ТӘЖІКСТАНДА ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ ӨСЕДІ
Соңғы жылдары Тәжікстанда халықтың сатып алу қабілеті едәуір төмендеп, экономикалық теңсіздік пен инфляция мәселелері өзекті сипат алды. Әлеуметтік төлемдердің жеткіліксіздігі мен төмен жалақы экономикалық өсудің баяулауына және халықтың әл-ауқатының төмендеуіне ықпал етті. Осыған байланысты, 2025 жылдың 8 ақпанында Тәжікстан мемлекет басшысы жалақы мен әлеуметтік төлемдерді арттыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл реформа елдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында қабылданған маңызды қадам болып табылады. Алайда, бұл өзгерістердің экономикалық тиімділігі мен ұзақ мерзімді салдары қандай болмақ?
Тәжікстан Республикасы Орталық Азиядағы ең төмен жалақы деңгейіне ие мемлекеттердің бірі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, орташа айлық жалақы 1 800-2 000 сомони (шамамен 160-180 АҚШ доллары) деңгейінде болды. Салыстыру үшін, Қазақстандағы орташа жалақы 340 000 теңгені (шамамен 730 АҚШ доллары), Қырғызстанда – 28 000 сомды (шамамен 315 АҚШ доллары), Өзбекстанда – 4 500 000 сумды (шамамен 370 АҚШ доллары), ал Түрікменстанда – 2 000 манатты (шамамен 570 АҚШ доллары) құрады. Бұл көрсеткіштер Тәжікстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің әлі де болса төмен екенін көрсетеді.
Жарлық аясында 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап келесі өзгерістер жүзеге асырылады:
Ең төменгі жалақы 1000 сомони деңгейінде белгіленеді.
Білім беру мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 30%-ға, әлеуметтік, мәдени және медициналық мекемелер қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға артады.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін базалық есептік жалақы 744 сомони мөлшерінде белгіленеді.
Студенттердің стипендиясы 20%-ға артады.
Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға өседі.
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10%-ға индекстеледі.Жалақы мен әлеуметтік төлемдердің артуы азаматтардың сатып алу қабілетін күшейтуі мүмкін, бұл өз кезегінде ішкі тұтынудың өсуіне әкеледі.
Алайда, бұл реформаның тиімділігі бірнеше факторларға байланысты. Ең маңыздысы инфляция қаупінің туындауы, жалақы мен зейнетақының өсуі тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуін тудыруы мүмкін. Егер өндіріс пен ұсыныс көлемі артпаса, инфляция халықтың нақты табысын төмендетуі мүмкін.
Екінші ескеретін фактор – ол бюджетке жүктеме. Яғни, мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі қаржы ресурстарының оңтайлы бөлінуін талап етеді. Бұл өзгерістердің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін салық саясаты мен экономикалық өсімді қолдауға бағытталған шаралар қажет. Бұл шараларды жарлықтың күшіне енуіне қарай, атап айтқанда 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұйымдастыру қажет.
Әлеуметтік әділдік және табыс теңсіздігі өз кезегінде экономикалық реформалардың кешенді болуын талап етеді. Өйткені, мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы артқанымен, жеке сектордағы қызметкерлердің табысына әсер етуі белгісіз. Мұндай өзгерістер мемлекеттік сектордың тартымдылығын арттырып, жеке сектордағы мамандардың мемлекеттік қызметке ауысуына әкелуі мүмкін. Бұл жеке кәсіпкерлік пен инновацияның бәсеңдеуіне себеп болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, жалақы мен әлеуметтік төлемдердің артуы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үлкен қадам. Алайда, реформаның ұзақ мерзімді тиімділігі мемлекеттік саясаттың кешенді түрде жүзеге асырылуына байланысты. Мемлекет инфляцияны бақылау, салықтық реформаларды жүргізу және жеке секторды қолдау шараларын қатар орындаса, бұл өзгерістер экономикалық тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді. Егер тек номиналды жалақы көтеріліп, жүйелі өзгерістер енгізілмесе, халықтың нақты табысы артпай, реформа қысқа мерзімді ғана нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан, үкіметтің бұл шараларды тиімді іске асыруы елдің болашақ экономикалық дамуына шешуші әсер етеді.
Сариева Ботагөз Берікқызы