СЫРТҚЫ САЯСАТТЫҢ МЕДИАТИЗАЦИЯСЫ
Сыртқы саясаттың медиатизациясы цифрлық дәуірдің негізгі феномендерінің бірі. Ол халықаралық коммуникация тетіктерін де, мемлекеттердің сыртқы саяси стратегияларын қалыптастыру логикасын да түбегейлі өзгертуде. Цифрлық технологиялар, әлеуметтік желілер мен жаһандық платформалар ақпараттық ықпал етудің құралдарына айналып, халықаралық жүйеде символдық биліктің бөлінуіне әсер ететін маңызды фактор ретінде көрініс табуда. Өзара тәуелділіктің күшеюі және ақпарат ағынының жылдам көрініс табу жағдайында дипломатия желілік, интерактивті сипатқа ие болып, мемлекеттің халықаралық аренадағы тиімді орналасуы барған сайын өз нарративтерін қалыптастыру, бақылау және тарата білу қабілетіне тәуелді бола түсуде.
Қазіргі цифрлық революция саясаттың медиатизациясын түбегейлі күшейтіп, оны интерактивті және алгоритмдермен басқарылатын үдеріске айналдырды. Егер классикалық медиатизация дәстүрлі БАҚ-қа сүйеніп, олар мемлекет пен қоғам арасындағы делдал рөлін атқарса, қазіргі кезең платформалануымен ерекшеленеді: әлеуметтік желілер мен цифрлық экожүйелердің үстемдігі тек хабар таратумен шектелмей, саяси коммуникацияның өзіндік архитектурасын айқындайды. Алгоритмдік тетіктер тақырыптардың маңыздылық иерархиясын қалыптастырып, аудитория назарын басқарып, халықаралық оқиғаларды қабылдаудың эмоциялық контурларын анықтайды. Бұл платформалар сыртқы саяси мәлімдемелердің, дағдарыстық коммуникациялардың және символдық әрекеттердің аренасына айналып, дипломатия жаһандық аудиториямен перформативті өзара іс-қимыл формасына ие болады.
Цифрлық платформалардың алгоритмдік логикасы назар мен интерфейс арқылы биліктің жаңа формаларын қалыптастырады. Ең кең таралатын контент мемлекеттің басымдықтары мен ұстанымдары туралы түсініктерді қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, медиатизация «екінші басқару» құралына айналады. Яғни, тікелей дипломатиялық арналар арқылы емес, интерпретациялар мен символдар ағындарын бақылау арқылы ықпал ету. Сыртқы саяси белсенділік барған сайын басқарылатын цифрлық науқандар арқылы жүзеге асырылып, мұнда визуалды форматтар, сторителлинг және меметизация шешуші мәнге ие болып жатыр.
Орталық Азияда, мысалы, сыртқы саясаттың медиатизациясы Telegram, Facebook және YouTube платформаларын цифрлық дипломатия құралдары ретінде белсенді қолдану арқылы көрініс табады. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Telegram және X платформаларын «жедел дипломатия» құралы ретінде пайдаланып, халықаралық келіссөздер мен өңірлік мәселелер бойынша елдің ұстанымдары туралы жедел ақпарат таратады (Izzatullaevich, 2024). Бұл платформалар мемлекеттің ашықтығы мен заманауилығын көрсетуге мүмкіндік беріп, сонымен қатар, әрбір жариялым дипломатиялық протоколға сай мұқият келісілетін «бақыланатын жариялылықты» қалыптастырады.
Осылайша, саяси коммуникацияның медиатизациясы тек ақпарат тарату үдерісі ғана емес, сонымен қатар шешім қабылдауға және қоғамдық кеңістіктің конфигурациясына ықпал ететін құрылымдық факторға айналуда.
Анарбаева Бағдат Бекболатқызы