қаралымдар: 139 оқырман

ҚЫРҒЫЗСТАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН БІРІГІП СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫН САЛАДЫ

Ақпан айының 24 күні Қырғыз Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев Астана қаласына алғаш ресми іссапармен келді. Іссапар барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесіп, шектеулі және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Көршілес елдердің екі-жақты қарым-қатынасы стратегиялық жоғарғы маңызға ие екені анық. Екі тарап Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы туралы пікір алмасты. Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысын және өңіраралық форумның екінші отырысын өткізу, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспарына қол қою мәселелері басты назарға алынды. Сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, су-энергетика, туризм, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, агроөнеркәсіп салалары бойынша іске асырылып жатқан жұмыстарды талқылап, аталған бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту қадамдары туралы сөз қозғалды.

Сонымен қатар, Қырғызстан Премьер-Министрі Адылбек Қасымалиев Ұлттық ғарыш орталығы мен Цифрлық үкімет кеңсесінде болды. Қазақстандық тарап ғарыш саласындағы әзірлемелерді және мемлекеттік басқару үшін цифрлық шешімдерді ұсынды. Мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллектті қолдану бойынша тәжірибе алмасу өтті. Қазақстан ресурстарды басқару және төтенше жағдайларды жою үшін ғарыштық мониторинг технологияларымен бөлісті. «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық ғарыш орталығы қазақстандық мамандардың Жерді қашықтықтан зондтау және ғарыштық мониторинг саласындағы әзірлемелері тәжірибесін қырғыз делегациясына таныстырды.

Кездесудің негізгі қорытындысы екі елдің энергетика министрліктері арасындағы келісімге қол қою болды. Көршілес елдер Қырғызстанда шағын су электр станцияларын бірлесіп салуға келісті. Бұл жоспар Орталық Азия аймағындағы энергетиканы дамыту туралы ауқымды идеяның бір бөлігі болып табылады. Осы тұста қосып кететін ақпарат, Қазақстанда энергияның 55 пайызы бұрынғысынша экологиялық таза емес көмір зауыттарында өндіріледі. Екінші орында 28% үлеспен газ, ал үшінші орында су энергетикасы – 9,1%.

Жалпы ақпан айының соңы қырғыз-қазақ қарым-қатынастары үшін нәтижелі кездесулермен есте қалды. Оны дәлелдейтін тағы бір кездесу, 26 ақпан күні Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Жеңішбек Асанқұлов пен Қазақстан Республикасының Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен өткен кездесу. Екі тарап Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы мен Қазақстан Республикасының Алматы облысы арасындағы екіжақты аймақаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты. Бас консул Жеңішбек Асанқұлов Алматы облысымен өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен кәсіпорындар құру және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ынтымақтастықтың басым бағыттары агроөнеркәсіптік сектор, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, туризм және білім беру болып табылады.

Қазіргі таңдағы қазақ-қырғыз қатынастарының жай-күйіне тоқталатын болсақ, екі ел Еуразиялық Экономикалық Одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты интеграциялық құрылымдар аясында белсенді ынтымақтасады. Қырғызстан тарапынан қарастыратын болсақ, Қазақстан елдің негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Соңғы уақытта елдер арасындағы тауар айналымының өсуін байқаймыз. Мәселен, 2024 жылы тауар айналымының көлемі 1 миллиард 340 миллион долларды құрады. Аталған жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстандық компаниялар Қырғызстан экономикасына 49 миллион долларға жуық инвестиция салды. Ал, Қазақстан үшін Қырғызстан су ресурстарын бөлуде, жеңіл өнеркәсіп саласында маңызды серіктес болып табылады.

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы