қаралымдар: 453 оқырман

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫ

Қазіргі таңда елдің экономикалық деңгейін көрсететін факторлардың бірі – мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызының көлемі. Дегенмен, сыртқы қарыздың көп болуы, экономиканың әлсіздігінің көрсеткіші болмауы мүмкін. Оған дәлел ретінде АҚШ экономикасын алып қарасақ болады.

Орталық Азиялық мемлекет Қырғызстанның экономикасына көз жүгіртетін болсақ, күннен күнге елдің сыртқы және ішкі қарызының өсімін байқаймыз. Бұл нені білдіруі мүмкін? Дүниежүзілік банктің ресми ақпараттарына сүйенсек 2024 жылдың бірінші кварталында елдің сыртқы қарызы 10 561 млн долларды құраған. 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 9 845 млн доллар, яғни бір жылда қарыз деңгейі айтарлықтай өскен. Ел президенті Садыр Жапаров 2020 жылға дейін билік сыртқы қарыздан қауіптеніп келгенін айтты. Алайда, қазіргі таңда елдегі қаржылық жағдай айтарлықтай жақсарғанын баяндап, келесі көрсеткіштермен бөлісті. 2020 жылы бюджет шамамен 250 миллиард сом болса, ал қазір бюджет 700 миллиард сомға жетіп, жалпы ішкі өнім 1,5 триллионнан асты. Алтын-валюта қоры да 2 доллардан 6 миллиард долларға дейін өсті. Сондай-ақ бүгінгі күні Ұлттық банкте 60 тонна алтын жинақталған болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 16 тонна ғана болған.

Қырғызстанның екіжақты жеңілдікті несиелер бойынша қарыз мемлекеттер: Қытайдың Экспорт-импорт банкі – 139,6 млрд сом (1,66 млрд доллар); Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) – 12,6 млрд сом (149,95 млн доллар); Сауд Арабиясының Даму Қоры – 5,7 миллиард сом (67,73 миллион доллар); KfW Bank (Германия) – 5,4 млрд сом (64,53 млн доллар); Түркия үкіметі – 5,2 миллиард сом (62,35 миллион доллар); Кувейт Араб экономикалық даму қоры (KFAED) – 891,1 млн сом (10,58 млн доллар); Кореяның Экспорт-импорт банкі – 873,3 млн сом (10,37 млн доллар); Абу-Даби Даму қоры (БАӘ) – 574,5 миллион сом (6,82 миллион доллар); Франция банкі – 319,5 миллион сом (3,8 миллион доллар).

Ал, ішкі қарызға келетін болсақ, 2025 жылдың 6 ақпанында Қырғыз Республикасының қаржы министрі Алмаз Бакетаев ресми берген сұхбатында қазіргі жай-күйі туралы жан-жақты ақпаратпен бөліскен болатын. Ішкі қарыз – бұл мемлекеттің өз азаматтарынан, жергілікті компаниялардан және банктерден қарыз алуы. Яғни, қаржыны басқа елдерден емес, өз экономикасының ішінен алады.

2024 жылдың соңында Қырғыз Республикасының мемлекеттік ішкі қарызы 178 миллиард 760 миллион сомға жетті, бұл елдің жалпы мемлекеттік қарызының 31,3% құрайды. Қырғыз Республикасының ішкі қарызының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,74%. Ішкі қарыз 2017 жылдан бастап айтарлықтай өсе бастады, 31 миллиард 27 миллион сомнан 0аз3рг3 таңда 178 миллиард 760 миллионға дейін жетті. Қаржы министрі Қырғызстан үшін ең тиімді нұсқа сыртқы қарыздан қарағанда ішкі қарызды ұлғайту екенін айтып, бірнеше себебімен бөлісті:

  1. Валюталық тәуекелдің болмауы, яғни ішкі қарыз ұлттық валютада көрсетіледі;
  2. Ұлттық кәсіпкерлікті қолдау, ішкі қарыз корлары ішкі анрықты дамытуға бағытталады;
  3. Ішкі қарыздарды тарту процесі ұзақ келіссөздер мен мақұлдауды қажет ететін сыртқыға қарағанда әлдеқайда қарапайым және жылдамырақ;
  4. Төлем балансын нығайту. Ішкі қарызға қызмет көрсету ұлттық валютада жүзеге асырылады.

Салыстырмалы түрде, әрине ішкі қарыз ел экономикасы үшін қауіпсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда, егер оның өсу қарқынын қадағалай алмай қалу, елдің экономикасына ғана емес, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.

Қорыта келе, Орталық Азия елдерінің ішінде құндық көрсеткіш бойынша Қазақстан ең жоғары мемлекеттік қарызға ие, ал ЖІӨ-ге қатысты ең жоғары мемлекеттік қарыз Қырғызстанға тиесілі. Мемлекет басшысы Садыр Жапаров 2035 жылға дейін толықтай елдің сыртқы қарызын өтеуді жоспарлауда. Елдің негізгі сауда серіктестерінің бірі Қытайдан келіп жатқан үздіксіз инвестициялық-қаржылық ағымды ескерсек, бұл мақсат қаншалықты мүмкін екенін болжау қиын.  

Мухаметжан Ақбота Ерлікқызы