қаралымдар: 124 оқырман

ҚЫРҒЫЗСТАН-ӨЗБЕКСТАН-ТӘЖІКСТАН: СЕРІКТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

Орталық Азия елдерінің арасында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан шекара мәселелері соңғы уақытта нәтижелі жаңалықтармен қуантуда. 2024 жылы Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекара шешілсе, 2025 жылдың 21 ақпанында Бішкек қаласындағы екі елдің үкіметтік делегацияларының кездесуі барысында Қырғызстан мен Тәжікстан тарихи келісімге келді. Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев және Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы қорытынды хаттамаға қол қойды. Әлемдегі алып ойыншылар көз тігіп отырған Орталық Азия аймағының бірігуіне бұл маңызды қадамдар қалай әсер етпек? Әрине, елдер арасындағы саяси, экономикалық байланысты нығайтып, екі жақты қарым-қатынастың дамуына серпін беруін күтеміз. Себебі Орталық Азия елдері арасындағы шекараларды анықтау аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі факторы болып табылады.

Қырғыз Республикасындағы Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев жыл басындағы (31 қаңтар, 2025 жыл) сұхбатында екі елдің арасындағы қарым-қатынастың қазіргі көрінісіне тоқталып, әр сала бойынша серіктестіктегі негізгі мәселелеріне шолу жасады. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын «ғасыр құрылысы» деп атап өтіп, екі елдің экономикалық қарым-қатынасының потенциалын жоғары бағалады. 2024–2025 жылдарға арналған кейбір келісімшарттар қазірдің өзінде қарқынды жүзеге асырылуда. Оның ішінде екі ірі инвестициялық жоба болды: құны 100 миллион доллардан асатын көмір логистикалық орталығы және 5 миллион долларлық шыны өндіру жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тәжікстанға келетін болсақ, 24 ақпан күні Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы Адылбек Қасымалиев пен Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Алайда, шекара мәселесінің шешілуі саяси маңызды қадам болғанымен, екі тараптан да әлі де ауқымды жұмысты талап ететінін байқаймыз. Қырғызстан тарапынан Тәжікстан және Өзбекстан шекарасында бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Ел қырғыз-тәжік және қырғыз-өзбек шекарасындағы кейбір өткізу пункттерінде көліктік бақылауды енгізуді көздеуде. Себебі, «Қайрагач-автодорожный», «Бор-Добо-автодорожный» (Тәжікстан), «Қызыл-Қия-автодорожный», «Қара-Багыш-автодорожный» және «Кең-Сай-автодорожный» (Өзбекстан) өткізу пункттерінде көліктік бақылау жүзеге асырылмайды. Аталған іс-әрекеттерді ең алдымен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажеттігімен түсіндіріледі.

Дегенмен, алдағы уақытта Қырғызстан-Өзбекстан-Тәжікстан қарым-қатынасының даму мүмкіншілігін жоғары бағалауға болады. Бұлай айтуымызды елдер тарапынан жасалынып жатқан келесі қадамдармен түсіндіре аламыз. Біріншіден, Қырғызстан футбол одағы (ҚФУ) Өзбекстан және Тәжікстан футбол қауымдастықтарымен бірлесіп, 2031 жылы футболдан Азия кубогын өткізуге Азия футбол конфедерациясына (АФК) алдын ала өтінім берді. Өтінім тапсырар алдында үш елдің футбол федерацияларының өкілдері турнирді өткізу мүмкіндігінің егжей-тегжейлерін талқылау үшін келіссөздер жүргізді. Толық іріктеу процесі бірнеше кезеңнен өтеді және қабылдаушы ел туралы соңғы шешімді АФК 2026 жылы қабылдайды. Екіншіден, 31 наурызда Тәжікстанның Худжанд қаласында Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерінің қатысуымен тұңғыш рет үшжақты саммит өтеді. Бұл туралы 24 ақпанда Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 58-сессиясында сөйлеген сөзінде Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов мәлім етті.

Қорыта айтсақ, Орталық Азияның бірлігі үшін аймақ елдерінің бір-бірімен қарым-қатынасының берік болуы негізгі алғышарт екені анық.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы