Тәжікстанның 2024 жылғы жетістіктері
2024 жыл Тәжікстан үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың, халықаралық ынтымақтастықтың және инфрақұрылымдық жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Жыл бойы елде жүзеге асырылған бастамалар мен жобалар болашаққа бағытталған тұрақты дамудың негізін қалады.
Экономикалық өсім көрсеткіштері ерекше назар аудартады. Елдің ішкі жалпы өнімі 150 миллиард сомониден асып, бұл 13,7 миллиард АҚШ долларына тең. Өсім қарқыны 8,4%-ды құрап, Тәжікстанның инвестициялық саясатының тиімділігін дәлелдеді. Ауыл шаруашылығы секторының да үлесі зор болды: өнім көлемі 52,2 миллиард сомониге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,4%-ға артты. Бұл елдің аграрлық секторын дамыту бойынша қолданған жаңа әдістерінің нәтижесін көрсетті.
Халықаралық сауда саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ресеймен сауда айналымы 1,2 миллиард АҚШ долларынан асып, 14%-ға артты. Қазақстанмен сауда көлемі 20%-ға өсіп, 777 миллион долларды құрады. Ал Швейцариямен экономикалық серіктестік ерекше жоғары нәтиже беріп, екі ел арасындағы сауда айналымы 641 миллион АҚШ долларына жетіп, 110 есеге артты.
Инфрақұрылымды дамыту – елдің стратегиялық мақсаттарының бірі. 2024 жылы «Бохтар – Левакант – Дангара» автожолының құрылысы аяқталып, «Дангара – Гулистон» және «Гулистон – Фархор» бағыттарында жаңа жолдар салу жұмыстары басталды. Жалпы ұзындығы 155 шақырым жол, 20 көпір және үш тоннель салынды. Бұл жобалар елдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, аймақтардың экономикалық және әлеуметтік байланыстарын күшейтуге мүмкіндік берді.
Халықаралық аренада Тәжікстан да маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Қырғызстанмен шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері бойынша көпжылдық келіссөздердің аяқталуы екі ел арасындағы тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, ҰҚШҰ тарапынан тәжік-ауған шекарасын нығайтуға арналған арнайы бағдарлама қабылданды. «Хорасан Ислам мемлекеті» және «Ансаруллах» сияқты радикалды топтардан төнетін қауіп-қатерлердің артуы аясында бұл бастама тек Тәжікстан үшін ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігі үшін стратегиялық рөл атқарады.
2024 жылдың маңызды саяси оқиғаларының бірі Эмомали Рахмонның Душанбедегі Халықтық-демократиялық партияның 15-съезінде партия төрағасы ретінде қайта сайлануы болды. Бұл шешім елдегі саяси тұрақтылықтың және халықтың басшылыққа деген сенімінің жоғары деңгейін көрсетті.
Қорыта айтқанда, 2024 жыл Тәжікстанның аймақтық және халықаралық деңгейдегі орнын нығайтып, тұрақты дамудың жаңа кезеңін бастады. Экономиканың өсуі, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық серіктестік елдің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Сариева Ботагөз Берікқызы