастан Орталық Азия халқының саны 2024 жылы 82 млнға жақындады. 2050 жыл аймақта 100 млн тұрғын болады деп болжануда. Халық санының өсуі оның үстіне орта жас мөлшері 26,5 жас болуы қуантарлық жағдай болғанымен, осы халықты сумен қамту ең негізгі қиыншылық болмақ. Қазіргі 82 млнның үштен бірі, яғни аймақтың 27 млн тұрғыны, қазірдің өзінде қауіпсіз ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмайтын деңгейде.

Орталық Азияның мұраты – бірлік. Басты сын-қатерді тек бірлік арқылы ғана реттеуге, алдын-алуға болады. Бір қолдың бес саусағындай бес мемлекет бір болайық!


Жекенов Думан Құрманғазыұлы


[1] Climate Centre. IMF: Without adaptation Mideast and Central Asia face crippling losses from climate change

[2] The World Bank. Climate Change in Europe and Central Asia

[3] https://rus.azathabar.com/a/issledovanie-turkmenistan-mozhet-stat-neprigodnym-dlya-zhizni-v-blizhayshem-buduschem-/32761803.html