қаралымдар: 384 оқырман

Түркіменстандағы 2024 жылдың қорытындысы: жетістіктер мен сын-қатерлер

2024 жыл Түркіменстан үшін оқиғалар мен өзгерістерге толы жыл болды. Ел экономикада, энергетикада және халықаралық қатынастарда белсенді дамуын жалғастырды, бірақ бірқатар сын-қатерлерге де тап болды. Негізгі жағымды және жағымсыз жақтарын қарастырайық.

Экономикалық өсу бойынша ең маңызды жетістіктердің бірі – «Түрікменстан TIF 2024» инвестициялық форумының өткізілуі болды. Бұл форумда энергетика, өнеркәсіп, көлік және жаңартылатын энергия көздері салаларында маңызды келісімдерге қол қойылды. Форумға 46 елден 1200-ден астам делегат қатысты, бұл шетелдік инвесторлардың өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетеді.

Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтарынан қараша айына дейін Түрікменстандағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар көлемі 18,3 миллиард манаттан асты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары.

Түрікменстан жаһандық энергетикалық нарықтағы позициясын нығайтып, газ өндіруді дамыту және Қытай, Иран және Еуропа елдеріне экспортты арттыру бағытында жұмыс жасады. Балкан уәлаятында жаңа электр станциясының құрылысы басталды, бұл энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірнеше жұмыстар жасалды. Солардың негізгілеріне тоқтала кететін болсақ:

2024 жылы Түркіменстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге күш салды. Негізгі келісімдерге, соның ішінде Әзірбайжанның Мемлекеттік Мұнай Компаниясымен (SOCAR) және Түркияның BOTAS компаниясымен табиғи газды жеткізу және транзитіне қатысты келісімдер жасалды.

Серхетабат-Тұрғынды теміржол көпірі мен ТАПИ газ құбыры сияқты инфрақұрылымдық жобалар аймақтық және жаһандық интеграцияны нығайтудағы негізгі қадамдарға айналды.

Шілде айында Түрікменстан мен Иран жылына 10 миллиард текше метр табиғи газды Иракқа жеткізу үшін 125 шақырымдық газ құбырының құрылысы туралы келісімге қол қойды.

Жыл бойы жүзеге асырылған маңызды жұмыстарға қарамастан, елде әлі де шешімі табылмаған мәселелер бар. Нақтылайтын болсақ, газ экспортына тәуелділік. Энергетикалық сектор экономиканың қозғаушы күші болып қала берсе де, ел әсіресе Қытайға табиғи газ экспорттауға қатты тәуелді. Газ бағасының ауытқуы немесе геосаяси жағдайдағы өзгерістер экономикалық тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, экономикалық дамуға қарамастан, елде халықтың өмір сүру деңгейіне қатысты мәселелер сақталуда. Инфляция және бірінші қажеттіліктегі тауарлардың қымбаттауы, кейбір аймақтарда су мен электр энергиясына қол жеткізу қиындықтары, бензин тапшылығы аясында азық-түлік бағасының өсуі, түрікмен фермерлері көкөністерді жылыту үшін ағаш отынын пайдалануға мәжбүр болды.

Елдегі биліктің назарын талап ететін тағы бір мәселе, экологиялық жағдайдың нашарлауы, климаттық өзгерістермен байланысты мәселелер. Климаттың өзгеруіне байланысты Түрікменстан құрғақшылық пен су тапшылығының артуына тап болды. Бұл әсіресе шөлді аймақтардағы ауыл шаруашылығына әсер етуде, сондықтан су ресурстарын сақтау және жаңа технологияларды енгізу шаралары қажет. Зерттеулерге сәйкес, Орталық Азия халқының үштен біріне жуығы (27 миллион адам) қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмайды. Аймақтағы температура әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам өсуде.

Жалпы алғанда, Түркіменстан үшін 2024 жыл экономикалық өсу, белсенді Инвестициялар және халықаралық байланыстардың кеңеюі жылы болды. Дегенмен, газ экспортына тәуелділік, әлеуметтік-экономикалық мәселелер және экологиялық тәуекелдер сияқты қиындықтар әлі де бар. Елдің одан әрі дамуы экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа технологияларды енгізуге байланысты. 2024 жылы Түркіменстанда әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктер де, елеулі сын-қатерлер де көрсетілді.

Менің ойымша, Түркіменстанға жаңартылатын энергия, цифрлық технологиялар және ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың баламалы салаларын белсенді дамыту қажет. Экономиканы әртараптандыру газ бағасының өзгеруіне осалдықты азайтуға көмектеседі және болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және экологиялық мәселелерді шешу, ішкі жағдайды да, елдің халықаралық имиджін де жақсарту маңызды.

Байсалбек Олжас Айтжанұлы