қаралымдар: 634 оқырман

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ: ПРОБЛЕМАЛАР, ПЕРСПЕКТИВАЛАР ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Ғаламдық цифрландыру жағдайында электрондық үкімет пен цифрлық қызметтерді дамыту ұлттық экономикалардың тұрақты өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ажырамас бөлігіне айналуда. Орталық Азия елдері үшін цифрлық трансформация мемлекеттік басқару және экономикалық үдерістерді жаңғыртудың маңызды тетігі болып табылады. Негізгі цифрлық инфрақұрылымның болғанына қарамастан, Тәжікстан бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша төмен нәтижелер көрсетіп отыр. Бұл жағдай кешенді көзқарасты және халықаралық ынтымақтастықты жандандыруды талап етеді.

БҰҰ-ның 2024 жылғы Электрондық үкіметті дамыту индексіне (EGDI) сәйкес, Тәжікстан 193 елдің ішінде 123-орында тұр және индекс мәні – 0,56. Бұл әлемдік орташа деңгейден (0,64) айтарлықтай төмен. Бұл Орталық Азия елдері ішіндегі ең төменгі көрсеткіш:

Аталған алшақтық Тәжікстанның цифрландыру саласындағы артта қалуын және электрондық басқарудың негізгі компоненттерінің әлсіз дамуын көрсетеді.

Азия даму банкінің шолуына сәйкес, Тәжікстандағы цифрлық трансформацияны бірқатар құрылымдық факторлар тежейді. 2023 жылы үй шаруашылықтарының тек 40,8%-ы ғана үй интернетіне қол жеткізе алған. Ал 2025 жылғы ақпанда тіркелген интернеттің орташа жылдамдығы 33,77 Мбит/с болды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (98,3 Мбит/с) едәуір төмен. Мобильді интернет жылдамдығы бойынша ел 143 елдің ішінде 139-орында тұр.

Сонымен қатар, интернет қызметтерінің жоғары құны сақталып отыр. Global Relocate деректеріне сәйкес, 2024 жылы Тәжікстан 1 ГБ мобильді интернет құны бойынша 238 ел мен аумақтың ішінде 142-орынға жайғасты.

Жоғары тарифтер, төмен жылдамдық және әлсіз инфрақұрылым цифрлық қызметтерді кеңінен пайдалануға кедергі келтіреді. Сонымен бірге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылға арналған бірыңғай цифрлық платформаның жоқтығы да үлкен шектеу болып отыр.

Тәжікстан үкіметі цифрландыруды ұлттық дамудың стратегиялық бағытына айналдыру бағытында бірқатар қадамдар жасауда. Негізгі бастамалар қатарында – «Цифрлық экономика тұжырымдамасы» (2019), «Цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама» (2021–2025), «Жасанды интеллектті дамыту стратегиясы» (2040 жылға дейін), сондай-ақ «Электрондық сауданы дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама» (2025–2029 жж.) бар. 2024 жылғы желтоқсанда Президент 2025–2030 жылдарды цифрлық экономика мен инновациялар кезеңі деп жариялады. Сол жылы Президент жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі өз жұмысын бастады.

Тәжікстандағы цифрлық дамуға халықаралық ынтымақтастық, әсіресе Қазақстанның Халықаралық даму агенттігі (KazAID) аясындағы бағдарламалар айтарлықтай үлес қосуда. Іске асырылған бастамалар қатарына мыналар жатады:

- «Tech Orda» бағдарламасы арқылы 100 IT-маманды оқытуға арналған ваучерлерді беру (2024 ж.);

- eGov жүйесіне арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді табыстау (2023 ж.);

- Тәжікстанның «Достық: Цифрландыру», «Авиценна: Денсаулық сақтау» және «Достық: Дипломатия» бағдарламаларына қатысуы;

- Тәжік мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары үшін семинарлар өткізу;

- 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар: трансшекаралық сулар бойынша форум, цифрландыру және медицина салаларындағы бағдарламаларды жалғастыру.

KazAID басқарма төрағасы Аркен Арыстановтың айтуынша, Қазақстандағы eGov мысалында «бір терезе» қағидатын енгізу мемлекеттік қызметтерді алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Цифрлық трансформацияны тиімді жүзеге асыру үшін Тәжікстан цифрлық инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғыртуға инвестиция салуы, интернет қызметтері құнын төмендету үшін нарықты либерализациялауы, IT-кадрларды дайындауды күшейтуі және цифрлық кәсіпкерлікті дамытуы қажет. Цифрлық платформаларды енгізу мен ведомствоаралық үйлестіруді арттыру азаматтармен өзара іс-қимылды жақсартады. KazAID секілді халықаралық әріптестер тарапынан көрсетілетін қолдау – үздік тәжірибелер мен технологияларды бейімдеуде шешуші рөл атқарады.

Тәжікстандағы цифрлық трансформация интернет жылдамдығының төмендігі мен институционалдық шектеулер сияқты елеулі қиындықтармен қатар жүруде. Алайда саяси ерік-жігердің, стратегиялық құжаттардың және KazAID сияқты халықаралық серіктестердің қатысуының арқасында цифрлық алшақтықты еңсеруге нақты мүмкіндік бар. Цифрлық шешімдерді тиімді дамыту елдің экономикалық тұрақты өсуіне және халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал ете алады.

Cариева Ботагөз Берікқызы