ТӘЖІКСТАН МЕН ҚЫТАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ КӨРІНІСІ
Соңғы онжылдықтарда Тәжікстан мен Қытай саяси, экономикалық және әскери салаларда тығыз қарым-қатынас орнатуда. Қытай Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтіп, инвестициялар, инфрақұрылымдық жобалар және қауіпсіздік тетіктері арқылы өз позициясын нығайтуда.
Қытай Тәжікстандағы өз позициясын нығайту үшін «жұмсақ күш» стратегиясын белсенді қолдануда. Соңғы жылдары Қытайдың мәдени ықпалы айтарлықтай артып, білім алмасу, тілдік бағдарламалар және мәдени бастамалар арқылы күшейе түсті.
2008 жылы Тәжікстандағы Тәжік ұлттық университетінде алғашқы Конфуций институты ашылса, 2013 жылы екінші институт Ходжент қаласында құрылды. 2024 жылы Қытай университеттерінде оқитын тәжік студенттерінің саны 3000-ден асты. Қытай сонымен қатар білім беру бағдарламаларын қаржыландырып, Тәжікстанда қытай тілін үйренетін азаматтардың санын көбейтуде. Алайда бұл үрдіс пікірталас тудырады. Бір жағынан, жастар сапалы білім мен жұмысқа орналасу мүмкіндігін алады. Екінші жағынан, Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалы тәжік ұлттық бірегейлігін әлсіретіп, елдің Қытайға тәуелділігін күшейтуі мүмкін.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық Тәжікстанның Қытай инвестицияларына едәуір тәуелділігімен көрініс табуда. Қытайлық компаниялар алтын, күміс, мырыш және уран сияқты пайдалы қазбаларды өндіру жобаларына белсенді қатысуда. Мысалы, 2007 жылы қытайлық Zijin Mining Group компаниясы Тәжікстандағы ең ірі «Зарафшан» алтын кен орнының бақылау пакетін сатып алды. Ал 2018 жылы Tibet Huayu Mining компаниясы Соғды облысындағы Кумарг күміс кен орнын игеру үшін 200 миллион долларлық келісім жасады. Бұл жобалар пайдалы қазбалардың экспортын арттырып отыр.
Қытай инфрақұрылымды дамытуда да маңызы зор. 2011 жылы Тәжікстан даулы шекаралық аймақта Қытайға 1100 шаршы шақырым жерді беріп, орнына ірі экономикалық инвестициялар алды. 2016 жылы елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын маңызды көлік дәлізі саналатын 5,2 шақырымдық Шахристан туннелі аяқталды. 2020 жылы Қытай Душанбе-Күляб бағытындағы стратегиялық жолды жаңғыртуды аяқтап, елдің логистикалық желісін нығайтты.
Алайда Тәжікстанның Қытай алдындағы қарызы тым үлкен болып табылады. 2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, Тәжікстанның Қытайға қарызы 900 миллион доллардан асып, елдің жалпы сыртқы қарызының шамамен 40%-ын құрады.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық аймақтық қауіптермен қатар, Қытайдың инвестицияларын қорғау мүдделеріне байланысты. Ауғанстандағы тұрақсыздық жағдайына байланысты, Қытай Тәжікстандағы әскери қатысуын арттырып келеді. Қытайдың Тәжікстандағы әскери қызметкерлері туралы алғашқы хабарламалар 2016 жылы пайда болды. 2019 жылы спутниктік суреттер Қытайдың Ауғанстан шекарасына жақын Вахан дәлізінде әскери базасының бар екенін растады. Ресми түрде Қытай бұл базаның бар екенін мойындамайды. Сырттан енетін террорлық топтарға жол бермеуге және «Бір белдеу - бір жол» жобасы аясындағы инфрақұрылымдық нысандарын қорғау мақсатында әскери қызметкерлерінің болуы Қытайдың стратегиялық мүдделерін көрсетеді. Алайда Қытайдың әскери қатысуының күшеюі Тәжікстанның қорғаныс және сыртқы саясаттағы егемендігін шектеуі мүмкін.
Тәжікстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар өзара тәуелділіктің күрделі құрылымын білдіреді. Бір жағынан, Тәжікстан ірі инвестицияларды, білім беру мүмкіндіктерін және қауіпсіздік саласындағы қолдауды алады. Екінші жағынан, Қытайға экономикалық және әскери тәуелділіктің артуы елдің ұзақ мерзімді егемендігіне қауіп төндіреді. Сол себепті, көпжақты дипломатиялық стратегияны дамыту, инвестиция көздерін әртараптандыру және негізгі экономикалық салаларда бақылауды сақтау маңызды.
Сариева Ботагөз Берікқызы